
- 04 там. 2025 08:38
- 14
Тоқаев Қорғаныс министрін қабылдап, армия қауіпсіздігіне баса назар аударды
Тоқаев Қорғаныс министрін қабылдап, армия қауіпсіздігіне баса назар аударды
Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдады. Кездесу барысында министр Президентке 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қорғаныс министрлігі атқарған жұмыстар туралы есеп берді.
Дәурен Қосанов армияның жауынгерлік әзірлігін арттыру, көктемгі шақырылым науқанының қорытындысы, әскери-патриоттық тәрбие жүйесін жетілдіру мен әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету шаралары жөнінде баяндады.
Мемлекет басшысы әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталып, әскери борышын өтеу барысында орын алатын жарақат алу мен қаза болу оқиғаларының алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
Президент Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығы мен әскери тәртіп деңгейін көтеру қажеттігін баса айтып, әскери инфрақұрылымды жетілдіру, әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайын жақсарту және оларды әлеуметтік қорғау шараларын жалғастыруды тапсырды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіне нақты міндеттер жүктеп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жұмыстың сапалы әрі жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екенін ескертті.