
Ұшқын.кз
- 16 мам. 2025 07:13
- 20
Депутаттар орысша жалғаулардан бас тартып, тектерін қазақшалап жатыр
Қазақстанда Мәжіліс депутаттары өз тегін ұлттық үлгіге сәйкестендіріп, -ов, -ев жалғауларынан бас тарту үрдісін бастады. Бұл бастама қоғамда кең талқыланып, қолдау табуда. Алғаш болып жұрт назарына түскен – ақын әрі депутат Ринат Заитов. Ол өзінің тегін «Заит» деп өзгертіп, ұлттық сана мен тілге деген құрметін көрсетті.
Осы бастаманы енді тағы бір халық қалаулысы – Мақсат Толықбаев жалғастырып, тегін «Толықбай» деп өзгертті. Қоғам белсенділері мен сарапшылар бұл қадамды оң қабылдады. Мәселен, саясаттанушы Самат Нұртаза әлеуметтік желідегі парақшасында әріптестерін құттықтап, бұл үрдісті қолдайтынын білдірді.
«Өткен айда әріптесім Ринат Заитов фамилиясын өзгертіп “Заит” болып еді, енді бүгін Мақсат Толықбаев әріптесім “Толықбай” болды. Құтты болсын, Замандастар! Өте жақсы үрдіс!» – деп жазды ол.
Айта кетейік, Қазақстанда азаматтардың өз тегін ұлттық формада жазуына заң жүзінде рұқсат етілген. Бұл үдеріс ерікті түрде жүзеге асады және мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппақ.