Сағындым сені, KZ
Университет бітірген соң жұмысты бір жыл іздедім. Дұрысы өзім іздеген жоқпын әкем іздеді. Оқуды жаңа бітірген, оң-солын танымайтын мен сияқты кішкентай ғана түйіршікті кім көзіне іле қойсын. Сондықтан үйде отырып әкемнің әкелетін жаңалығын күттім. Екі ай дегенде хабар жетті. Әдеттегідей үйге асығыс кірген әкем жаңалығын қысқа қайырды.
— Қыркүйектің жиырмасында мектепке жұмысқа шығасың.
— Неге мен бірінші қыркүйек күні бармаймын? — деп шар ете қалдым. Шынында қалыпты мектептерде солай ғой. Жаратылысынан сөзге сараң әкем бұл жолы да көп сөйлемеді.
— Құжаттарыңды апарып өткіз. Жаңадан ашылған мектеп.
Әкемнің сөзі талқыланбайды, артық сұрақ қою бос әурешілік. Үндемей мекен-жай жазылған бір тілім қағазды қолыма ұстатып ауылға кетті.
Шығып бара жатып:
— Уақытылы бар, кешігіп ұятқа қалып жүрме, — деді. Оның айтқысы келгені басқа еді. Ұятқа қалдырып жүрме!
Ертеңіне айтылған мектепке келдім. Сары-көк ғимараттың жанында бір қылпық жоқ. Есіктің алдына тақтайдай тегіс оюлы тастар төселген. Қоп-қоңыр соңғы үлгідегі пластик терезелерді әлдекімдер жуып жатыр. Ішке кіре бергенде алдымнан орта жастағы әйел шықты.
— Ә, жаңадан келдің бе? Құжаттарыңды өткізген соң жұмысқа кіріс, — деп терезе жуып жатқандарды нұсқады.
Түсінікті. Жиырмасына дейін мұнда тазалау, сырлау жұмыстары жүреді екен. «Қабылдау бөлмесі» деген есікке жеттім. Хатшы қыз аяғымнан бастап, басыма дейін сүзіп өтті де:
— Директор жоқ. Қарама-қарсы есікте әйелі отыр. Соған бар!
Жүре жауап берген ол қолына айнасын алып, бетіне опа жаға бастады. Амалсыздан хатшы нұсқаған есікке беттедім. Ашық тұр екен. Ішінде басына гүлді шәліні дағарадай етіп ораған, қоңыр көйлегінің сыртынан барқыт жеңсіз киген әйел әлдебір қағаздарға шұқшия қарап отыр. Ашық тұрған есікті тықылдаттым:
— Кімсің? — деді ол басын көтеріп.
— Жұмысқа... Құжаттарымды тапсыруға келдім, — дедім үзіп-жұлып. Әйелдің көк көзі өңменімнен өтіп кетті. Дұрыс сөйлей алмай шашалып қалдым. Ауылдың сауыншы әйелдері сияқты киінгенімен, сөзі өктем.
— Аты-жөнің кім? Құжаттарымды қолына ұстаттым. Әйел үстелінің шетінде жатқан қызыл кітапшаны ашып, біраз ақтарып отырды. Әлден уақытта киіз кітабынан іздегенін тапқандай бір бетіне шұқшиды:
— Ә, Ердостың адамы екенсің ғой. Хатшы қызға өткіз, — деп қолыма құжаттарымды қайта берді.
Үндемеген күйі шығып, хатшы қызға қайта келдім. Енді байқадым, бір қарыс юбка киген қыз көзінің айналасын түгел қоршап бояп тастапты. Шашының төбесін қысқа етіп қиған, ұзындығы иығынан төгіліп тұр. Бос уақытында сыланып отыратын сылқым ғой деп түйдім. Жасы менімен шамалас қыздың аты Әсел екен.
— Жіберді ма? Өзі осы жердің ханшайымы сияқты. Билеп-төстеп барады.
— Директорымыздың директор деген аты ғана, әйелі бастық, — деді жақтырмай. Кім туралы айтқаны белгілі.
— Дипломың бар екен, — деп ернін тұштитты.
— Мен үш жылдан кейін аламын. Информатика, — деп қойды. Дипломымды одан бұрын алғаныма кінәлағандай тыржиды. Қылықтары жасанды.
— Жеке парақшаға жиырма теңге. Құжаттарыңды реттегенім үшін маған жиырма теңге бересің.
— Сабақ қаншасы басталады? — деп сұрадым елу теңгені беріп жатып.
Қызметі ақылы хатшыны бірінші рет көруім.
— Қазір оқушыларды, мұғалімдерді қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді бір айда басталып қалар.
Бір жыл күткен шыдамымыз, бір айға жетер деп кері бұрылдым.
Қыркүйектің аяғында деген жұмысыма желтоқсанның басында бір-ақ шықтым. Осы уақыт аралғында әкеме күнде қоңырау шаламын:
— Қашан?
— Күт! Өздері хабарласады.
Таңертеңнен кешке дейін ұйқыны қандырып, теледидар көру ермегіме айналды. Жалқаулық иығыма жатып алды. Түнімен теледидар қарап, күндіз ұйықтайтын әдетім. Тек тамақ ішу үшін тұрамын. Осындай маңызсыз күндердің бірінде телефон шырылдады. Әсел екен.
— Сені директор шақырады.
Барымды киіп мектепке шықтым. Кіре бергенде дәлізден тәтті иіс шығады. Асхана төменде болса керек. Оқушылардың абыр-сабырымен мектепке жан кіріп қалыпты. Әселге келдім. Бас изеп, директордың кабинетін нұсқады.
Іштен:
— Кіре бер! — деген дауыс шықты. Директорды көргенде күліп жібере жаздадым. Кішкентай бойлы, тығыншықтай. Өткендегі шәлі ораған әйелден аумайды. Ерлі-зайыптылар бір-біріне ұқсайды деген рас-ау.
— Сағат бөліп қойдық. Арша әпкеңе бар, сол біледі, — деп көзілдірігінің үстінен қарады директор. Өзінің қарамағында жұмыс істейтін мені бір көру үшін ғана шақырған сияқты. Арша әпкемнің сықпыты түзеліп қалыпты. Драптан тігілген костюм-юбкасы өзіне қонымсыз көрінді. Маған таныс киіз кітабын ашып, парақтап отырды.
— Тоғыз сағат, үйірме, — деді.
— Не үйірме, жоспары бар ма? Бағыт-бағдар кім береді?
— Айналайын, бұл жаңадан ашылған мектеп. Сен сағаттың табылғанына қуансаңшы.
— Маған толық жүктемемен жұмыс істейсің деп айтты ғой.
— Кім айтты? — деген Арша әпкейімнің көзі шытынап шыға келді. Өзім именіп қалдым.
— Ердос аға, — дедім өзінен естіген ағамды айта салдым.
— Ә, кішкене шыда! Ыңғайын келтіреміз, — деді лезде жібіп.
Мектепте бір ай бос жүрдім. Бағыт беретін адам табылмады, менің жұмыста жүрген-жүрмегенімді тексеретін ешкім байқалмады. Бір мезгіл мектепке келіп мұғалімдер бөлмесінде отырып-отырып кетемін. Тіпті, жоспар жасап отырған қыздарға қарасам ішім күйетін болды. Өзіммен бірге оқыған Салтанат пен Гүлдара осында екен. Журналдарын көтеріп кабинетке кіріп бара жатады. Екеуі ілдебайланып жүріп бітірген болатын университетті. Ал мен күндіз-түні кітап жастанып жүріп қызыл диплом алған адаммын. Жұмысқа келіп-кететін директордың басшы екенін орынбасары Арина ғана есімізге түсіреді. Үнемі «Тасқын Тайқиевич, керемет адам. Адамгершілігі мықты. О, түсінігін айтсаңшы» — , деп отырады. Оның сөзінен біз директордың образын көрген боламыз.
Бұлай жүре бергенім жарамайтынын түсініп «Шешендік өнер» үйірмесін ашайын деген ұсыныспен әлгі Аринаға кірдім. Ол жанып түсті. «Міне жұмыс істейтін нағыз педагог»,— деген сөзінен төбем көкке жетіп барды-ау. Екінші тоқсан біткен соң алтыншы сыныптың жетекшісі Әтіркүл сөгіс алды. Бұл уақытта менің абыройым әжептәуір өсіп қалған. Үйірмемде сексен оқушы бар. Бәрі ынталы, қосымша сабақтан қалмай, үнемі мені іздеп жүреді. Осы себеп болды ма, әлде Ердос ағайымның есімі есінде ме әйтеуір бір күні Арша шақырады деген соң кабинетіне бардым.
— Мына Әтіркүлдің сыныбын саған беремін, сағатымен қоса. Бұзық балалар топтасқанын білесің. Жинақта! — деп бұйрық берді. Жаңадан ашылған мектепке кім жақсы оқушысын жібере қойсын. Әуелгі кезде Әтіркүл түгілі тәжірибелі деген мұғалімдердің өзіне қиын соққаны рас. Оның үстіне Әтіркүлге тигені «Д» сыныбы еді. Әдетте «А», «Ә», «Б» деген сыныптар үздік келеді де әліппидің соңғы жағындағы әріптерді иеленген сыныптар әлсіздеу болады. Мен сыныбыма кіргенде отыз оқушы орындарында емес, аспанда қалқып жүргендей көрінді. Қатарластарынан кішкентай болып көрінетін бала әжетхананың қағазын тарқатып, бүкіл кабинетті айнала жүгіріп жүр. Партаны, еденді шұбатыла созылған ақ қағаз жауып қалған. Сәл толықша келген ақсары ұл бала шашын екі бұрым етіп өрген қыздың бетіне айна тосады:
— Қарашы, қарашы маймыл саған қарап тұр, — деп бүкіл сыныпты күлдіргеніне мәз. Менің кіріп келгенімді байқағанымен балалар үстемдікті осы бастан алғысы келгендей іс-әрекеттерін тоқтатар емес. Мына сурет жұмысыма деген құлшынысымды іркіп қалғандай болды.
