Жынды қойдың етін жеген қасқыр
Ол да бір заман еді-ау. Кеңес үкіметі төңкеріліп түсіп, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ дүниенің астаң-кестеңі шығып жатқан кез. Сонау 93-тің тақырланған тауық жылы-тұғын. Қараша айының соңғы парақтары қырқылып, сүреңсіз желтоқсанның сұрғылт бұлты қоюланып әне-міне терістен орай соғатын сырғыма ақ боран басталатын сыңайда, аспан толғағы ауырлап, еңсені зіл басқан көңілсіз күндердің бірі еді. Жиегі қырқылып ақтазданған, әрі ыстанып түтін иісі сіңген түлкі тымағын милықтата киіп Кәден шал сыртқа шықты. Желді күнгі көлдің толқынындай қатпар-қатпар әжімін тыржитып аспанға қарады.
— Япырмай, мына күннің ашылатын түрі жоқ. Қостағы балалар не болып жатыр екен, — деп, совхоздың жылқысы қыстайтын қүрең адыр жаққа қарап ұзақ тұрды.
Заман осылай құбылады деп кім ойлаған. Көрген түс сияқты өтіп жатқан өмір. Кәден қария жыл жарым бұрын екі отауын жетелеп, әулеттің қарашаңырағын бастап, атамекеніне сонау Қобда бетінен көшіп келген. Алғашында совхоздың бір отар саулық қойын бақты. Жаз жайлауға шықты. Қобданың боз талынан иіп жасаған, уығының қары бозбаланың білегіндей алты қанат ақ үйін Жетімтөбенің бауырына тікті. Сарысудың кебер арнасын жағалай жайлаған шопандар ерулікке шақырып мәре-сәре, жаз да өтті.
Қыркүйектің аяғында күзеулікке келіп қонды. Құдайға шүкір, малдың бабын бір кісідей біледі, саулықтарының күйі жақсы. Бірақ бір түсінбейтіні: осы қойлар мал сияқты дүркіреп тұрып, өмірі бір үрікпейді. Айдалада тоқтап тұрған жүк көлігін көрсе болды, солай қарай маңырай шұбырады-ай келіп. Сөйтсе, ала қыстай машинамен жем шашып, жаман үйреткендіктен, мал екеш мал да жанын қинамай жейтін тегін тамақты аңсап, мотордың үнін естісе, «азанның» дауысын естіген сопылар сияқты елеңдеп тұрады екен. Ештеңеден үркіп, қорықпайды. Қазақстанның қойы осындай жуас болады деп кім ойлаған. Мал емес, жаңа тұрпаттағы адамзатқа әлі белгісіз хайуан сияқты. Кадекең осының құпиясын таппай басы қатып жүр.
Әнеугүні жайылымға шығуға жарамай, ауылдың шетінде қалған төрт-бес басқа тапа-тал түсте қасқыр шапты. Қыста туған бөлтірік екен. Ақсақ қоңыр тоқтыны алқымдап апарып, жалғыз тартып жұқа шабын жарды да, ішек-қарнын ақтарып жей бастады... Мына құдіретті қараңыз, қасындағы басқа қойлар түк болмағандай пысқырып қойып, қасқырды айналып жайылып жүр. Шабдар бестісін омыраулатып шауып келе жатқан Кәден мына қызыққа қарап ұрып қалды. «Е, бәсе!» деді қария:, — бұлар мал емес екен ғой. Көкірегіне біреу ине шаншып алғандай ашып кетті. Күйінгеннен болар «аһ!» деп бір ақырып жіберіп, атының басын кері бұрып жүре берді. Айналып артына қараса, жетім қозы бөлтіріктің құйрығын иіскеп тұр екен. Кәден күні-түні ойланумен болды. Бұл не сұмдық!!!
Бір күні зоотехник Дәукен келді. «Ертең қыстауға көшіңіз, совхоздан адамдар келіп, қой шағылыстырады». Түсінікті, қазан айы орталап қалды, «күйек алатын» болғаны ғой. Ертеңінде қыстаққа қошқар емес, шала масаң, рең-басы қураған кәрі теректің қабығы түстес үш еркек келді. Зоотехник айтқан қой шағылыстыру науқаны басталды.
Кәдекең сонда барып: «Е, енді білдім, барлық пәле осында екен-ау». Табиғат жаратқан малды қолдан ұрықтандырып, жасанды хайуанға айналдырып жіберген. Бақандай жиырма жыл осылай істепті. Көріңде өкіргір Кеңес үкіметі. Басқасы — басқа, қойдың қасқырды танымауы не деген сұмдық!!! Осының етін жеген адам да кімнің дос, кімнің жау екенін ажыратпайтын меңдуана мәңгүртке айналмай қайтеді. Әлгі қасқыр да көкбөрі атынан айырылып, қотанның жұп-жуас «ит-құсына» айналатын шығар...
Сол күннің ертеңінде Кәдең бір отар саулықты өткізіп беріп, екі баласымен бірге жылқы бағуға шықты. Бүйтіп қор болған қой баққанша Қамбар атаның түлігін қайырайын.
***
Кәдең жабағы бұлт байланған аспанға тағы қарады. Мына күннің райы жаман, қатты боран болатын түрі бар, балаларға бас-көз болып сол жаққа барғаны жөн шығар. Арба торыға ер салып, жылқышылар қос тіккен Көкөзекке қарай беттеді. Алыстан байқап келеді: екі атты адам қүрең қырқаны кесіп өтіп, ылдиға қарай ағызды. Бірдеменің артынан түсіп тақымдап қуып жүрген секілді. Әне-міне дегенше, әлгілер шаң боратып қайтадан өрлей шапты. Қым-қиғаш, қиқулай шапқан екеу ескі зиратты айнала беріп, опыр-топыр болды. Алыстан анық байқалмайды, олар бірдемені ұстап алып, байлап-матап күйбіңдеп жатқан сияқты ма, қалай...
Арада сүт пісірімдей уақыт өткенде Кәдең де келіп жетті. Қызықты қараңыз, екі ұлы арлан қасқырды ұстап алыпты да, аузына қамшының сабын көлденең тістетіп, тұмылдырықтап байлап тастаған, ит сияқты жетектеп жүр. Оқиға былай болыпты. Жылқыға қасқыр шапқан. Оны көрген екі ұл жаратып отырған аттарына міне салып, қуып берген. Кішісі қасқырға жақындап келіп, құрулы қайыс арқанды тастап жібергенде, Алла сәтін салып қыл мойыннан іліне кетпесі бар ма?! Қасқырды жүз метрдей сүйретіп есінен танғанда аттан түсе қалып байлап алған. Бейбақтың жүні жығылып, теңселіп тұр. Кәдуілгі ит сияқты жетектеп еді, жүріп кетіпті.
«Е, осылай боларын білгем» деді Кәдең: мына жақтың қасқыры да жуасып қалған. Себебі, бұның бәрі жынды қойдың етін жеген.