Tengrinews.kz / Маржан Куандыкова
- 05 мау. 2026 13:00
- 55
Астана LRT енді «Тарлан-Астана» деп аталады
Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасының атауы өзгертілді. Бұл туралы мәслихат отырысында мәлім болды. Депутаттар бұрынғы англофондық атаудан бас тартып, жобаға жаңа есім берді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа атаулар ұсынылды
Қала тұрғындарынан LRT жобасына бірнеше атау ұсынылған. Олардың қатарында «Сұңқар», «Лашын», «Аспан», «Тарлан» сынды атаулар болды. Көп талқылаудан кейін депутаттар «Тарлан-Астана» атауын қолдау туралы шешім қабылдады.
Депутат Бауыржан Қасымбергебаевтің айтуынша, бұл атауды қаланың ономастика комиссиясы ұсынған. «Бұл атауды біздің қалалық ономастика комиссиясы ұсынды. Осыған байланысты бірнеше ұсынысты қарастырдық. Олар қала тұрғындарынан келіп түскен болатын. Бүгін LRT-ны «Тарлан-Астана» деп атау туралы шешім қабылданды», - деді депутат.
Неге атау өзгертілді?
Депутаттың сөзінше, LRT – бұл тек көлік түрінің техникалық атауы. Ал көптеген елдерде жеңіл рельсті көліктердің өздеріне тән, жергілікті тұрғындарға түсінікті атаулары болады. Астанада да осы үрдісті ұстану туралы шешім қабылданды.
«Біздің Астанада да LRT осылай аталып, туристер мен қонақтарға жақсы әсер қалдырса екен деген ниет болды. Жаңа атау арқылы жобаны елімізбен байланыстыру көзделді», - деп түсіндірді ол.
Жобаның көп жылдан бері жалғасып келе жатқан даулы тарихына байланысты атаудың өзгеруіне қатысты сұраққа депутат бұл фактордың да бар екенін жоққа шығармады. Алайда, басты мақсат – жобаның имиджін жақсарту екенін атап өтті.
Айта кетейік, Астана LRT жобасы 16 мамырда іске қосылды. Жоба бойынша қалада 18 станция болады. Маршрут қаланың негізгі іскерлік орталықтары мен тұрғын аудандары арқылы өтеді.