Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 12 сағат бұрын)
Еуроодақ миграция талаптарын күшейтіп жатыр

 

Еуропалық Одақ көші-қон саясатын қайта қарастырып, елеулі өзгерістер енгізуді қолға алды. Жаңа бастаманың шеңберінде Еурокомиссия қауіпсіз елдердің ресми тізімін жариялады. Бұл тізімге енген мемлекеттерден келген мигранттар босқын мәртебесін ала алмай, өз елдеріне қайтарылуы мүмкін.

2025 жылғы 16 сәуірде белгілі болғандай, тізімге жеті ел кірді: Бангладеш, Колумбия, Косово, Египет, Үндістан, Марокко және Тунис. Бұл жаңа ережелер ЕО-ға мүше мемлекеттерге босқын мәртебесіне қатысты өтініштерді жылдам қарауға, сондай-ақ өтініші қабылданбаған азаматтарды жедел елдеріне қайтаруға жол ашады.

Еурокомиссия өкілдері бұл өзгерістер көші-қон қызметтеріне түсетін жүктемені азайтып, жүйені тәртіпке келтіруге бағытталғанын мәлімдеді. Миграция мәселелері жөніндегі комиссар Магнус Бруннер: «Көптеген мемлекеттер өтініштердің шектен тыс көбейіп кеткеніне алаңдаулы. Сондықтан шешім қабылдау үдерісін жеделдету – басты міндеттердің бірі», – деді.

Бұл жаңашылдық Еуропаға қоныс аударғысы келетін қазақстандықтарға да әсер етуі мүмкін. Себебі талаптардың күшеюі, әсіресе босқын мәртебесін алуға ниеттілерге айтарлықтай кедергі келтіруі ықтимал.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама