- 25 қар. 2021 00:00
- 201
Аяулы Ана - балладасы Әлемнің
«Аяулы ана - балладасы Әлемнің» атты 8 наурыз Халықаралық Әйелдер күніне арналған мерекелік кеш
Ақтөбе облысы Шалқар қаласы «№1 мектеп-гимназия» КММ
Ұйымдастырушы педагог, аға тәлімгер Құдайбергенова Ақтолқын Сағитжанқызы
Мунайтбасова Жулдыз Темирхановна
ФАНФАР.
І жүргізуші:
Қадірлейік қашанда өткен белді,
Арманына асығып жеткендерді,
Жаны нұрлы барша жан құттықтаймыз
Көктем келді далама көктем келді!...
ІІ жүргізуші:
Қалмайды мұндай күндер бір ескіріп,
Сөзден – жыр, тілден – тілек үлестіріп,
Қуан жұртым, көктем келеді қанатына,
Аналардың мерекесін ілестіріп!..
І жүргізуші:
Осы жандар – біздер үшін қырық бақ,
Табиғаттың барлық сыйын сұрыптап,
Өлең –жыр мен ән айтайық жігіттер,
Аналардың портретін ұлықтап!..
ІІ жүргізуші:
Асыл жандар, нәзік жандар – байқайық,
Мынау кештен мәре-сәре қайтайық,
Аналарға ақ тілекті ендеше,
Тек шынайы шын жүректен айтайық!?
І жүргізуші:
Құрметті Ұстаз - Аналар, ардақты да аяулы асыл жандар, қыр гүліндей жайнаған қызғалдақ ару қыздар! Сіздерді ізгілік пен мейірімнен, көктемнің жыр пейілінен; жылуы мол қуаттан, сәулесі мол шуақтан; өнегелі өркендіктен, әсемдік пен көркемдіктен бастау алған 8 наурыз Халықаралық аналар мерекесімен құттықтаймыз!
ІІ жүргізуші: Аналардың құдіретті қуаты - Алатаудай аспан – көкпен таласады, тіршілікке ұрпақ келтіруші, отбасының жүрегі, баланың бақыты, ұрпақтың тәрбиешісі, қамқоршысы, асыраушысы, жарық дүниенің жақсылықтарын жасаушы, адам баласына тек жақсылық ойлаушы жандарға қандай тілек айтсақ та жарасады!..
І жүргізуші: Бүгінгі «Аяулы ана - балладасы Әлемнің» атты мерекелік кештің құттықтау сөзі мектебіміздің директоры Оңғаров Мұхтар Досбергенұлына беріледі.
ІІ жүргізуші:
Қыздар деген – тектіліктің тұмары,
Инабат пен ибалықтың сыңары,
Ару қыздар, әсем қыздар, гүл қыздар,
Ең әдемі әсемдіктің шынары!..
І жүргізуші: Аналық парыз – қасиетті құбылыс. Әлемдегі жақсылық көзі, адал қасиет, ақ тілек, ізгілік, мейірбандық, сұлулық дегеннің бәрі – ана табиғатымен үндеседі. Жарық дүниедегі жақсылықтар ананың ақ сүтінен нәр алған, ананың құдіретті қуатымен жаралған.
ІІ жүргізуші:
Тағдырына талайдың алаңдайсың,
Алынбайтын алып бір қамалдайсың,
Ардақты да қымбатты асыл ұстаз,
Сен менің ең аяулы анамдайсың!..
І жүргізуші: Отан менен отбасымда жарасым Ата-ана біздер үшін дара шың, Мәпелеген, аялаған ұл-қызын, Ол Әкем мен менің асыл анашым!..
Ән: «Ата-анама рахмет!»