- 10 нау. 2017 00:00
- 238
Білім министрлігі жетім балалардың ақшасын бақылауға кірісті
ҚР Білім және ғылым министрлігі балалар үйлерінің бюджет және қайырымдылық қаражатын жұмсау шараларын қамқоршылық кеңестері арқылы бақылауды қолға алып отыр. Заңнамада білім беру ұйымдарының жанынан қамқоршылық кеңестерін құру нормасы қарастырылған. Министрлік аталған норманы іске асыруға кірісті.
«Бүгіннен бастап жетім балаларға арналған білім беру мекемелері жанындағы қамқоршылық кеңестері өз жұмысын бастады деуге болады. Кеңестер құрамына үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, бизнес өкілдері, демеушілер мен меценаттар енді», - дейді білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова.
Қамқоршылық кеңестерін құрудың негізгі мақсаты - бақылау шараларын күшейту, сондай-ақ жетім балалар тәрбиеленіп жүрген мекемелердің ашықтығын қамтамасыз ету. Сондай-ақ кеңес мүшелері сан алуан заң бұзушылықтарды анықтап, жетім балалардың жағдайын жақсарту жолында тиісті шараларды атқаруы тиіс. Осы орайда министрдің балалар құқықтарын қорғау бойынша кеңесшісі Бәлия Әкімбекова қамқоршылық кеңес мүшелерінің 40 пайызын үкіметтік емес ұйымдар кұрауы қажет деп санайды. Кеңестің төрағасы да үкіметтік емес ұйымның өкілі болған жөн.
Қазіргі кезде білім және ғылым министрлігі қамқоршылық кеңестерін құру бойынша тиісті ережелерді әзірлеп қойды. Жақын арада аталған ережелерді бекіту жоспарланып отыр. Жалпы, заңнамада білім беру мекемелері жанынан қамқоршылық кеңестерін құру нормасы бар.
Айта кетейік, бүгінде республика бойынша 28 419 жетім бала бар. Олардың ішінде 21 183 бала қамқоршылық пен патронаттық тәрбиеге алынса, 7 236 интернатта білім алып жүр.