Жылқы жеген жырындылар
— Жырыңды деп кімді айтады?
— Жырынды деп қасқырды айтады.
— Жоқ жырынды деп әккі болған қу адамды айтады.
Екі колхозшының сөзі осылай басталып келе жатыр еді, олардың сөзін көк лақты көкпар етіп тартып жылғадан шыға келгендердің ат аяғының дүбірі бөліп жіберді. Дәл ортада көксерекпен көсілтіп келе жатқан «Ақтерек» колхозы председателінің орынбасары Қадақов, шамасы көкпар сонда болуы керек. Оған таяу біреу жиі-жиі бар дауысымен бақыра түседі.
— Әкеңде болса берме, әкеңде болса берме! Бас қамшыны көксерекке. Еңірет! Боздат!— Бұл айғай біте бергенде-ақ көкпар ұсталып қалып дода тартыс басталып кетті.
Енді біреу, екінші біреуге өктем сөйлейді.
— Ой қарабасқыр, белің бүгіліп, қабырғаң сөгіліп қартайып тұрсың ба, ұмтыл, жармас. Сендей күнімізде...
Енді біреу атын қамшымен жанып-жанып алып, қамшысын аузына тістеді де, ол атын тебініп ілгері ұмтыла беріп, айғырша кісінеп көкпардың пұшпағына жармаса түседі. Көкпар алып қашқан шабандоз аздан кейін тағы қайта ұсталып қалып, додаға түсті. Шапқанда Кадақов алда болса, жұлмада жылқы фермасының меңгерушісі Ділдаев ешкімге жол берер болмады. Қатты тартыстан біреудің құйысқаны қиылып, біреудің тартпасы тарс кетеді. Олардың кейбірі аттан аударылып түседі. Оған қараған ешкім де болмайды, «әкең де болса, берме» деп екілене түседі.
Сұрастыра келгенде бұл той емес, ас болып шықты. Асқа азғана мал сойылған жоқ, құйрықты кепелер де, сарыаяқ қозылар да, марқайған бағландар да, сүбелі саулық, ту тұсақтар да болды. Апыр-ау, мына Қадақовтың өзі бір мырза жігіт екен ғой деп, аузы майға толған соң мақтау айтып, көпіршіп отырғандар да жоқ емес мұнда. Тураушыда туғаның болсын деген, туысқанына жарылмағанда, қашан жарылады дегендер де табылады. Ішкені алдында, ішпегені артында деп тойған сайын «тобалап» отырғандар да толып жатыр.
Астың аяғы ат сатумен ұласты. Қадақов пен Дудаевтар колхоздың жылқы фермасынан бірнеше жылқыны бір мың сомнан сатып жіберді. Бірақ бұл ақша колхоз кассасына тегіс түспей ырымдап-жырымдап, жарымдап-жартылап өткізілді. Осындай қызу сауданың үстіне колхоздың аға жылқышысы Байбосын бір жақтан сап ете түсті. Нақ осы кезде екі асыл тұкымды биені Ділдаев қосақтап қойып, өзі құлағын кесіп, ен салып жатыр еді.
— Тарт қолыңды, колхоз малынан!—деген өктем дауыс естілді. Өзі өсірген малды өрістен үлестіріп жатқандарға шыдамаған жылқышы екен.
Шатақ осыдан басталды. Ділдаев өзі ферма меңгерушісі оны тыңдай қойсын ба, екі биені аздан кейін-ақ артық баға қойып саудалап сатып жіберді. Есебін тауып екі мың сом пайда түсірді. Ал фермадағы сатылуға тиісті шаруашылыққа жарамсыз деп табылған шолақтар қала берді. Құныққан құлқын құнанға қанағаттана ма, онымен де қоймады, ол екі дөненді алып, оның бірін мініп, бірін жетектеп тартып кетті. Базардағы сауда да осындай-ақ болар, бір биені сырттан келген бір қаңғыбас әйелге өгізге айырбастағанда арасына Жұмекең делдалдыққа жүрді. Зады ол сіріңке пайда тапса керек, өзі өгіз болса, өзі семіз болса оны Ділдаев колхозға қалай қисын, былай шыға беріп оны өзі пайдаланып кетті.
— Апыр-ай, өзінің жүрегінің түгі бар екен,— десті мұны көрген колхозшылар.— Осындай сүмелектігі үшін бес жылға сотталып, өткен жылдары ғана келсе де жеуден жалтармаған да, жалықпаған да екен. Жүрегі де шайлықпапты.
Байбосын қып-қызыл қылмысты көре отырып тыныш таба алмады. Ұрлығына көз болғанды кім жақсы көрсін, нақ осы жерде Ділдаев Байбосынды жылқыдан шығарды да тастады. Оның үстіне Ділдаев Бекбосынның мың сом ақшасын да ебін тауып қолына түсіріп алды. Өз ақшасын сұрай барғанда Байбосынға ол: сандықта шіріп жатқан ақша бар, содан алмаймысың,— деп кекетті.
Байбосын он сегіз жылдан бері осы «Ақтеректің» жылқысын бағатын еді. Ол жылқыны өткізіп алғанда колхоздың 140 жылқысы бар еді, сойғанын, сатқанын қоспағанда Байбосын екі жарым мың жылқы өткізіп берді. Жылқыны өсіруге көп еңбек сіңірген үздік енбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советі президиумының Құрмет грамотасымен, «Социалистік ауыл шаруашылығының озаты» значогымен наградталды. Міне жылқы жеген жырынды жылымдар ұялмай-ақ оны заңсыз босата салды.
Әркімге бір ат мінгізетін адамның сөзін сөйлейтін кісі көп болады екен, Байбосын шындықтың түбіне жете алмай-ақ қойды. Қайда барса да Қадақов пен Ділдаевтың сөзі алдынан шығады да тұрады. Бір қызығы алты парақ қағазға акт жазса да, оның қолындағы малды өткізіп алғанда мойнына алты тиын да мінгізе алмады. Әйтеуір соза жүріп соғып қалсақ деген ойы бар. Байбосынның тапқанының тамтығын ғана бергісі келеді. Бастан жырып жеп үйренгендердің кәдесі дағы.
— Ауданыңды білмейміз, ауылдық мықты. Міне, ақшаңды да алмайсың, бидайыңды бермейміз,— деседі екеуі қосарлана. Байбосынға үстімізден арызыңды бере бер, өлсек те жеп өлелік деседі олар. Шынында да олардың өлсе де жеп өлгісі келетін болса керек. Ділдаев жылқышы Байсалбаевқа алғызып тұрып, шабдар биені сойып алды. Осыны әбден зерттеген ауыл жастары олар туралы өлең де шығарып алған.
Қадақов-ау, Ділдаев,
Жүруші едің ілмиіп,
Жегеніңді білдірмей,
Шығармай жүрсің тісіңнен
Арамнан жиған мал жаман,
Жылмай ағар ішіңнен.
Шындықты айтқан бұл өлеңге біздің алар-қосарымыз болмайды. Тек аудандағылардың үндемейтіндігі бізді қатты ашындырады. Олар — бәрінен ауылдық мықты дегенге басын изейді. Аңқауланып отырып, Ақтеректегі жылқы жеген жырынды қуларды құрығына өзіміз түсеміз бе деп жүрексіне береді, Өйткені... Кім білсін!..
1954