Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 42 минут бұрын)
Иран Сыртқы істер министрлігі: Жоғарғы көшбасшы Моджтаба Хаменеи жақсы жағдайда

Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеидің жағдайы жақсы және елдегі мемлекеттік жүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи мәлімдеді.

Бұл мәлімдеме India Today телеарнасына берген сұхбатында айтылды. Багаидің айтуынша, жоғарғы көшбасшы өзін жақсы сезінеді, ал елдің қарулы күштері қорғаныс жоспарларына сәйкес әрекет етуде. Ол сондай-ақ халықтың қазіргі жағдайға қарамастан бірлік танытып отырғанын атап өтті.

Бұл мәлімдеме аймақтағы әскери шиеленістің күшейіп тұрған кезінде жасалды. Бұған дейін, 28 ақпанда Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Иранға қарсы алдын ала соққы жасалғанын хабарлаған болатын. Сол шабуылдардан кейін екі ел де өз әуе кеңістігін жапты.

Кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Америка Құрама Штаттарының да Иранға қарсы әскери операцияға қатысып жатқанын растады. Пентагон бұл операцияны «Эпикалық ашу» деп атады. Ақ үй бұл әрекеттерді Иран тарапынан туындауы мүмкін зымырандық және ядролық қауіппен байланыстырды.

Өз кезегінде Иран Израильге ондаған баллистикалық зымыран ұшырды. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базаларына, соның ішінде Катар, Біріккен Араб Әмірліктері және Бахрейн аумақтарындағы нысандарға дрондар мен зымырандар арқылы соққы жасалғаны хабарланды.

Жаңалықтар

Жарнама