Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 20 минут бұрын)
Енді акимат қызметкерлері Отбасы банкпен бірге пәтерлерді тексеруге кіріседі

Енді елімізде жалдама тұрғын үйге мемлекеттік субсидия алатындарды тексеру жиілей түспек. 12 шілдеден бастап акимат қызметкерлері мен Отбасы банк өкілдері азаматтардың шынымен де жалдама пәтерде тұратынын анықтау үшін жұмыла кіріседі. Бұл шара әсіресе, әлеуметтік жағынан осал топтарға бағытталған.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кімдерді тексереді?

Жаңа ережелер мемлекеттен тұрғын үй жалдау құнының 50%-ын өтеу түрінде көмек алатын азаматтарға қатысты. Бұған көпбалалы отбасылар, жетім балалар, I және II топтағы мүгедектер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар кіреді. Бұл көмекті алудың басты шарты – отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа айлық табыстың ең төменгі күнкөріс деңгейінен (2026 жылы 50 851 теңге) аспауы тиіс.

Тексеру қалай жүреді?

Бұған дейін де тұрғын үйді нақты пайдалану бойынша мониторинг жүргізілгенімен, енді акимат қызметкерлерінің келуі жүйелі, тұрақты және нақты уақыт режимінде жүзеге асады. Отбасы банк пен министрлік цифрлық деректермен алмасып отырады. Бұл шараның мақсаты – мемлекеттік көмекті заңсыз, жалған жолмен алуды тоқтату. Яғни, тек қағаз жүзінде ғана тіркеліп, бюджет қаражатын жымқыруға бағытталған әрекеттердің жолын кесу.

Қарапайым азаматтар алаңдамаса да болады

Егер сіз мемлекеттен субсидия алмай, өзіңіз жалдап немесе жалдап отырған болсаңыз, алаңдаудың қажеті жоқ. Ешкім сіздің үйіңізге күштеп кірмейді. Конституциялық құқық сақталады, барлық тексеру заң аясында, ешқандай мәжбүрлеусіз өтеді.

Еске сала кетейік

Бұл – биліктің жылжымайтын мүлік нарығын реттеуге бағытталған алғашқы шара емес. Бұған дейін Отбасы банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова бірнеше пәтерді жаппай сатып алып, кейін жалға немесе қайта сатуды мақсат ететін тұлғаларға салықты көбейтуді ұсынған болатын. Сондай-ақ, жылжымайтын мүлік сатып алуда қолма-қол ақша айналымын толықтай тыйып, келісімшарттағы бағаны төмендетіп, салықтан жалтарған алаяқтардың схемаларын жою ұсынылды.

Жалға алу құны қымбаттауы мүмкін

Бірнеше пәтер иелеріне қосымша салық енгізу қарапайым азаматтардың қалтасына салмақ салуы ықтимал. Себебі, жалдаушылар бұл шығындарды жалға алушыларға аударып, ай сайынғы төлемді көтеруі мүмкін.

Жаңалықтар

Жарнама