
- 28 шіл. 2025 17:08
- 32
Баян Алагөзова Жұбаныш Жексенұлына қатысты дауға пікір білдірді: «Әртістер де адам»
Баян Алагөзова Жұбаныш Жексенұлына қатысты дауға пікір білдірді: «Әртістер де адам»
Танымал продюсер Баян Алагөзова әнші Жұбаныш Жексенұлына қатысты орын алған оқиғаға байланысты өз ұстанымын білдірді. Ол Instagram парақшасында белгілі адамдардың жеке кеңістігінің жиі бұзылатынына алаңдаушылық танытып, көпшілікті этика мен мәдениетке шақырды.
«Мен барлық әртістердің атынан айтқым келеді: біреу мейрамханада, вокзалда немесе әуежайда тынығып отырса, оны рұқсатсыз видеоға түсіріп жатады. Бұл — жеке кеңістікке қол сұғу. Әртістер де қарапайым адам. Олар да шаршайды, ренжиді, ойға шомып отыруы мүмкін. Осындай сәтте біреудің үнсіз камера қосуы — кез келген адамның шамына тиюі әбден мүмкін», — деді Алагөзова.
Продюсер Жұбаныш Жексенұлына қолдау білдіріп, мұндай жағдайда кінәні бір тарапқа ғана артудың орынсыз екенін атап өтті.
«Біз Жұбаныштың ол сәтте қандай күйде болғанын білмейміз. Бәлкім, әлгі адам келіп, рұқсат сұрамастан камерасын қосып, 'селфи жасайық' деген шығар. Ешкім жайдан-жай ашуға мінбейді. Сондықтан мұндай оқиғада екі тарап та жауапкершілікті бөлісуі керек деп есептеймін», — деді ол.
Алагөзова әлеуметтік желіде біреудің сәтсіздігіне қуанып, аяқасты ететін әрекетті де сынға алды.
«Танымал адам қандай да бір қиындыққа тап болса, көпшілік сол адамның жанын түсінуге тырыспай, сырттай шешім шығарып, жамандай бастайды. Олар оны тіпті танымаса да, сынауға дайын тұрады. Біреуді 'таяқ жеуге ыңғайлы' деп тауып алады да, тоқтамай үстінен жүреді. Мен Жұбанышқа күш-қайрат тілеймін», — деп жазбасын түйіндеді продюсер.
Еске салайық, бұған дейін Жұбаныш Жексенұлына ұсақ бұзақылық бойынша айып тағылып, 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынғаны хабарланған болатын.