Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту әдістері мен тәсілдері
Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту әдістері мен тәсілдері.
Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін тәрбиелеу және дамыту мәселесін талдау ең алдымен «қабілет» ұғымының мәнін терең түсініп алуды талап етеді.
«Қабілет» ұғымына берілген психологиялық анықтамалар саны өте көп. «Қабілеттер деп әрекеттің талаптарын қанағаттандыратын және үлкен жетістіктерге жеткізетін адамның қасиеттерінің синтезін атайды». «Қабілеттер – білім алуға қажетті адамның психологиялық ерекшеліктері» дейді А. В. Петровский. Қабілет қоғамдық және жеке адамдық зор мәнге ие.
Қазақстан психологиясының төрінен орын алатын әйгілі психолог ғалым Төлеген Тәжібаев «Қабілет – іс - әрекетінің белгілі бір түрін ойдағыдай, нәтижелі орындауында көрінетін адамның жеке қасиеті»деп жазды.
Қабілет мәселесі - оқушылардың жекелік айырмашылықтар мәселесі. Мүлдем еш нәрсеге қабілеті жоқ адам болмайды. Әр адам бойында бір нәрсеге деген қабілет болатындығы - кеңестік психология ғылымының негізгі ережелерінің бірі, бірақ ол қабілеттер дәрежесі әр адамда түрлі деңгейде болады. Олардың іс - әрекетінің белгілі бір түріне қабілеті не жоғарылау, не төмендеу болып келеді.
Бастауыш сынып оқушыларының сабақтағы шығармашылық қабілеттерін дамытудың педагогикалық шарттары:
Бастауыш сынып мұғалімінің оқушылардың шығармашылық әрекетін оқытудың мақсаты ретінде түсінуі;
Бастауыш білім беру мазмұнына оның айрықша компоненті ретінде шығармашылық әрекеттің ендірілуі;
Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық әрекетінің еркіндігі, оның педагогикалық ұйымдастырылуы, мұғалімнің басқаруы;
Проблемалық оқыту әдістерінің шығармашылық әрекетті ұйымдастырудың жетекші тәсілдері ретінде көрінуі;
Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық әрекеті нәтижелерін диагностикалау;
Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық әрекетін түзету:
«Шығармашылық қабілеттер» ұғымы «шығармашылық», «шығармашылық әрекет» ұғымдарымен тығыз байланысты.
Шығармашылық - нәтижесі жаңа материалдық және рухани құндылықтар болатын әрекет; психикалық белсенділіктің жоғары формасы, жаңа бір нәрсе жасауға қабілеттілік. Шығармашылық - адам іс - әрекетінің түрі. Шығармашылық әрекет нәтижесінде шығармашылық қабілеттер дамиды және қалыптасады. Шығармашылық әрекет - өте күрделі үдеріс және ол адамға ғана тән. Мұндай әрекеттің ерекшелігі, даму деңгейі тек әлеуметтік факторларға ғана емес, табиғи, биологиялық факторға да байланысты.
«Шығармашылық қабілеттер» немесе «креативтілік» деген не? Латын тілінен аударғанда креативтілік «ойлап табу, жасап шығару» дегенді білдіреді.
Шығармашылық – өте күрделі психологиялық үдеріс. Шығармашылықты төмендегідей ерекшеліктермен сипатталған адам әрекеті деуге болады;
- шығармашылық қарама - қайшылықтардың болуы;
- әлуметтік және жеке адамға тән мәнінің болуы;
- шығармашылыққа арналған шарттардың, жағдайдың болуы;
- шығармашылық тұлғаның даралық қасиеттерінің болуы;
- нәтиженің жаңалығы, сонылығы.
Шығармашылықтың мәні, шығармашылық іс - әрекет туралы әр кезде түрлі пікірлер болған. ХХ ғасырдың басында белгілі философиялық сөздікте «Шығармашылық деп жаңа нәрсе ойлап табу, жаңалық ашу» дей келе «Ол әр адамға тән нәрсе емес, құдайдың құдіретімен болады. Ал адам шығармашылығы - тек салыстырмалы түрдегі әрекет» делінген.
