- 29 жел. 2021 00:00
- 220
Әзіл - анкета
1. Шығарманы қалай жазасыз, қолмен бе, машинкамен бе?
Машинка түгілі башпаймен жазатындар бар, мен әлі қолмен жазамын.
2. Жазу үстіндегі көңіл күйіңіз?
Жазып отырғанда мығым-ақпын, жазып болып топқа түскенде жаңа түскен келіншекпін.
3. Біткен туындыңызды қалай мінеп, жөндейсіз?
Өзге біреу оның бір сөзіне қол тигізсе, маған шаншу қадалады. Өзім оны пышақтасам да жаным енеді.
4. Жылдың қай мезгілін ұнатасыз?
Әрине көктемді. Көктем жерді де, көңілді де көтереді.
5. Жақсы көрер мақалыңыз қайсы?
Пайдасыз мың сөзден бармақтай ғана пайдалы бір іс артық.
6. Пір тұтатын жазушыңыз кім?
Сүйгенімді, биік көргенімді атай берсем ұзақ тізім. Бірақ бірде-бірін пір тұта алмадым.
7. Қай ойшылдық қай сөзі көкірегіңізге ұялады? Ойшылдардың көкіректе қалдырғаны көп, тізе берсем бұл да бір кітап. Ойшылдар әрқилы, баяғының мәңгілері де ойшыл болған. Ақылды ой бүтін басқа бір енсе, сүйресең де шықпас, жыртық басқа шынжырлап байласаң да тұрмас.
8. Ең соңғы оқып шыққан кітабыңыз?
Горькийдің «Портреттерін» тағы да бір оқып шықтым.
9. Кімді оқи алмай жүрсіз?
Оқығаным оқымағанымнан, білгенім білмегенімнен істегенім істемегенімнен әлдеқайда аз.
10. Көңілсіз сәттерден қалай арыласыз?
Менің көңілсіздікке істейтін емім: еңбек, саяхат, таза ауада бой жазу, кішкентай немерелеріммен ойнау.
11. Құмар машығыңыз?
Тек жақсыны көру. Бірер жаман да машығым бар, оны айтуға ұялам.
12. Нені жақтырмайсыз?
Толып жатыр: арам өмір, сылдыр сөз, жиі жиналыс, мақтан, өсек, зұлымдық.
13. Қандай мінезді қасиет тұтасыз?
Сегіз қырлы, бір сырлы, әділ, ақ мінез — ұлы қасиет.
14. Спортқа қалайсыз?
Ұнатамын. Аз да болса спортпен айналыспаған күнім жоқ.
15. Өкінішіңіз?
Өмірдің көбін бос жіберіппін. Енді қысқа жіп күрмеуге келмей жатыр.
16. Көңіліңізді мазалап жүрген кейіпкер бар ма?
Бар. Бірақ, құрсақтағы бала қандай болып шығарын кім біледі.
17. Тіл жағынан кімнен үйренесіз?
Халықтан ғана.
18. Өз шығармаңыздың қайсысын сәттірек шыққан дейсіз?
Өзім сүйсінбеген шығармаларымды жарыққа шығарғаным жоқ. Жарыққа шыққанымның бірде-бірі көңіл биігінде тұрақтап тұра алмады.
19. Келер жылға сәлеміңіз?
Жаңа жылда жер семіз, ел семіз болғай-ақ, еңбек қырманы тасығай-ақ.
1964