Өз-өзіме тез келдім де:
— Қане, бір минут күтемін! Түгел жинаңдар!
Әлгі кішкентай балаға көзімді тік қададым. Томпаңдап қағаздарды жинап болып, орнына барып отырды. Қисық-қисық тістерімен маған қарап ыржияды:
— Атың кім?
— Өмір.
— Әп-әдемі атың бар екен. Ал миың сол атыңа лайық па?
Бала сөзімді өзінше түсінді:
— Әпкей менің миым қановый, — деді. Сынып ду күлді. Жымиғым келгенімен өзімді тежедім.
Ақ сары ұлға бұрылдым:
— Сенің атың кім?
— Қайрат, — деп басын төмен салбыратты бала.
— Айнаң қайда?
— Сол айнаға өзің қарасаң кімді көресің? Ол ұялып кетті.
— Енді қайталанбайды!
— Сенейін, уәдеде нағыз жігіттер ғана тұрады. Қайрат басын шұлғи берді. Журналды қолыма алып, түгендеп шықтым.
— Мен сендердің сынып жетекшілеріңмін.
— Біздің Әтіркүл әпкейіміз қайда? Сол кісі жақсы еді, ұрыспайтын, — деп Өмір саңқ ете қалды. Түсінікті. Осы сыныптың атаманы өзі болды.
— Әтіркүл әпкейлерің сендерге ренжіп кетті. Ол тәртіпті сыныпқа сабақ береді, — дедім. Осылай сыныбыммен танысып, мекен-жайларын анықтап болғанша қоңырау соғылды. Бағанадан бері тырп етпей отырған сынып тыпырлай бастады.
— Қоңырау сендерге емес, мұғалімге соғылды, — дедім оларды сабырға шақырып. Осы кезде кабинетке ұзын бойлы, шашы қысқа қыз кірді.
— Раушан әпкей, — деп бәрі шу ете түсті. Мұғалімге деген оқушылардың ыстық ықыласын байқамау мүмкін емес еді.
— Сен жаңа сынып жетекшісі боларсың? Бұлар өте жақсы балалар, — деп маған жаңа сыныбымды мақтай жөнелді ол. Оның сөздері байқаймын балаларға жағып барады.
— Раушан, — деп қолын ұсынды.
— Тарихтан сабақ беремін.
Мен Раушанмен осылай таныстым. Сол күні алты сабақтан соң сыныбыма кірсем Ермек жоқ. Топбасшы Қарлығаштан сұраймын, ол төмен қарайды. Жетекшілік тәжірибемдегі бірінші оқыс оқиға мені қатты алаңдатты. Мұндай жағдайда не істеу керектігін білмейтінмін. Қайрат пен Ермек қаламсапқа таласып, шекісіп қалады. Ермекке Қайрат отыратын орындықты лақтырып жібереді. Қайратты батыр санаған оқушылардың мазағы Ермекті намыстандырып, шыға жөнелген. Сол күйі соңғы сабақ математикаға қатыспаған.
— Неге маған ертерек айтпадың? — деп Қарлығашқа ашуландым.
— Апай, сізді таппадым, — дейді ол төмен тұқырып. Жүгіре көшеге шықтым. Жанұшыра бүкіл үйдің ауласын қарап, әр подъезді аралап жүрмін. Ермегім үшті-күйлі жоқ. Қорқайын дедім. Кім біледі кішкентай бала неге ұрынарын. Алдында ғана жоғары сыныптың бір оқушысы мұғалімнің ұрысқаны үшін тамырын кесіп ауруханаға түскен. Ермекті таппай мектепке қайта келдім. Қабылдау бөлмесіне барып үйіне телефон шалдым.
— Ермек келген жоқ па?
— Жоқ, не болды?
Анасы болу керек, алаңдаған даусынан байқалды. Он минутта аяғы ауыр келіншек жетті мектепке.
— Құдайым-ау, оның талма ауруы бар еді, бір жерде құлап жатпасын, — деп үрейімді одан сайын алды. Қолымнан келер қайран жоқ, уайымыма Ермектің екіқабат анасы қосылды. Ай-күні жетіп отырған адамға бірдеңе болып қалар ма екен деп дегбірім кетті. Сол аралықтағы уақыт, ғасырдай көрінді. Мектеп инспекторы бар, дәлізінде тұрғанбыз:
— Апа, — деген дауысқа жалт қарадық. Ермек екен. Жетектеп келген Раушанның қолын босата салып, анасына жүгірді.
— Ботам, сонша қорқытқаның не? Анасының бауырынан шыққан Ермек мені енді көрді.
— Кешіріңіз әпкей, енді Қайратпен төбелеспеймін. Оған түрлі-түсті қарындаштарымды берсем бола ма? — деп анасына қарады.
— Аялдамада отыр екен. Екеуміз біраз сөйлестік,
— деп Раушан маған «үндеме» дегендей ым қақты.
— Бүгін біздің үйге жүр, әңгімелесейік, — деді сол күні ол.
Салынғанына жарты ғасырдан асқан төрт бөлмелі ескі жер үй. Шай қойып келген Раушан отбасылық суреттердің альбомын ұстатты. Ашып қарап отыр мын.
— Мынау ағам, әпкем, мынау кіші әпкем. Әкем мен анам.
Көздері қиық, бойлары ұзын емес Раушанның бауырлары беттері томпиып, бір-бірінен аумайды. Ал сұңғақ келген менің құрбым олардан ерекшеленіп тұр.
— Раушан-ау, сен кімге тартқансың, ешкімге ұқсамайсың ғой, — деп айтып қалдым ойымды жасырмай. Күлді де қойды.
— Орыс тіліне судайсың. Ағылшын тілін бір кісідей білетініңді байқадым, — дедім.
— Менің тіл үйренуім оңай. Әйтпесе, мектепте де, университетте жарытып оқығаным шамалы.
— Қайда оқыдың?
— Шымкентте.
— Ол жаққа қалай барып жүрсің?
— Нағашыларымды жағаладым. Раушан туралы бар білген ақпаратым осы болды.
Сол күні Раушанмен достасып, мойныма 6 «Д» сыныбы деген үлкен жүктеме алып, айлық жалақымның көбейетініне көңілім тоғайып қайттым. Түнімен сыныбымның болашағына жоспар түзеп, таңертең кешірек оянғанмын. Терезенің алдына барып сілейіп қатып қалдым. Алғашында түсім екен деп түсінбей қалдым. Шынында бұл түсім емес, өңім еді. Көшедегі машиналар аппақ жамылғы жамылыпты. Тіпті, биіктеп кеткендей. Шамамен бір жарым метр қар жауып, қаланы бір түнде басып қалған. Көліктер тоқтап, айналаны аққа оранған тыныштық басқан. Қыбыр еткен жан көрінбейді. Табиғаттың тосын мінезіне түсіне алмай, мектепке қалай жетерімді білмей дал болып отырғанда телефон шырылдады. Әкем екен. Табиғаттың тосын құбылысы бұдан алпыс жыл бұрын орын алғанын айтып, үйден шықпауымды бұйырды. Осы әкем қызық, көшеге шықсаң адамдар басып кетеді, адасып кетесің, жоғалып қаласың деп өсірді. Енді міне, есейгенде езу тартқызатын ақылын аяр емес. Онымен сөйлесіп, тұтқаны қоя бергенімде телефон тағы шырылдады. Хатшы Әсел екен:
— Директор мектепке мұғалімдердің бәрін жина деп айтты. Қар тазалаймыз. Ертерек жет!
— Сен қалай жеттің? — дегенмін Әселдің жұмыста отырғанына таң қалып.
— Үйім мектепке жақын, жалғыз аяқ жолмен жеттік қой, әйтеуір. Айтпақшы, Раушан сенің үй жағыңда тұрады ғой, екеуің бірге келерсің, — деді.
Белден келетін қарды омбылап келеміз. Раушан алда. Оның бойы менен әлдеқайда ұзын, әрі денелі еді. Құдды мені қамқорлығына алған туғанымдай жолымда жатқан қарды таптап, әлсін-әлсін тоқтап күтіп алады.
— Мен үнемі осы жолмен мектепке барып-қайтамын. Ең қысқасы осы. Бір жарым сағат кетеді.
— Сонда таңертең нешеде шығасың? Маған Раушанның айтқаны өтірік сияқты көрінді.
— Сегіздегі сабаққа алты жарымда шығамын. Мен оның жолақыға ақшасы болмай жеті шақырым жерді жаяу жүретінін енді ұқтым. Өзімнің сенбегеніме ұялып кеттім. Байқап келемін, ол бір аяғын сылтып басады. Бірі, екіншісінен қысқарақ көрінді.
— Түу, аяғым ауырып кетті, бір демалып алайықшы, — деп ол отыруға ыңғайланды.
