
- 26 мау. 2025 12:49
- 25
Думан Мұхаммедкәрім соттан рақым сұраудан бас тартты
Қызылордадағы түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан журналист және белсенді Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы күрт нашарлаған. Бұл туралы оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, белсендінің бүйрегі мен жамбасы сырқырап, омыртқасында протрузия анықталған. "Ауырсынудан еркін жата да алмайды. Мекеме әкімшілігімен сөйлестім, олар 30 маусымда оны ауруханаға апарамыз деп уәде берді", – дейді Нұрпейісов.
Алайда, денсаулығы нашарлағанына қарамастан, Думан Мұхаммедкәрім жазасын жеңілдету туралы сотқа өтініш жазудан бас тартқан. Ол айыбын мойындамайтынын және түрмеде әділетсіз қамалғанын айтып отыр. Бұған дейін ол мекеме талаптарын орындамағаны үшін карцерге жабылған. Журналист түрме формасын кимегені және дәретхана жуудан бас тартқаны үшін тәртіптік жазаға тартылған. Оның өзі бұл әрекетін азаматтық позициясымен байланыстырады.
Еске салайық, Думан Мұхаммедкәрім «Экстремизмді қаржыландырды» және «Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деген айыптар бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
Белсендінің жақтастары оның қамауда отыруын саяси себеппен байланыстырады және қоғамдық белсенділігі үшін қудаланып отыр деп санайды.