Е. П. Торренстің пікірінше, креативтілік - білімдердегі кемшіліктерді, олқылықтарды қабылдауға қабілеттілік. Ғалым шығармашылық әрекеттің құрылымында төмендегілерді бөліп көрсетеді.
1. Проблеманы қабылдау.
2. Шешімді іздеу.
3. Болжамның пайда болуы және көрінуі.
4. Болжамды тексеру.
5. Олардың өзгерісін тексеру.
6. Нәтижелерді табу.
Шығармашылық - бүкіл болмыстың, қозғалыстың, дамудың, тіршіліктің көзі. Табиғат, қоғам құбылыстарында жеке адамның ақыл - санасында, іс - әрекетінде, ішкі жан - дүниесінде - бәрінде шығармашылықтың табиғи үдерістері үздіксіз жүріп жатады. Табиғат ішкі шығармашылық үдерістерді өзі басқарады. Сыртқы факторлардың бірі - оқыту және тәрбиелеу жүйесі.
В. С. Шубинский шығармашылық үдерісті үш сатыға бөліп, ондағы көрінетін қабілет - қасиеттерді көрсеткен.
1. Жаңаны, өзгеше тың дүниені сезе білу, қарама - қайшылықтарды түсіне білуде сезімталдық, сындарлылық, шығармашылық ой талдауға бейімділік, жан дүниесінде ішкі тартысты оята білу қабілеті, танымдық қызығушылық, яғни шығармашылық көңіл күйдің туу кезеңі.
2. Интуиция, шығармашылық қиял, әдемілікті сезіне білу, сөз ұшқырлығы, қайшылықтарды түсіну, ой қызметінің ерекшелігі, батылдық, шығармашылық деген ішкі құштарлық, яғни оқиға, образ жасаудың бағдар ұстанар кезеңі;
3. Өзіндік сын, бастаған істі аяғына дейін жеткізу, дәлелдеме, дәйектемелер ұсына білу, оның формаларын табу, яғни сын, дәлелдеме сатысы.
Осы дәлелдемелерге сүйене отырып Б. Тұрғынбаева өз диссертациясында шығармашылық үдерістің кезеңдерін шартты түрде төмендегіше топтастырады.
1. Жаңалықпен бетпе - бет келу.
2. Шығармашылық екі ұштылық, белгісіздік.
3. Шешімнің жарқ етуі.
4. Шығармашылық акт.
5. Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу.
Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық әрекеті оның оқу үдерісіне араласуын арттырады, білімдерді табысты игеруге ықпал жасайды, зияткерлік күш - жігерді, өзіне деген сенімділікті ынталандырады, көзқарастардың еркіндігін тәрбиелейді. Шығармашылық әрекетті тиімді ұйымдастырудың негізгі ұстанымдары.
1. Қандай деңгейдегі шығармашылық әрекет жасағанына қарамастан баланы жеке тұлға ретінде қабылдау, құрметтеу.
2. Бастауыш сынып оқушыларының барлық шығармашылық белсенділігінің көрінуіне мұқият назар аудару.
3. Баланың психологиялық еркіндігі: таңдау еркіндігі, сезімдерін көрсету еркіндігі, өз бетінше шешім қабылдау еркіндігі.
4. Өзін - өзі бағалаудың артуы мен нығаюы.
5. Шығармашылыққа толы білім беру ортасын құру.
6. Мұғалімнің шығармашылық позициясы.
Аталмыш психологиялық - педагогикалық ұстанымдар бір - бірімен тығыз байланысты, олар бірін - бірі толықтыру арқылы біртұтас ізгілендіруге бағдарланған жүйе құрайды. Оның мақсаты - бағдарлап оқыту арқылы оқушыны шығармашылық тұлға ретінде қалыптастыру.