— Отырсақ отырайық, — дедім, қуанып, зорға шыдап келе жатқанмын. Аяғымдағы қысқы етік, тобыққа жететін тон, тоқылған бас киім терлетіп жіберген болатын. Раушанның маған қарағанда жағдайы жақсы сияқты. Жеңіл куртка, жайтабан етік, қара шалбар киіп алыпты. Қар қалың болғанымен күн жылы. Екеуміз сөмкемізді төсеп, тоқтаған жерімізге отыра кеттік. Жерге жайғасқан соң көк аспаннан басқа дүние көрінбей қалды ақ қардан.
— Аяғым сырқырап кетті, — деп Раушан тізесін уқалай бастады. Маған бір тізесі екіншісінен үлкендеу, әрі жасанды сияқты көрінді.
Қателеспеппін:
— Отаға түскен аяқ еді. Тіземнің ұршығы пластмасса, — деді.
Оның айтқанын миым қорытып үлгермеді:
— Алтыншы оқып жүргенде қозы баққаным есімде. Бір күнде тізем ісіп, жатып қалдым. Анам сынықшыға алып барыпты. Сынықшы жілігімді шығарып, қайта салыпты. Содан аяғым шарадай болып ісіп кетті. Жатып қалдым. Тіпті, ес-түсімнен айрылдым. Әкем қалаға дәрігерге алып келген екен, білесің бе не естігенін?
— Дұрыс салмаған ғой, — дедім мен жауап күткен Раушанға қарап. Ол басын шайқап, жымиған болды. Жымиысынан әлдебіреуге деген ызаны байқадым.
— Аяғым шықпапты.
— Сонда не болған?
— Тіземнің буынына бітеу сыздауық шығыпты. Сынықшы жілікті шығарып қайта салғанда әлгі бәле жарылып кеткен.
— Мәссаған, — жүрегім сыздап кетті.
— Сосын не болды?
— Сосын жатып қалдым. Ірің ұршығын жеп қойыпты тіземнің. Раушанның көзінің тостағаны толып қалды.
— Аһ, қателік-ай! Енді қарашы сен... — тілімді тістей қойдым.
Айтылмай қалған сөз Раушанның тостағанындағы толып тұрған моншақтарды тізбектетіп сыртқа атып жіберді. Мен әлдене деудің ретін таппадым. Бір жағынан жылап алсын, жеңілденіп қалар деп тұрмын. Раушан есін тез жиды.
Жылап тұрып күле салатыны қызық екен:
— Арша апаң қылғынып жатқан шығар!
Мен мырс ете қалдым. Өткеннің өзекті өртер сәттерін бүгінгі күннің күйбең тіршілігі тез басып кетті. Бірақ Раушанның жанарындағы жарқыл мен ойлы нұрдан қатар байқағаным ештеңе ұмытылмайтыны еді. Аппақ қарды омбылап мектепке жеттік. Есіктің алдында директор жоқ, әдеттегідей әйелі Арша қарсы алды бізді. Раушанның сөзі есіме түсіп жымидым.
— Қане қолдарыңа бір-бір күрек алып, мына қарды тазалауға кірісіңдер. Бұл жалғыз бізге берілген бұйрық емес. Суретші Қайрош, спортшы Әли бастаған қыздарға тапсырма.
— Мен күрек ұстамаймын, — дедім ағаш фанерден жасалған жеңіл күрекке қар толғанда қаншалықты ауыр болатынын салмақтап.
— Неге ұстамайсың? Қоғамдық жұмысқа араласпайтын болсаң сенің көк тиынға қажетің жоқ, — деді Арша ашуланып.
— Менің реактивті артрит деген ауруым бар. Ауыр көтеруге болмайды.
— Ауру болсаң «мүгедектік» алып жат үйіңде, жұмыс сенің не теңің?
Мен тістеніп тұрып қалдым. Қолымдағы ағаш күректі Раушан келіп жұлып алды да:
— Әпкей тазалап тастаймыз ғой, сіз бара беріңізші, — деді де, — Қане, жігіттер, кеттік, — деп қарды күреуге кірісті.
Біздің арамыздағы отты ары қарай өршіткісі келмеді ме, әлде менің жүзімдегі ызғардан бір бәлеге қалар деп қорықты ма, әріптестерім жұмысқа кірісіп, жағымсыз сәтті сеңдей бұзды. Раушанның сөзі әсер етіп, бір жағынан сырт кіиміз жеңіл шыққан Арша мектепке кіріп кетті. Ешкіммен сөйлесуге зауқым соқпай асханаға келдім. Мейлі кім не ойласа оны ойласын, бірақ Аршаның сөзі қанжардан өткір еді. Бір стақан шай алып ішіп отырғанмын, сырттан Раушан кірді.
— Саған да болмайды ғой күрек ұстауға, — дедім зілденіп. Аршаға деген ызам ытқып шықты.
— Өзі мазасыз екен. Әкімдіктен тазалайтын трактор келіпті. Кешірші, сені ойнап айтты деп айта алмаймын. Рас па? — деді. Құдды бір менің ауруымның диагнозын түсінетін дәрігерше, ертең осы дерттің кесірінен менен айрылып қалатындай қауіптеніп.
— Аурудың ең жаманы, — дедім.
— Аурудың жақсысы бар деймісің?
— Оқу бітірген жылы белімді көтере алмай жатып қалғанмын. Ауылымның дәрігерлері «сарып» деп диагноз қойса, қаланың сәуегейлері «ревматизм» деп бөсті. Жасаған емі қонбады. Дәрі-дәрмектен құлағым керең болып қалды. Сонымен қырғыздарға барып реактивті артрит екенін біліп келдік қой.
— Қол-аяғың балғадай, ауру адамға ұқсамайсың, — деген Раушан күмәнін жасырмады.
— Күтініп жүремін.
— Иә, мен де күтініп жүремін.
Раушан шай алуға кетті.
— Жаза салыңызшы, айлықтан беремін, — дегенін естіп қалдым.
— Мамам қатты ауырып жатыр, соған ақша керек.
Раушан менен ақша сұрап отырған жоқ. Ілдебайлап күн көріп жүретінімді біледі. Оның соншалықты қаражаттан қысылып, жаяулатып жүргенінің сырын енді ұққандай болдым.
— Сен Аршаға ренжіме, ол сөйлей береді, бейауыз ғой. Біздің ауылда тұрады, — деді.
— А, сендер көрші ма едіңдер?
— Мамам сүт сатады ауылда. Аршалар біздің сиырдың сүтін ішеді. Раушан рахаттанып тұрып күлді. Әлдебір жымысқы ойды ойлағандай кілт тоқтап қалды:
— Бұлай жыныма тие берсе, сүтке қылжитатын дәрі салып жіберемін. Мені өзімсініп қорғағысы келгені жүрегімді тербеп өтті. Әйтсе де:
— Қой қайдағыны айтпай, — деп самарқау қағып тастадым. Сол күнгі оқиға Раушан екеумізді тым жақындатып жіберген еді.
* * *
Жаңа жылға дайындық қызу жүріп жатқан. Мектептің ұзына бойы дәлізіндегі үлкен терезелерге суретшілер сурет салудамыз. Суретші деп жүргенім сурет пәнінен беретін Қайрош және шығармашылыққа икемі бар-ау деген үш қыз бармыз. Қайрош толықша келген жігіт. Қасы-көзі қап-қара. Үнемі костюм-шалбар киіп жүргенімен ол киімі өзіне жараспайды. Мақталы шалбар киген қойшылар сияқты көрінеді. Соған қарамай өте талантты. Суретшілігімен қоса ағаш шебері-тұғын. Әр кабинеттен мұғалімдердің шаңқылдаған даусы шыққаны болмаса, өлі тыныштық орнаған. Осы беймаралдықты «сақ» етіп айқара ашылған дәліздің сыртқы есігі бұзды. Ішке құшақ бумен қоса бір әйел кірді. Толықтығы сонша қайтып айналып есікті жапқанша дәліздің іші аңырап кетті. Елгезектік танытқан Қайрош жүгіріп барып есікті жапты.
— Директорларың қайда? Біз қабылдау бөлмесін көрсеттік. Түрі әлемтапырық әйелдің ашулы екені көрініп тұр.
— Баласын біреу ұрып жіберген шығар, — деді математик Сәуле.
— Мамасы мынадай баланы ұрып жүрген адам ақымақ екен, — деп езу тартты Қайрош.
— Қайрош, сен онымен шығасың ба? Бұл менің сөзім. Қайрошпен әзілдескім келіп кетті. Ол жымиып қойды. Құдайым-ау, қалай іші пыспайды екен деп ойладым. Мен осылай үндемей жүрсем жарылып өлетін едім.
— Қайда ол, өзін тауып беріңдер! — деген ащы дауысқа бәріміз жалт қарадық. Директордың кабинетін іздеп жүрген әйел. Арғы жақтан шынашақтай болып Әсел көрінді:
— Мен қайдан білемін? Мұғалімдерден сұрасаңызшы... Ол бізге қарай жүрді. Не айтатынын болжай алмай тұрмыз.
— Раушан деген мұғалімді қайдан табамын?
— Тарихшы ма? Мына қыз біледі, құрбысы ғой, — деп Сәуле мені нұсқады.
— Ей, қыз, тыңда мені, — деп әйел маған жақындағанда жүрегім дүрсілдеп кетті. Енді байқадым, мойнында жуандығы білектей алтын алқа. Аузын ашса алтын тістері жарқырайды. Құлағындағы самаурындай сырғасы жалт-жұлт етеді.
