- 10 нау. 2017 00:00
- 258
Мектеп директорын тағайындауға әкім араласпауы тиіс - Көмекбаев
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті аудандардың бірінде мектеп директорының қызметіне сай емес екенін анықтады.
"Мен дәл қазір қай аудан және қай мектеп екенін айтпай-ақ қояйын. Бүгінде тиісті материалдар этика жөніндегі комиссияның қарауына жіберілді. Соның шешімі шыққаннан кейін біз барлық ақпаратты жариялаймыз. Дегенмен, мектеп директоры қызметіне сай тиісті біліктілік талаптары бар. Біз құзіретті мемлекеттік органдарға xат жолдап, ол адамның біліктілік талаптарына сай емес екенін анықтадық", - деді департамент басшысы Әли Көмекбаев бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның айтуынша, қазіргі кезде аудан деңгейінде мектеп директорлары білім беру басқармалары арқылы тағайындалады. Ал ол жұмысқа жергілікті әкімдер ықпал етуі әбден мүмкін. "Мысалы, жергілікті жерде мектеп директорын аудандық білім беру басқармасы тағайындайды. Ал оның үстінде отырған әкім де өз сөзін айтады ғой. Ресми түрде ондай құқығы болмаса да, "мына адамды жұмысқа алшы" дей салады. Амал жоқ, сол адамды қояды. Әкімнің өзі білім саласының сарапшысы болмаса да, өз ықпалын жасап отырады. Сонымен, біліктілік талаптарына сай келмейтін мектеп директоры орын тауып отыр. Біз оны анықтадық. Алдағы екі аптада осы мәселені әдеп кеңесінде қарастырамыз. Әкімге де, білім беру басқармасына да тиісті шараларды қолданамыз. Бірақ бұнымен шектелуге болмайды", - деп атап көрсетті Көмекбаев.
Департамет басшылығы аталған мысалдың негізінде облыс әкіміне тиісті ұсыныстарды енгізуді көздейді. Себебі аймақ бойынша 1025 мектеп бар. "Біздіңше, жергілікті әкім комиссияның шешіміне ықпал жасамас үшін мектеп директорын тағайындайтын комиссия облыста өтуі керек. Ол комиссияның ішінде облыстық аппарат мүшесі болсын, облыстық білім басқармасының өкілі болсын. Бәлкім, қоғам өкілдері кіреді. Негізгі мақсат - мектеп директорын тағайындауды ашық жүргізу. Түбінде қандай жүйе енгізілсе де, жаңағыдай жағдайларға жол берілмеуі тиіс", - дейді департамент басшысы.