
- 04 там. 2025 08:36
- 13
Елімізде жоғары білім сапасына қатысты кең ауқымды қоғамдық сауалнама басталды
Елімізде жоғары білім сапасына қатысты кең ауқымды қоғамдық сауалнама басталды. Бұл бастаманы Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы қолға алды. Негізгі мақсат – жоғары оқу орындарының қызметіне бөлінген бюджеттік қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын анықтап, оқу процесінің сапасын арттыру бойынша нақты мәліметтер алу.
Сауалнамаға еліміздегі ЖОО-ларда білім алған түлектер, қазіргі студенттер мен оқытушы-профессорлар құрамы қатыса алады. Ашық түрде жүргізілетін бұл зерттеу жоғары білім саласындағы негізгі проблемалар мен кемшіліктерді айқындап, алдағы реформаларға негіз болады деп күтілуде.
Қоғам белсенділері мен сала мамандары бұл қадамды оң бағалап отыр. Себебі білім саласына бөлінетін қаражаттың айтарлықтай көлемі бар, алайда оның сапаға қалай әсер етіп жатқаны нақты талдауды қажет етеді. Сауалнама нәтижесінде жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы, оқытушы құрамының кәсібилігі, оқу бағдарламалары мен академиялық адалдық мәселелері секілді маңызды аспектілер қамтылады.
Мамандардың айтуынша, бұл зерттеу жоғары білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, шешім қабылдауға жол ашады. Жастар мен педагогтардың пікіріне сүйене отырып жасалатын қорытындылар болашақта мемлекеттік білім саясатын жетілдіруге, сапалы кадр даярлау ісін жақсартуға көмектеседі.