— Сенің құрбың менен пайызға ақша алды. Енді не өсімі жоқ, не ақшаның өзі жоқ. Қашқанын қоймаса, екінші аяғын сындырамын, — деді де бұрылып алып жүре берді. Сол күні Раушан жұмысқа келмеген еді. Сабақтан шыққан соң бірден үйіне тарттым. Раушан сары шифоньерді ашып қойып, үлкен ала дорбаға қолына ілінген заттарды тығып жатыр екен. Мына көрініс бір жайсыз жағдайдың болғанынан хабардар ететіні анық. Тыныштық емес.
— Жездемнің әпкесі үйден қуып жатыр. Күйеуінен ажырасып келіпті.
— Бұл жездеңнің үйі емес па?
Раушаннан әпкесі мен жездесінің бұл үйге біраз ақша жұмсап, жөндегенінен хабарым бар, мен таң қалдым.
— Иә, жөндетіп алып, «кетіңдер!» депті.
— Енді қайда бармақсыңдар?
— Жездем бір пәтер тауыпты жалға. Бірақ, ішін жуып-тазалау қажет. Сен маған көмектесесің ғой, иә, — деп бетіме жалтақтап қарады. Өзі бұртиып алған, өзі үшін емес әпкесі үшін іші удай ашып тұрғаны байқалады.
— Әпкең не істейді баламен? — дедім.
— Ол бір-екі күн ауылға бара тұрады. Жездем жұмыста ғой білесің, — деп мұңайды.
Раушан екеуміз асай-мүсейімізді алып әлгі пәтерге келдік. Былғарымен қапталып, әр жері жұлынып ішінен мақтасы көрініп тұрған есікті ашып қалғанымызда көгерген иіс мүңк ете қалды. Қабырғадағы түсқағаздардың кейбір жері жыртылып, жартысы еденде жатыр. Жоғарыдан аққан судың ізі сары жағал болып қатып қалыпты. Ас үйге өттік. Аяғым жерде жатқан әлдебір шүберекке тиіп кетіп еді, үймелеп тұрған тарақандар тарыдай шашылды.
— Құдайым-ай, мынау адам тұратын үй емес қой. Жалдау ақысы айға ақырып тұр, — деп Раушан отыра кетті.
Оның өте еңбекқор екеніне осы күні көзім жетті. Үйді тазалап, қоқыстың бәрін сыртқа шығардық. Жыртылған түсқағаздарды жабыстырып, есік-терезені сырлап шықтық. Әжетхананың ішіне хлор мен кір жуғыш ұнтақ сеуіп, тұмшалап тастадық.
— Сен түн ортасында ауылыңа қалай қайтасың? — деп сұрадым тірліктің бәрін бітірген соң.
— Білмей тұрмын, ертең жұмыс қой, — деп Раушан басын шайқады.
— Ешкім жоқ, жүр менің пәтеріме, — дедім.
Ол бірден келісті. Екеуміз түнгі он бірде ықшам ауданнан орталыққа жаяу шықтық. Таксиге ақша жоқ. Жолда ішіме сыймай келе жатқан сұрақты қойдым.
— Раушан сен пайызға ақша алып па едің?
— Иә, — деді де ары қарай үндемеді. Біраз жер жүргенше сөйлеспедік. Ішіндегі жараны тырнағым келмей, тіл қатпадым. Раушан пысылдап келеді. Жылағаны сөзсіз.
— Бәрі мені жұмыс істеп, күреп ақша тауып жүр деп ойлайды ғой.
Қараңғыда оның қимылынан көзін сүрткенін сезіп келемін. Үндемедім. Не деймін. Екеуміздің де сағатымыз аз. Болар болмас айлығымыз мектептегі жинайтын ақша мен жол-пұлға зорға жетеді. Әмиянымыз үнемі бос жүреді.
— Жұмысқа тұрғанда мамам екі жүз доллар беріпті директорға. Сол мойнымда өтеусіз қарыздай ілініп тұрады. Таныс тірлік қой, не дейін.
— Әлгі әйел мектепке келді, — дедім. Кім екенін ол бірден түсінді.
— Мұғалімдердің көзінше маған айғайлады. Директор орнында жоқ болатын, — дедім асығыс баяндап.
— Білем. Бандиттерге өлтіртіп кетуге тайынбайды олар. Тек... тек сендерге кесірім тимесе екен. Сендер дегені кім екенін түсінбедім.
— Соншалықты қанша алып едің?
— Мамам ауырып операцияға ақша жинадық. Бауырларым тауып әкелді, маған тапсырылған соманы қанша жерден іздесем де таппадым. Сосын ұрындым ғой. Біраз үнсіз қалды.
— Жиырма мың алғанмын. Жетпіс мың болды.
— Неееее? Ішімді тартып, талып қала жаздадым. Біздің айына алатын айлығымыз төрт мың теңге еді. Ауылда бір кісі болар-болмас ақша алып, пайызшылар бір күнде келіп үйіндегі тоңазытқышын, кір жуғыш машинасын, теледидарын алып кеткенін естігенмін. Раушанда ондай алып кететін ештеңе жоқ, тіпті тұратын үйі де жоқ еді. Көмектесетін менде қайран жоқ. Биыл әкемнің еккен бидайы шықпай қалып, қарызға батқан болатын. Ауылдан тері жинап, қалаға келіп өткізіп, бес баласын асырап жүр. Әйтеуір ертеректе орталықтан бір бөлмелі пәтер алып қойған екен. Сол болып жаным қалып жүр, әйтпесе мен де пәтер жалдап, тозып кетер едім. Оның өзінде әкемнің інісі мен келіні екі жыл тұрып, коммуналдық ақысын жүз мыңға қарыз етіп кетіпті. Бір күні жарықты қиып кетсе, бір күні газды өшіріп кетеді. Терең күрсіндім.
— Мамаң жақсы болды ма?
— Иә, жақсы болды. Өтін алдырып тастады. Туған анам болмаса да кішкентайымнан бауырына салған соң, әкем екеуі үшін жанымды беремін. Раушан маған таңсық әңгіменің шетін шығарды.
— Туған анам емесі қалай? Есіме альбомдағы суреттер түсті. Асыранды екені анық болды ғой. Мен ата-анамның туған қызымын ба деген күмән жүгіріп өтті. Қой, олай болуы мүмкін емес, өзімді өзім жұбатып келемін. Бір-бірімізден аумайтын төрт бауырым келді көз алдыма. Көзіміз қиық, шашымыз селдір, бойымыз кішкентай еді бәріміздің. «Неге ұзын етіп тумадың?» деп анамызға ренжісек, «апаңа тартқансың», «атаңа тартқансың» деп көз, қас-кірпігімізбен, жүріс-тұрысымыздан мысал келтіріп дәлелдеп шығатын. Тіпті, әрқайсымыздың желкемізден орын алған үлкен қал сонау жетінші атадан келе жатқанын айтатын. Біз оған сенбей атамның желкесін тексеретінбіз. Тұп-тура біздіңкіндей қалын көрсетіп атам марқұм мақтанатын. Демек, менде Раушандікіндей уайым жоқ.
— Саған өмірімді айтып берейін. Бірақ, ешкімге тіс жармаймын деп уәде берші.
— Раушан айтқың келмесе қиналма, — дедім. Ішкі әуестігім білгісі келіп тұр. Ол ойланып қалды ма, әлде ойын жинақтағысы келді ма, біраз үндемей қалды. Екеуміз бұл уақытта үйге жеткенбіз. Құрқылтайдың ұясындай бір бөлмелі үйімнің есігін аштым. Ішінде екі жасыл палас, оны «бішкекский» деп қоямыз. Ең арзаны осы еді. Жусаң кірі тез кетеді, өзі жеп-жеңіл әрі жұқа. От тисе лапылдап жана жөнеледі. Қырғыздардың қандай технологиямен жасағанын кім білсін, бірақ таза қойдың жүнінен бастырылған текеметте өскен бізге таңсық дүние. Осы екі паластан өзге кішкентай қытайдың теледидары бар. Және әкем соғып берген жер үстел. Бар жиһазым осы.
— О, үйің жинақы әрі жылы екен, — деді Раушан. Мүмкін өзінің үйі болмаған соң, менің жұпыны пәтерім оған жұмақ сияқты болып көрінген болар. Шай қойдым. Жарты бөлке нан мен шекерді ортаға қойып кешкі асымызды ішкен бодық.
— Үйде жұмыртқа, картоп бар ма?
— Картоп бар, жұмыртқа жоқ.
— Ұн бар ма? Басқа-басқа әкем ұнды қаппен әкеліп қоятын. Әйтеуір берекесі бар дүние осы ғана.
— Мен саған бәліш пісіріп берейін. Ішегім шұрылдап тұрған, бәлішті естіген соң ұлып қоя берді.
— Жарайды, тек қойдың майы ғана бар.
— Болады, қайта тоқ жүреміз. Раушан бес-алты картопты суға салып газға қойды. Өзі қамыр илеуге кірісті.
— Сен ештеңе істемей-ақ қой, бәрін өзім жасаймын. Раушанның бүкіл үйді тазалап, сырлап қара жұмыс жасап келіп, тамақ істеуге кіріскеніне таң қалдым. Шаршамаған секілді. Біраз жаяу жүріп мен қалжырап қалыппын.
