
- 19 мау. 2025 22:30
- 32
«Бәйтерек» холдингі бизнесті кепілдікпен қолдаудың жаңа мүмкіндіктерін таныстырды
Қазақстандағы кәсіпкерлік саласын дамытуда маңызды рөл атқаратын «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі бизнесті қаржылай қолдаудың жаңа тетіктерін жария етті. Холдингтің мәліметінше, кепілдік беру құралдары енді бұрынғыдан да тиімді әрі қолжетімді бола түсті. Бұл туралы «Бәйтерек» холдингі өткізген брифингте баспасөз қызметінің жетекшісі Перизат Шәкенова мәлімдеді.
Оның айтуынша, жуырда «Даму» қорының негізінде құрылған арнайы кепілдік қорлары кәсіпкерлердің несие алудағы негізгі проблемаларын шешуге бағытталған. Нақтырақ айтқанда, кепілзат жеткіліксіз болған жағдайда, бұл қорлар банктер мен өзге де несие ұйымдары алдында кәсіпкерлердің несиесі бойынша кепілдік береді.
«Бұл, әсіресе, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер үшін өте маңызды. Себебі ондағы жылжымайтын мүліктің нарықтық құны ірі қалаларға қарағанда әлдеқайда төмен бағаланады. Нәтижесінде несие алу мүмкіндігі шектеліп келген еді. Енді жаңа кепілдік қорларының арқасында бұл мәселе шешімін табуда», – деді Перизат Шәкенова.
Бірінші Кепілдік қорының шарттары:
- Қаржыландыру сомасы – 7 млрд теңгеден аспауы керек;
- Кепілдіктің максималды мөлшері – қаржыландыру сомасының 85%-на дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспауы тиіс;
- Кепілдік мерзімі – несие мерзімінен 5 айға ұзақ болуы мүмкін;
- Құжаттар екі жұмыс күні ішінде қаралып, кепілдік жедел түрде рәсімделеді;
- Қазіргі таңда бұл бағыт бойынша 9 банкпен келісім жасалған;
- Көбіне өңдеу өнеркәсібіне арналған жобалар мақұлдануда.
Екінші Кепілдік қорының шарттары:
- Қаржыландыру сомасы – 7 млрд теңгеден асатын ірі жобалар қарастырылады;
- Кепілдік мөлшері – жобаның жалпы құнының 30%-на дейін;
- Кепілдік мерзімі – 15 жылға дейін ұзартылуы мүмкін;
- Кепілдік беруге өтінімдер «Даму» қорының уәкілетті органдарында жеке-жеке қаралады.
Қайда жүгінуге болады?
Кепілдік алу үшін кәсіпкерлер:
- Екінші деңгейлі банктерге;
- «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдарына – Қазақстанның Даму Банкіне, Аграрлық несие корпорациясына, Өнеркәсіпті дамыту қорына немесе Qazaqstan Investment Corporation-ге өтініш бере алады.
Сондай-ақ қосымша ақпаратты:
- «Даму» қорының аймақтық филиалдарынан;
- Немесе 1408 нөмірі бойынша Call-орталықтан алуға болады.
Жаңа кепілдік тетіктерінің енгізілуі әсіресе шағын және орта бизнес өкілдері үшін үлкен мүмкіндік саналады. Себебі кәсіпкерлердің көпшілігі банктен несие алуда кепілзат жеткіліксіздігіне байланысты қиындықтарға жиі тап болатын. Енді бұл тосқауыл айтарлықтай жеңілдемек.