Оқушының шығармашылық әрекетінің пайда болуының шарттары:
А) Пәнге үйретудің еркіндігі. Бұл шарт оқушыларға өз әрекетін таңдауға және еркін жоспарлауға мүмкіндік береді.
Ә) Сыныптағы білім кеңістігінің әр бағытта болуы. Бұл әр бағыттылық, көп мазмұндылық, шығармашылық әрекеттің де жан - жақты болуына әсер етеді.
Б) Оқушының мұғаліммен бірлесе отырып өз шығармашылық әрекетінің жеке бағдарын құруы, шығармашылық жұмыстардың белгілі кезеңдерінің орындалу жүрісі, оқушының жеке бағдарын құру құралдары болып саналады.
Бастауыш сынып оқушылары олармен жұмыс атқаратын мұғалім мен шығармашылық мүмкіндікті дамытуға бағытталған бүкіл мектептің жұмыс жүйесі ұсынған төмендегідей шығармашылық жұмыс түрлеріне міндетті түрде қатысуға ұмтылады:
- зияткерлік марафон
- зияткерлік - олимпиадалық ойындар;
- шығармашылық – зияткерлік конкурстар;
- Отбасылық – зияткерлік брейн - рингтер;
- зияткерлік клубтар;
- оқушылардың қызығушылықтары бойынша ұйымдастырылатын үйірмелер.
Бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс атқаратын мұғалім дәл осы жас кезеңі ақыл - ой атқаратын мұғалім дәл осы жас кезеңі ақыл - ой әрекетіне қызығушылық пен қажеттілікті тудыратынын естен шығармауы тиіс. Егер ол бастауыш мектепте қалыптаспаса, жасөспірім шақта шығармашылық бағытта жұмыс өте қиынға соғады.
«Шығармашылық» ұғымының жалпы теориясын зерттеген С. Л. Рубинштейн «оқушы шығармашылығының ерекшелігі оның сапалы түрде мақсатты әрекет жасауымен анықталады» — дей келе, «шығармашылық, шешімінің нәтижесі баланың өзі үшін жаңалық болса жеткілікті» екендігін айтады, яғни баланың шығармашылық өнімді еңбегі оның жеке тәжірибесімен салыстырылады.
Шығармашылық жұмыста, әсіресе, бала қиялының орны ерекше. Бұл жөнінде М. Жұмабаевтың айтқан тамаша пікірі бар: «Жаратылыстың құшағында, меруерт себілген көк шатырдың астында, хош иісті жасыл кілем үстінде, күнмен бірге күліп, түнмен бірге түнеріп, желмен бірге жүгіріп, алдындағы малымен бірге өріп, сары сайран далада тұрып өсетін қазақ баласының қиялы жүйрік, өткір, терең болуға тиісті». «… Баланың атаға тартуы рас болса, сиқырлы даланың баласы – қазақ баласы қиялқұмар болуға тисті». Педагог ғалымның айтқанының сөз өнері — әдебиетке тікелей қатысы бар. Өйткені М. Жұмабаевтың сөзімен айтқанда, «қазақ баласының жаратылысы соны тілейді». Сабақтарды түрлендіріп өткізудің маңызы ерекше. Мұндай сабақтардың тиімділігін атап өтсек: сабақ құрлымының ұйымдастырылуы, сыныптағы оқушылардың іс - әрекетін бақылауға қолайлылық, оқу - танымдық тапсырмаларды орындаудағы ұжымдық бірлескен әрекеттің жүзеге асуы, оқу уақытының үнемделуі.
Шығармашылық сипаттағы сабақтар түрлерін жүйелі ұйымдастыру арқылы оқушылардың танымдық белсенділігі қалыптасып, ұстазы берген ақпаратты, іс - әрекет тәсілдерімен бағалау өлшемдерін қамтитын қоғамдық және ұжымдық тәжірибе тағылымдарын игеріп қана қоймай, оқушы барлық іс - әрекетте шығармашылық бағыт ұстанады, қабілет білігін ұштай түседі.