— Сен бақыттысың ғой. Оны бағала! Раушанның нені меңзеп тұрғанын түсіне алмадым. Туған ата-анам өсіргенін айтты ма, әлде қуықтай болса да қуыс үйімнің бар болғанын меңзеді ме екен.
— Мен әкемнің кім екенін білмеймін, — деді Раушан илеген қамырын тостағанның астына төңкеріп жатып.
— Ол стюардесса болыпты, — деп қойды.
«Анам» деп айтқысы келмегені белгілі. Мен Раушанға қарап, туған анасын көз алдыма елестеткім келді. Құрбымның екі бетінің сүйектері сәл шығыңқы болғанымен қыр мұрыны әдемі орналасыпты. Еріндері боямай-ақ қып-қызыл, үлбіреп тұр. Кірпіктері сирек, әрі ұзын-ұзын. Көзінің үстіндегі қыры, қоп-қоңыр жанарды үлкейтіп көрсетеді.
— Екеуі ұшақта танысыпты. Бір-бірін ұнатып, достасып кетеді. Екінші жылы аяғы ауырлайды. Әрине маған. Әкеме айтайын деп оқталған екен, дәл сол күні оның үйленіп жатқанын естиді.
— Қалай? Сонда әкең сенің шешеңе емес, басқа қызға үйленеді ме? Шешең деген сөз құлағына түрпідей тиген Раушан:
— Иә, оның таңдауын бұзғысы келмепті-мыс. Неге мені дүниеге әкелуге шешім қабылдағанын түсінбедім, шеше болмай кеткір ақыры өзі асырамайтын болған соң. Раушан бұл оқиға өзінің басынан өтпегендей сабырлы бола қалды.
— Кинодағыдай екен! Әке-шешесі лағнет айтып, тас атыпты қарабет қыздарына. Босанған соң, жылап нағашыларына келеді. Бәлкім, жыламаған да шығар. Балалар үйіне өткізуге қазіргі әкем рұқсат бермепті. Жөргектегі мені төртінші баласы етіп бауырларына салады.
— Ол қайда? — дедім мен «анаң» деп айтуға дәтім бармай.
— Ол өзінен біршама үлкен кісіге тұрмысқа шыққан. Інім бар екен.
— Інімнің әкесі қайтыс болып кетіпті, — деп қосып қойды. Раушан қамырды жайып, ішіне картопты салып түйіп отыр.
— Сен осылардың бәрін қайдан білесің? Әлде араласып тұрасың ба?
— Сәл шыда, бәрін айтып беремін, — деді Раушан қызған майға «бaж» еткізіп бәліштерді салып жатып. Түн жарымында екеуміз бәлішпен шай іштік. Жастыққа басым тисе де, ұйықтай алар емеспін. Ауылдағы кең жайлауда ата-әженің бауырында, ата-ананың жылы-жұмсағын жеп өскен маған Раушанның өмірі таңсық еді.
— Ұйықтай алмай жатырсың ба?
— Иә, — дедім мен әңгімесін жалғастырса екен деп. Раушан осы сәтте терең күрсінді. Көзінің ұяшығындағы мөлдір тас қозғалып түсті. Оның алаң көңілі беймәлім мен аңғалдықпен:
— Оны өміріңде көрдің ба? Кімді сұрап отырғанымды жақсы түсінді.
— Мен мектеп бітірген жылы жазда үйге екі әйел келді. Әдемі киініп алған, жағдайлары жақсы екені көрініп тұр. Алтын тісті, бойшаңдау келгені мені көзімен ішіп-жеп барады. Әке-шешем құрақ ұшып жүр. Шай дайындап берген соң әкем маған:
— Сен барып су алып кел! — деді. Мен таң қалдым. Үйде су бар, таңертең ғана тасығанбыз.
— Су бар ғой, — деп едім, ол ашуланып, — Қыздарыңа бар, айналыссаңшы бірдеңемен, — деп жекіп қалды.
— Өмірі дауыс көтеріп сөйлемеген әкемнің орынсыз ашуы сезікті еді. Сыныптас құрбыма барайын деп сыртқа шықтым. Бірақ, әлдебір әуестік ешқайда жібермей, есіктің алдында отырып-отырып қайта кірдім. Ішке кірмей тасада тұрмын.
— Осынша жыл бір іздемеген соң, неге келдің? Әкемнің даусы.
— Оқуға түсіріп, ары қарай қамқорлығыма алғым келеді. Өкінішімді осылай бассам...
Әйел сыңсып жылағандай болды. Анық таныдым бойшаңы болуы керек.
— Оқуға өзім түсіремін. Колледжге шамам жетеді. Есейіп қалғанда менің туған қызым емес екенін естісе не болады? Әңгіме кім туралы екенін жете түсінбесем де бір сұмдықтың шеті шыққанын сездім.
— Раушан жоғары білім алсын, оны мен өз қолыма алайын, — деді екінші әйелдің жіңішке даусы. Жүрегім ток соққандай дың ете қалды.
— Осы уақытқа дейін сені бір мазалағаным жоқ, Райхан. Тұрмысқа шықтың, балаң бар. Енді көрге жақындаған тұсымда бізді мазаламасаң етті.
— Анасын білгені дұрыс қой, Райхандікі дұрыс, — сөзге анам араласты.
— Сен жайыңа тыныш отыршы. Әкем зекіп берді.
— Екі бөтен әйелдің суыт келісінің мәнісін енді түсіндім. Дүние шыр айналып кеткендей болды. Осы уақытқа дейін әке-шешем деп жүрген адамдар маған мүлде бөтен екенін есту тым ауыр соқты. Ал, тай-құлындай бірге өскен бауырларым ше? Ешкім ештеңе айтпай, ақымақ болып өмір сүріп келгеніме ренжідім. Маған айтпай бетіме күле қарап, еркелеткен ата-анамды сатқындардай жек көрдім. Ары қарай тыңдағым келмей, далаға ұмтылдым. Жүгіріп қораға кіріп, дыбысымды шығармай жыладым. Қарасам бұзаудың жібі жатыр екен. Бұл шындықты көтере алмасымды сезіп, жіпті қолыма алдым. Мойныма байлап, жоғарыға қарадым. Төбем шатырдың қаңылтырын бекіткен тақтайшаларға тиіп тұр. Өлудің түрлі тәсілін миым сақылдап іздей жөнелді. Оп-оңай жан бере алмайтынымды тағы түсіндім. Ендігі әрекетім қайсы. Басым ауған жаққа кетіп қалсам ба екен? Жертөленің есік жағы биіктеу, жоғары жағына жіпті күрмеп байладым. Ойым, аяғым жерге тимей, жертөле аузына салбырап түседі, оңай жанымды қия саламын. Осылай жандалбасалап жүргенімде сыртымнан әлеуетті қол шап берді. «Ақымақ!» деп басымнан періп жіберді. Қозғалайын десем, қапсыра құшақтап қимылдатпайды. Қарасам әкем екен. Отыра қалып еңіреп бердім. Ол да отырды. Бірге жыладық. «Кім не десе о десін, сен менің қызымсың. Менің қызым бойкүйрек болмауы керек. Сені осылай тәрбиелеп па едім!»— деп жекіп қалды. Әкемнің мына сөзі мені қайта оралтты. Құшақтай алдым. Кішкентай ғана қара шалдың соншама әлеуетті екенін білсемші. Үйге кірдік. Әйелдерге тосырқай қараймын. Менің былаудай іскен бетім бәрін айтып тұр еді. Сүт пісірім уақыт тыныштықтан соң:
— Мен сенің анаңмын! — деді әлгі жуан дауысты әйел. Көзіне тік қарадым. Тайдырып әкетті. Не істерін білмей, қипақтап ары-бері отырды. Әлден уақыттан соң сөмкесін қолы дірілдей ақтарып, ішінен жылтырақ қорапша алды.
— Мектеп бітіріпсің, сыйлығым. Даусы дірілдеп алтын алқаны ұсынды. Мен қолымды созбадым. Ата жауымды көргендей безеріп қалдым. Бірер минут үнсіздік орнады. Әйел не істерін білмей, сол күйі қатып қалды. Ыңғайсыздықты бұзғысы келіп, жеңгем алқаны алып менің мойныма тақпақ болып жатыр.
Қолынан алып, жұлқынып лақтырып жібердім:
— Мені алтыныңмен алдамақсың ба? Ешқайда кетпеймін, әуре болма!
— Бәрібір бір күні еститін едің ғой. Біз қашанғы жүреміз? Қартайдық, — деп анам кемсеңдеп ала жөнелді.
— Әке, мыналарға айтшы үйден кетсін! Көргім келмейді, — дедім дәл қазір жетектеп алып кететіндей қорқып. Әкем басын изеді.
— Содан кейін не болды?-деймін мен кино көргендей есеңгіреп.
— Олар кетті. Ашуым басылған соң, ақылға келдім. Кәрі әке-шешемнің түрі анау. Әпкелерім өз күндерін зорға көріп жүр. Ағам болса жұмыс істемейді. Сонымен туған шешемді қабылдауыма тура келді. Шындығында мені туған шешем өзі алуға келмепті, сіңілісіне күң етуге іздепті.
— Күңі несі? — дедім мен оның сөздеріне түсінбей қалып.
— Жанындағы әйел туған нағашы әпкем екен. Шымкенттегі бір оқу орнында проректор. Мені сол үйіне әкететін болды.
— Ол мені өзінің университетіне сырттай түсірді. Екі қабатты зәулім үйі бар екен. Ертеден кешке дейін үй тазалаймын, тамақ пісіремін. «Күлбике» деген ертегіні көріп пе едің? Мен өзімді жетім қыз Күлбикедей панасыз сорлы сезіндім. Сынақ кітапшамды бір рет қана көргенім болмаса диплом алғанша қолыма ұстамадым. Сол үйдегі болған бір ғана оқиғаны ғана айтып берсем, олардың қандай екенін ұғатын шығарсың. Әдеттегідей жездемнің киімін жуамын деп, қалталарын қағып, сыртына аударып шықтым. Кішкентай жиенімнің:
— Раушан тәте, киімдерді ақтарып ақша іздеп жүр, — дегенін естіп қалдым. Мына сөзді естіген нағашы әпкем жетіп келді де «Қайыршы» деп бетімнен шапалақпен тартып жіберді. Бұл сөз кейін «Айналайын» дегенмен тең болды. Бес жыл бодандықта жүрген босқындай зорға шыдап, дипломымды алған күні осында қашып келдім.
— Күйеуге шығып кетпедің бе? — дедім мен, — Осы азаптарды көргенше.
— Жігітім болды. Бірақ бұйырмай кетті ғой.
— Басқа біреуге үйленді ме? Бірінші ойыма келгені осы болды. Раушан ол сөзіме мән бермеді. Алыстағы әдемі суретті көз алдына қайта оралтқысы келгендей бір нүктеге ұзақ қарап қалыпты.
— Әпкемнің үйіне үнемі азық-түлік әкелетін жігіт бар еді. Үйден шықпайтын мен сорлының бес жылда жақын танысқан адамым сол ғана. Жымиып әкелген заттарын түсіреді, мен қабылдап аламын. Өте биязы жігіт болатын. Екеуміздің мұңымыз бір. Ол жетім еді.
— Дәл сол күні...
Раушан үнсіз қалды. Сол бір сәтті есіне алғысы келмегендей.
— Сол күні ол заттарды әкелмеді. Әпкем қонақ күтейін деп жатқан. Ашуланып бұлқан-талқан болды. «Қу жетім, дәл бүгін жол апатына түскенін қарашы» деп жер жебіріне жетті. Дидардың ауруханаға түскенін естігенде жүрегім жұлынып түскендей есеңгіреп қалдым. Сол күні бара алмадым. Бір апта уақыт өткенде үйден ұрланып шығып ауруханаға жеттім. Жеткенім бар болсын, оның жұлыны үзіліп, сал болып қалғанын естідім.
— Сен жазыласың. Әлі-ақ бақытты боламыз, — дедім. Ол үнсіз. Көзін бір нүктеге қадап алып, қимылдамайды. Құдды белден емес, құлақтан қалған адамдай. Содан кейін ауруханаға күнара барып тұрдым. Кейін бері қарады. Әзілдесетін болды. Көп әңгімелесетінбіз. Тіпті, жақын болып кеттік. Бірге армандадық. Мен оны қабылдадым. Мүгедек күйінде қабылдадым. Тіпті, «өзім жұмыс істеп асыраймын, тек сен аман болшы», — деуші едім. Ол ауруханада ұзақ жатты. Сол жолы бір аптадай үйден шыға алмадым. Қайтейін...
Раушан еңкілдеп жылады. Мен үнсіз отырмын. Не деймін?
— Түрме сияқты үйден рұқсатсыз шығу мүмкін емес еді. Химиялық тазалауға берген киімдерді алып келемін деген желеумен шығып, ауруханаға қарай ұштым. Алдымнан шыққан медбике:
— Сіз естімеп па едіңіз? — деді.
— Нені? Түсінбей қалдым.
— Дидар осыдан үш күн бұрын өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Басқа ақпарат бере алмаймын. Ал кеп жыла. Соңғы үмітімнен айрылған едім. Оның қайда жерленгенін де білмедім. Раушан көзін сүртті. Сол күні Раушан екеуміз ұйықтаған жоқпыз. Үнемі күліп жүретін, айналаға мейірімін шашып, ешкім туралы жаман сөз айтпайтын Раушанның мықтылығына қайран қалдым. Ертеңіне екеуміз мектепке келдік. Үзілісте Раушан менің кабинетіме кірді.
— Мен сегіз сағатпен ғана жұмыс істеп жүрмін. Мына директордың әйелі мұғалімдердің бәрін жинап не істейді, ә? Тағы бір тарихшы алыпты, — деді. Раушан шарасыз күйде сөйлеп отыр. Шынында, мектепте мың екі жүз оқушы, үш жүз мұғалім бар еді. Бәріміз аз ғана жүктемемен жүрміз. Менің сағатым он бір. Ең көбі менікі болуы керек, үндемедім.
* * *
Mектепке костюм-шалбар киген бойлары ұзын сымбатты екі жігіт келді. Дәліздегі үлкен терезенің алдында тұрып-тұрып, кірген-шыққан мұғалімді санап тұрғаны болмаса сынап тұрғаны белгісіз көзбен ұзатып салады. Әлден уақытта сырттан кірген директордың соңынан ерді. Бір кезде директордың әйелінің кабинетіне екеуінің кіріп бара жатқанын көрдік. Негізі директордың әйелі бұл мектепте жұмыс істемейтін. Ұзынқұлақтан мектептегі сыныптан тыс сабақтардың барлығының сағаты осы көк көз келіншекте деп еститінбіз. Ол өзіне екінші қабатқа көтерілетін баспалдақтың жанындағы кішкентай бөлмеге үстел, орындық қойып кабинет жасап алыпты. Алғашқы кезде бұл жер еден жуғыштардың заттарын қоюға арналса керек. Қазір бүкіл мектепті тіреп тұрған «базаға» айналды. Екі жігіт ол жерден риза болып шықты. Бағанағыдай емес, алшаң басып мұғалімдердің бөлмесіне емін-еркін кіріп, әлдеқандай плакаттарды іле бастады. Мұғалімдерді иіріп отырғызып қойып, жиналыс өткізді. Мақсаттары белгілі ғой, несие алуға, депозит ашуға үгіттеді. Бұл жігіттердің келуі тығырықтан шыға алмай жүрген Раушанға әжептеуір жол ашып берді. Ақыры үш жылға қомақты қаржы алып тынды. Несие алған күні мені кабинетіме іздеп келді. Қуаныштан бал-бұл жанып тұр. — Түстен кейін сабағың жоқ болса екеуміз базарға барайық.
— Жарайды, — дедім, — Тек пайызға алған ақшаңды тезірек қайтар.
— Оны жаңа ғана апарып беріп келдім. Сені қорқытқыш әйел асты-үстіме түсіп, кешірім сұрап, ақшасын алып қалды, — деді. Риза болып тұр. Екеуміз түстен кейін базарға бардық. Ол бірсыпыра киім алды.
— Саған бірнәрсе әперейін, қарап жүрші, — дейді. Құрбымның қолы ашық екенін бұрыннан білемін, бірақ өзі қысылып жүрген адамға салмақ салғым жоқ. Кеше ғана қиналып, көзінен моншақтар төгіліп жүрген құрбым бүгін мәрт. Дүниенің кілтін қолына ұстағандай шалқиды. Ұнаған затын саудаласпай алады. Екеуміз таңдап жүріп маған аппақ аяқ киім алдық. Жіптерді өріп тіккен жаздық аяқ киім әлі ешкімде жоқ еді. Өкшесі желінген күздік ескі туфлиімді тастап, су жаңа аяқ киіміммен шықтым. Сол күні екеуміз кафеге бардық. Кәуап жеп, шампан іштік. Суретке де түсіппіз. Содан бері он жыл өтсе де сол күнгі суретті қолыма алсам, алғашқы еңбек жолымыз, оның мейірбан жүрегі есіме түседі. Мен оны сағынып жүргенімді іштей мойындаймын. «Көзден кетсе, көңілден кетеді»,— деген өтірік екен. Ол мұхит асып кеткен, алыста. Иә, Раушан менен мың, миллион шақырым алыста...
* * *
Күн сенбі болатын. Дәлізде Раушан мені күтіп тұр екен.
— Бүгін біздің ауылға барып келейік. Қалай қарайсың? «Қалай қарайсыңды» «ақшаң бар ма, жолға?» деп ұқтым.
— Оқушылардың ыстық тамаққа жинап жүрген ақшасы бар. Айлықтан қоя салармын, кеттік, — дедім.
Раушанның ауылы қаланың шетінде болатын. Жарты сағатта сары автобусқа мініп жетіп бардық. Аялдамадан түскен соң біраз жүрдік. Кішкентай ғана қамыстан соғылған үш бөлмелі там екен. Қисайып кеткен қоршаудан бұл үйде еркек жоқ па деп ойлап қаласың. Ағаштан жасалған есікті күн жеп қойған. Табалдырығындағы топыраққа еніп, әжептеуір жермен-жексен кірігіп кеткен. Сырғытып ашып ішке ендік. Аласа бойлы қария еңкейіп, кішкентай шалғысымен шөп шабады. Бізді байқар емес.
— Қалыңыз қалай, әке. Мынау менімен бірге жұмыс істейтін құрбым.
— Келіңдер, келіңдер, — деп әкесі қалбалақтап жатыр. Ішке енгенде жалаңаш еденнен өзге ештеңе көрінбеді. Төргі бөлмеден халатының түймесін жүре салып келіншек шықты.
— Раушан келгенің жақсы болды ғой. Ауырып мазам болмай, — деп жатыр. Бұл жеңгесі екен.
— Анам қайда?
— Сүт таратуға кетті. Қазір кеп қалар.
— Түу, өзі ауырса да тынбайды екен, — деп Раушан наразы кейіппен. Сырттан әкесі кірді. Бір шелек қызанақ теріп әкеліпті. Әкесі тынбай бақша егіп, піскенін уақытында ел-жұртқа таратып жүретінін Раушан айтқан болатын. Шелектегі қып-қызыл қызанақтарда әкесінің маңдай тері төгіліп тұрғандай көрінді маған. Раушан демде үйді жинап, сыпырып шықты. Сырттағы тапшаға киіз төсеп, айналасына су септі. Төртеуміз отырып шай іштік.
Үйдің алдында кішкентай ғана аула. Оң қасбеті шарбақ. Ұзына бойы қора-қопсы салыныпты. Пештің жанында отынхана көрінеді. Тып-тиянақты қыздың жүгіндей болып тезектер тізіліпті. Бергі жағында жертөленің есігі ашық жатыр. Есіме құрбымның әңгімесі түсіп кетті. Аузы ашық жертөле Раушанды жұтқысы келген ажалдай үңірейіп, ішкі жағы қап-қара түнек болып тұр. Денем дір етіп, көзімді тайдырып әкеттім. Асымызды ішіп бола бергенде екі темір сүт құятын ыдысын көтеріп Раушанның анасы келді. Менің маңдайымнан иіскеп, «Айналайын» деп еміренді. Раушанды айналып-толғанып отырған анасын білмейтін адам асыранды деп айта алмас. Бар мейірімін төгіп еркелетеді. Қарапайым отбасының тәрбиесін алған Раушанның жақсы болмауға қақысы жоқ еді.
***
Оқу жылы аяқталды. Сыныбымда екі үздік, он үш екпінді шықты. Әр мұғалімге жүгіріп жүріп, бағаларын көтермелетіп қойдырдым. Соңғы қоңырауда кері кеткен сыныпты алға шығарғаным үшін марапат тапсырды. Бір ай мектептің айналасында шөп жұлып, жұмыс істеп демалысқа шықтық. Демалысымда ауылға кеттім. Алғашқы қоңырауға бірер күн қалғанда жұмысқа шықтым. Келе сала Раушанды іздедім. «Жұмыстан шығып кетті»,— деді Әсел. Мектептен шыға сала екеуміз тазалап, жөндеген әпкесінің үйіне келдім. Есікті Раушанның өзі ашты.
— Түу, жоғалып кеттің ғой, — деп мені құшақтап біраз ға дейін жібермей тұрды. Үйге кірдім. Әпкесінің үйелмелі-сүйелмелі балалары ойнап жүр.
— Отырмын бала бағып, — деп шай қойды.
— Неге жұмыстан шықтың? — деп сұрадым ішіме сыймай келген сауалымды ірікпей.
— Мен кетті деймісің? Солай деді ме? Мырс етіп күлген Раушан:
— Демалысқа сенен бір ай ерте шықтым ғой. Екі ай ауылда анама көмектестім. Үй ақтап, бақша салдық. Уақытында жұмысқа келсем директордың әйелі Арша «сенің келісім-шартың бітті, жұмыстан кет!», — деп тұр.
— Шынымен ба? Тура солай айтты ма? — деймін мен сенбей.
— Иә, солай бәрін жұмыстан босатып жатыр. Бір күні тамақтарына тас тығылар солардың. Өз еркіммен өтінішімді жазып беріп, кетіп қалдым. Көрмегенім сол мектеп болсын.
— Енді қайтесің, — дедім мен таңданып.
— Ана кісіге хабарластым. Ақтауда ғой ол. Кел деп жатыр, жұмыс тауып берем дейді. Ана кісісі туған анасы.
— Қайбір сағынып тұр дейсің? Інім бар еді ғой, он бірінші сыныпта оқиды. Соған қарайсың дейді. Өзі Астанаға жұмыс ауыстырыпты. Орналасып алған соң екеуіңді алып кетем деді.
Мен Раушан үшін шын қуандым. Өмірі өксіктен құралған құрбымның Ақтауға кетсе бағы жанатындай үмітім оянды. Ол да сол үмітпен кетіп бара жатыр. Сол күні екеуміз вокзалға барып билет алдық. Ақтауға.
Ертеңіне мектепке келсем мені де үлкен жаңалық күтіп тұр екен. Директордың әйелі өзіне шақырды. Бұл кезде сағат бөлу жұмыстары жүріп жатқан болатын. Былтырғы оқу жылын жақсы аяқтадым, биыл толық жүктеме алатын шығармын деп кіргенмін кабинетіне.
— Былтыр келісім-шартқа бір жылға тұрдық. Биыл боссың,— деді міз бақпай. Үндемедім. Жаз деген арызын жазып беріп шығып кеттім. Үйге көңілсіз келдім. Әкеме айтқан жоқпын жұмыстан шыққанымды. Шынымды айтсам, Раушан кеткен соң ол мектепте қалғым келмеді. Өмірі қиыншылыққа толы құрбымды есіме түсіретіндей көрінді, Раушансыз жүруден қoрықтым. Оның үстіне мектепте директордың әйелі жасаған ауаны тым ауыр еді. Уақытымды бос өткізгім келмей, магистратураға дайындалдым. Университеттен жарты жүктемемен сағат алдым. Өмірім мүлде басқа арнаға ауысқан, көп уақыт өтпей аждаһадай болған директордың әйелін ұмытып кеттім. Бірақ мен ұмытпайтын бір адам бар еді, ол Раушан. Сол кеткеннен хат та, хабар да жоқ. Жаз шықты. Кешқұрым үйдің телефоны шырылдады. Алсам Раушан. Қуанып кеттім. Солқылдап жылап тұр.
— Не болды, жаным-ау?
— Аманмын, — деді ол. Неге жылап тұрғанын сұрағым келіп еді, сөзімді күтпей:
— Өтінемін мына нөмірді жазып ал, қайта қоңырау шалшы, — деді.
— Мен сол нөмірге қайта қоңырау шалғанда Раушанның ентігі басылып қалыпты. Оның қоңырау шалуға ақшасы болмағанын бірден түсіндім.
— Сені босқа мазаламайын деп едім. Келген соң Райхан Астанаға кетті. Төрт бөлмелі пәтерінде баласы екеуміз қалдық. Тауып қойған жұмысы жоқ. Үйде баласының күтушісі болып жүрдім. Өткен аптада баласын алып, сені өзім шақыртамын деп кетіп қалды. Иә, өзім шығарып салдым. Пәтерді сатып кеткен екен. Далада қалдым! Иә, өзінің баласын алып, мені тағы тастап кетті. «Некесіз туған мені» деуге аузы бармады. Раушанның солқылы телефонымның тұтқасын дірілдетті.
— Неге жылайсың? Үлкен адамсың ғой. Дипломың бар. Жұмысқа тұрып, өзіңді асырауға шамаң жетеді, — дегеннен басқа айтарға сөз таппадым.
— Өлемін деп жылап тұрғаным жоқ, екінші рет тастап кеткені мені өлтірді ғой.
— Қой жылама, сен қайтып кел. Бір мәнісін жасармыз.
— Жоқ, бармаймын. Ол жақты да жек көремін. Ешкімді көргім келмейді, ешкімге сорлылығымды көрсеткім жоқ.
— Енді қайдасың, ақшаң бар ма?
— Жұмыс іздеп жатырмын. Өзім хабарласып тұрамын. Бұл нөмірге енді қоңырау шалма! Раушанның айтқаны осы болды. Күнделікті қарбаласпен уақыт өтіп жатты. Раушанды ойлап қоямын. Ол соңғы рет хабарласқанда фирмаға жұмысқа тұрғанын айтып, көктемде бір келіп кететінін жеткізген еді.
Көктем шығып, күн жылынды. Вокзалдан Раушанды күтіп алдым. Әжептеуір жүдеп кеткен. Аяғын бұрынғыдан да қатты сылтып басатындай көрінді маған. Келе мені құшақтап үнсіз солқылдады. Менің көзімнен жас шықпады. Таксиде тіс жарып сөйлемедік. Әркім өз ойымен алысып отыр.
— Мен кәріс жігітпен таныстым, — деді. Мен таңданып қалдым. Ол жігітінің жасы қырықта екенін айтты.
— Абайлашы, иттің етін жеп жүрме! — деп күлдім. Күлкім жасанды шықты.
— Мен онымен сөз байластым, елден кетем!
— Ертең өкініп, елге жете алмай отырма, — деп ойымды айтып салдым. Раушан біраз үнсіз қалған. Біраздан соң:
— Ойламайды деймісің? Тек... Мен терең күрсіндім, бұрын үлкендерден еститін «жатқа қимау» деген тіркестің мағынасын енді түсіндім. «Өз туғандарыңнан опа таппаған, шет елдік ұшпаққа шығарар деймісің?»— деп айтқым келген. Айта алмадым.
— Сен менімен бірге жүрші, ауылға барып қайтайық, деді. Екеуміз ауылына келдік. Сол баяғы бәкене там, таныс аула. Қария қызын сағынып қалыпты әңгімесін сұрап бәйек:
— Шешең не істеп жатыр?
— Астанаға кетті, баласы екеуі.
— Сен де бармадың ба?
— Жұмысымды қимадым. Орнығып қалып едім, — өтірік айтты Раушан.
Сол күні түнімен Раушан екеуміз ұйықтамадық. Мен оны кетпеуге азғырумен болдым. Оның адамдарға өкпелеп, елін тастап кетіп бара жатқаны жаныма қатты батты.
— Осы жақтан бір жігіт табылады ғой. Маңдайың әлі-ақ жарқырап шыға келеді, — деймін.
— Қойшы, мүгедек мені кім ала қояр дейсің. Ал, ол менің жанымды түсінді. Ақтауда италияндық мұнай компаниясы бар. Осы компанияға Александр менеджер-координатор болып қызметке келіпті. Мен сол компанияның қара жұмысшыларына тамақ таситынмын.Білесің бе, қиналып жүргенімде пәтер жалдап берді. Жұмысқа тұрғанымша қарайласып тұрды. Мен оған байлаулымын.
Ай, қу жоқшылық-ай. Адамдардың бір-бірінсіз күні жоқ. Жақын туысың, бауырың, жақсы достарың қиналғанда демеу беру үшін қажет сияқты көрінді маған. Туған анасының теріс айналғанына Раушанның жазығы жоқ еді. Бірақ, Раушанның ешкімнен медеу таппай шетелдіктің етегінен ұстаймын дегені ақылыма еш сыймады. Мені тыңдайтын Раушан ба, айтқанын істеді. Оңтүстік Кореяға кетті. Тек скайппен сөйлесіп тұрдық. Бір жолы ол үйленген күндерінің суреттерін жіберіпті. Ақ емес, гүлді көйлек киген. Өзімнен өзім отырып егілдім. Қайран құрбым-ай. Не істеп жатқанын бүге-шігесіне дейін білгім келеді.
— Дипломым бұл жаққа жарамады. Үй шаруасымен айналысамын, әзірге Раушан сыр берер емес. Жаратылысынан еңбекқор құрбымның маңдайына үй шаруасы жазылып қойғандай. Қайда барса, айтатыны осы. «Сондағы шекеңнің қызғаны қайсы?» Бұл менің оған айтқым келген сөз. Бірақ, бұл жолы да айта алмадым. «Өмірім керемет! Бақыттымын!» Үнемі осылай жазады. Мен сенбедім. Өзім көзіммен көрмеген соң сенбедім. Керемет өміріне сенсін дегендей тағы біраз суреттер жіберіпті. Түркияда, жағалауда түскен. Жанында күйеуі...
***
Раушан шет елге кеткен жылы әкесі өмірден қайтты. Бір уыс топырақ сала алмай мұхиттың ар жағында күңіренді құрбым. Ұшаққа билет алса да, кешігіп жетті. Әкесін бұл уақытта жер қойнына тапсырып қойған еді.
Мен оны вокзалдан күтіп алдым. Раушан кішкене толысқандай болып көрінді. Түсе салып күйеуін іздедім. Бірақ, Раушаным топтан бөлінген аққудай жалғыз еді.
— Бірінші рет өлікке келе алмады. Қуанышқа баруым керек еді деп қалып қойды.
— Қап-ай, — дедім әлдекімге, әлденеге өкінгенім белгісіз. Раушанның өмірі тым қиын, күрделі болғанына ішім ашыған шығар. Бірақ, құрбымды ештеңеге кіналағым келмеді. Бір апта ғана болып Раушан қайын жұртына қайтып кетті. Раушан тағы бір жылдан кейін келді. Бішкек арқылы ұшақпен келетінін айтты. Бішкектен Таразға дейін пойызға билет алыпты. Көптен күткен күн келіп жетті. Бішкек-Мәскеу пойызынан жайраңдап Раушан түсіп келе жатты: — Қазы-қарта, қымызды сағындым. Кәуәп жейікші, — болды алғашқы сөзі. Екеуміздің беймарал отырысымыздан соң, оның жағдайын сұрадым.
— Александрға қалай күйеуге шықтың? Рұқсатты қалай алдың?
— Менің құжаттарымды дайындауға әпкем көмектесті. Аздап қулық жасауға тура келді. Бірақ, ол жөнінде білмей-ақ қойғаның дұрыс, шет елге күйеуге шығатын болсаң ғана айтамын, — деп күлді.
— Е, жоға, шет елдігіңе рақмет, мен өзім қазақтың ішінде жүз таңдайтын адаммын, — дедім қазір алып кететіндей ат-тонымды ала қашып. Дегенмен, құрбым бір күнде шешім қабылдап, заттарын жинап, Сеулге ұшып кеткеніне өкінер емес. Бір өкініші тойына ешкімнің қатыса алмағаны еді. Алып Қазақстанның кең даласында өскен Раушан шөкімдей ғана елге қалай сыйып жүр екен деп сынай қарағанмын. Елді сағынғаны, мауқы басылмағаны көзінен, сөзінен көрініп тұр. Бәлкім, сол сағыныш түрткі болды ма, Раушан Кореядағы қазақтарды іздегенін сөз етті.
— Мен онда қатты жалғызсыраймын. Жанымда енем, қайын әпкелерім, кәріс тілін үйрететін мұғалімім бар. Кейде еркелікпен Александрға ашуланбақ боламын. Бірақ, сырымды бөлісетін тым болмаса құрбым жоқ, — деді ол.
— Ондай кезде, интернет бар ғой, мені табасың, — деймін жұбатып.
— Бәрібір, бәрі жат, жаным жалғызсырайды, бәрі бар, бірақ, ештеңе жоқ! — қатты күрсінді ол. Мен не деймін, осындай болатынын білмеді деймісің, өзің таңдаған өмір деймін ішімнен. Айтсам ренжіп қалар, онсыз да көңілі қаяу. Адами әуестікпен, ананы бір, мынаны бір сұраймын. Бұрынғы бірге жүрген кездерді еске аламыз. Раушан кететін уақытын санайды. Аз уақытқа келгеніне қапаланады. Күн санаған сайын, менің жүрегім сыздап кетеді. Өз еліміздің жерін басып жүрсе бұлай қимастық орнамас еді-ау. Иә, шығарып салатын уақыт жетті. Перронда тұрмыз.
— Сендер түсіме көп кіресіңдер, — деді даусы дірілдеп. Екі әпкесі Раушанның көңілін босатпайық деп зорға шыдап тұрғаны мөлтілдеген көздерінен байқалады. Вагонға мінген соң, терезеден қарап тұрып, ол қатты жылады. Тіпті, тоқтар емес. Біздің оны жұбатпақ болып, тартқан езуіміз тым мәнсіз көрінді. Оны алып кетіп бара жатқан пойызды жек көріп кеттім. Раушанды мұхит асырып, үнсіз мелшиген даланы кінәлағым келмеді. Бәріне кінәлі өзіміз, адамдар...
Ол келіп-кеткелі біраз уақыт болды. Үнемі хабарласып тұрамыз.
— Біз соғым жеп жатырмыз, сенің алып кеткен сегіз жүз грамм қазың әлдеқашан таусылған шығар, — деп әзілдеп жазамын агентпен сөйлескенде. — Түу, айтпашы, сағынышымды қоздырып, — дейді құрбым.
— Білесің бе, менің алған заттарымның салмағы асып кетіп, біразын аэропортқа тастадым. «Қазақстан» коньягін ғана етігімнің ішіне тығып, алып келдім. Қайын атам мәз болды, — дейді.
— Қайын атаң мәз емес, мас болған шығар, — деп рақаттанып күлемін. Оның зефир, балық, қазы, қойылтылған тәтті сүттерді қап-қабымен шабаданға нығыздағаны есіме түсіп кетеді. Раушаннан Александр екеуінің әлі күнге неге балалары болмай жүргенін сұраймын. «Құдай берсе, бас тартады деймісің», — дейді дүдәмал.
— Раушан, Лиенді ала келсеңші, — деймін әзілдеп.
— Оны ата-енеме тастаймын. Алып жүруге рұқсат керек, — деп жауап берді. Оны естіп отырған анам:
— Лиен-қызы ма? Емізулі болса обал ғой, — деп сөзге араласты. Анамның сөзінен кейін жылағым келіп кетті. Қайран құрбым-ай. Сені өзгерткен, осындай күйге түсірген кім? Бесік тербетіп отыратын ару едің-ау. Менің бұл ойымнан хабарсыз Раушан өзінің тұратын үйін, Лиенді көрсетіп жатыр. Базарлыққа кімге не алғанын камераға тосып әлек. Әпкесіне кеудеше, анасына етік, Астанадағы анасына орамал алыпты. Ешкімге өкпесі жоқтай. Мәз-майрам.
— Күтіп аласың ғой, иә?
Әрине, күтіп аламын. Оның шет елге кетіп қалғанына ренжісем де, досым ғой. Қиын күндерде бір нанды бөліп жегеніміз есімнен қалай кетеді?
— Осы жолы келгенде, Қазақстанда қалшы. Тасташы бәрін, Лиенді де,— деп айтқым келеді. Бірақ оған көнетін Раушан қайда. Бүгін міне, тағы да интернетке көз тастаймын. Келетін күнін санап Раушан отыр. Оның блогында үнемі өзгермейтін бір сөз тұрады. «Сағындым сені, KZ!». Көрген сайын жүрегім елжірейді. Бірақ, ол бұндағы өмірден қашты ғой, жырақтағы өмірді өзі таңдады ғой деп өзіме басу айтамын.