- 27 там. 2019 00:00
- 258
Әйгел бидің әділдігі
Әйгел Айтбайұлы XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген. Торы Қыпшақтың Түйішке тобының Мырзабек бұтағынан шыққан атақты әділ би. Торғай уезінің Қарақоға болыстығын 40 жылдай (ел солай дейді) басқарған Құдабайдан (ол арғынның Әйдеркесінің Ожан руынан шыққан қадірлі де, қасиетті жан болса керек) жеңіп алған Торы Қыпшақтың игі жақсылары сол кезде 70 пен 80 арасындағы Әйгелге барып:
— Биеке, көптен армандаған болыстықты жеңіп алдың, бұл абыройды кімге сеніп тапсырсақ болады. Әлде өзіңіз қолға аласыз ба? — деген екен. Бақуатты, ақылға кемел болса да Әйгел би:
— Қайтесіңдер мені әурелеп, иек артпадан жас асты, — деп өзінен қашыртқан екен.
— Ал Санжан қалай болады? — деп, жасы сол кездерде 17-18-дегі, кейін батырлығымен көзге түскен Сандыбай атты баласын көздеп айтса керек.
— Сандыбай әлі жас, ел қадірін, ер қасиетін біле бермес, — деп өз баласынан да бұл лауазымды аулақтатыпты.
— Ал енді, мына ортамыздағы үлкеніміз, белгілі шешен Табекеңді қалай көресіз? — деп, Әйгелдің 3-4 атадан қосылатын інісі Торының Назарымбет әулетінен шыққан Табай Саламатұлын ауызға алыпты ел игі жақсылары.
— Табайдың сараңдығын бәрің жақсы білесіңдер, сөйте тұра елдің жаман атын шығарайын деп пе едіндер, - деп, жақын інісінен де қуып шығыпты.
— Ойбай, онда жол Жәкеңдікі деп Баянтаңаттан шыққан Жандарбек Байқадамұлын — торыдан шыққан «төрт тіреудің» бірін атағанда:
— Жандарбек ұры ұстайтын еді, елге зәбірік тиер, — деп оған да қорымапты.
— Ендеше, мына жүйрік Уәйісіміз бар деп, елге аты шыққан «төрт тіреудің» тағы бірін ұсынса керек.
— Жоқ, бұларың да өтпейді. Көлемі аздау ғой, билік айтқанда жан-жағына жалтақтайтыны болушы еді, — деп әділін айтқан ғой.
— Ал енді, Көбекті қалай көресіз? — деп Қитабаның Ақпанынан шыққан әулетіне дәулеті мен сәулеті сай Көбек Шалдыбай баласын ұсынағнда:
— Е, жаңа жөңдеріңе көштіңдер, көлемі қомақты, дастарқаны мол, мінезі елге жайлы Сары Көбегім дұрыс болады, — деп қортындылаған екен.
Турашылдық, әділдік қой. Мансапты өзінен өзінің баласынан, жақын ағайындарынан гөрі, ғұмыры ұзақ болатын, елге жайлы азаматқа алып беруі бүгінге де сабақ болғандай емес пе. Егемендік тиіп, аузымызға қолымыз өз еркімен баратындай күйде өмір сүріп отырған осы заманда билігі бар азаматтарымызға осы туралықтың жетпейтіндігін көргенде ішің ауырады. Өзіндегі мүмкіндікті пайдаланып, ел басқаруға, халыққа қызмет жасауға дайын емес тоғышарларды орынсыз тықпалағанын көргенде, ел қамын ойлаған бабалар үрдісі еске түседі.