Оқушыларды шығармашылыққа баулудың, өзіндік іс - әрекетін ұйымдастырудың түрлері өте көп. Мысалы: тірек сөздер беру арқылы әңгіме құрастыру, өлең құрастыру, мысалдарды, ертегілерді сахналау, шығарма жазу, ертегі мазмұны бойынша сурет салу, т. б. Осы орайда 2 - сыныпта ана тілі сабағында баланың шығармашылық қабілетін дамытуда пайдаланған жұмыс түрлеріне тоқтала кетсем деймін.
Өлең құрастыру.
Бұл жұмысты екі тәсіл арқылы ұйымдастыруға болады.
а) Дайын өлең жолдарын ұсынып, оқушыларға соны аяқтауды тапсыруға болады.
Мысалы, Ө. Тұрманжановтың «Туған өлкем» өлеңінде қайталанып тұрған:
«Неткен сұлу, неткен көркем,
Осы – менің туған өлкем» деген жолдар бар.
Оқушыларға осы дайын өлең жолдары ұсынылып, оны ары қарай жалғастыру тапсырылады. Тапсырма дұрыс орындалу үшін, ең алдымен, оқушылар құрастыруға тиісті
Оқушылардың шығармашылық белсенділігін қалыптастыруда сол өлеңнің сызбасы түсіріледі:
«Неткен сұлу, неткен көркем,
Осы – менің туған өлкем», — ұсынылған жолдар.
«Ұлан - байтақ жерлері бар
Өз өлкемді мақтан етем», — оқушының аяқтауы, яғни бұл – жоспар, өлең ұйқасқа құрылады және бұл сызба бойынша өлеңнің бірінші, екінші, төртінші жолдары ұйқасуға тиіс.
ә) Дайын ұйқастар ұсынылады. Мысалы, «Күз» тақырыбына арнайы төмендегідей ұйқас бойынша өлең құрастыру тапсырылады:
… байлық
… алдық
… құс біткен
… қалдық.
Оқушының тапсырманы орындауы:
Күз – береке, күз — байлық,
Күзде астық мол алдық
Жылы жаққа құс біткен
Кеткен ұшып, біз қалдық.
Ұстаз еңбегі – оқушы білімімен өлшенеді десек, ұстаз еңбегінің күрделілігі — әрбір оқушы жүрегіне жол таба білуінде. Әрбір баланың бойындағы қабілетті дамыту арқылы өзін, өмірді, әлемді танып білуге, қоғам алдындағы жауапкершілік қасиеттерін сезіндіре білуінде жатыр.
Қорыта айтқанда, оқушы бойында шығармашылықты дамытуда үздіксіз құлшыныс, оқуға, білім алуға деген ұмтылыс ұдайы өшпей, күннен - күнге дами түсуі қажет. Сонда ғана оқушы бойында білім нұры тасып, сыныптан - сыныпқа көшкен сайын оқушының ішкі дүниесі, сыртқы ортамен байланысы дамып, оқушы дүниетанымы арта түсері анық.
Пайдаланылған әдебиеттер.
1. Намазбаева Ж. И. Жалпы психология. Алматы, 2006ж
2. Столяренко Л. Д. Основы психологии. Ростов - на - Дону: Феникс, 1999
3. Жанатбекова Н. Шығармашылық қабілеттілік - даму негізі. //Қазақстан мектебі. 2006,№2 - 15 - 17б
4. Әмірова Ә. С. Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық іс - әрекетін қалыптастыру. Алматы, 2009. - 52б.
5. Кубасова О. В. Розвитие воссождающего воображения на уроках чтения. // Начальная школа. 1991.-№9.- С. 14 - 16.
6. Ұстаздық шығармашылық. Алматы 2007. Б. А. Тұрғынбаева
7. Шығармашылық қабілеттер және дамыта оқыту Б. А. Тұрғынбаева Алматы, 1999 ж.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама