Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 30 минут бұрын)
Авиажолаушыларға жеңілдік: Енді билеттердегі қателерді түзету тегін болады

Енді Қазақстанда әуежайлардағы жеке мәліметтерді түзету қызметі үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Астана қаласының көлік прокуратурасының бастамасымен енгізілген жаңа ережелер 2026 жылдың басынан бастап қолданысқа енді. Бұл өзгеріс жолаушылардың билеттеріндегі аты-жөні, тегі немесе әкесінің атындағы екі әріпке дейінгі қателерді тегін түзетуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін мұндай кішігірім қателер көбінесе тіркеу кезінде қосымша төлемдерге немесе айыппұлдарға әкеліп соғатын. Алайда, бұл қателер жолаушыны анықтауға кедергі келтірмеген.

Бұл өзгерістерге азаматтардың түскен шағымдары себеп болды. Прокуратураның мәліметінше, 2025 жылы Qazaq Air әуекомпаниясы (қазіргі Vietjet Qazaqstan брендімен жұмыс істейді) 3 815 жолаушының деректерін өзгерткен. Көбінесе бұл екі әріптен аспайтын кәдімгі қателер болған.

Астана қаласының авиациялық көлік прокуратурасы мен әуе тасымалдаушы басшылығының кездесуінен кейін жаңа тәртіп енгізілді. Енді мұндай түзетулер тегін атқарылады.

Прокуратура бұл шешімнің ұшу алдындағы жанжалды жағдайларды азайтуға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

«2026 жылдың басынан бастап Аты-жөніндегі екі әріпке дейінгі қателерді тегін түзетудің жаңа тәртібі енгізілді», - деп хабарлады ведомство.

Мамандардың бағалауы бойынша, бұл шара жолаушылардың билеттерді онлайн сатып алу кезінде жиі кездесетін техникалық қателіктер үшін артық ақша төлемеуіне жағдай жасайды. Алайда, бұл өзгерістер тек елеусіз қателерге қатысты. Егер билеттегі мәліметтер айтарлықтай ерекшеленсе, оларды түзету бұрынғыдай әуекомпания ережелері бойынша қосымша тексерумен және ықтимал төлемдермен жүзеге асырылады.

Жаңалықтар

Жарнама