- 14 жел. 2023 00:00
- 242
Кенесарыны өлімнен айырып қалған екен
Кенесарының бір әйелі орыс патшасының қолына түсіп кетіпті. Сонан кейін Кенесары Атбасар қаласын шауып, екі жүз орысты ұстап алып, қаланың алғашқы салған орнын жоқ қылып, өртеп жіберіпті. Кенесары орыстан тұтқын ұстағанда қасқарая көшіп, шолпан туа елді қондырып, солай екі-үш көшкен соң, тұтқынды бос қоя беріп, отын тасытқызып, от жаққызып, жұмыс қылдырады екен. Бұрын көрмеген жерлері болған соң, қайдан келіп, қайдан тұрғанын біле алмай, басы айналып қаша алмайды екен.
Сол тұтқын орыстардың өздеріне жаздырып патшаға: «Менің әйелімді қайтарып берсең, мен қолымдағы тұтқындарды амансау түгел босатамын, өзім саған шарт қойып бағынамын, бір жылға шейін әйелімді қайтармасаң, түгел қолымдағы бар орыстарды бірін қалдырмай қырамын». Осы жазуды патшаға жеткіз деп хатты беріп, бір орысты Атбасарға апарып тастайды.
Ол хатты поштамен патшаның қолына тигізеді, патша Кенесарының әйелін өзінің қатын-қыздарымен қосып қоя берген екен. Патша хатты алған соң мақұлдап, әйелді көп сыймен қайтарып қоя береді. Әйел елге келгенде, жұрт ханның ордасына жиналып, ханыммен амандасып, біреулер «Орыс халқы қандай ел екен?», — деп сұрағанда, ханым: «Орыс деген өнерлі ел болады екен», — дегенде, Кенесары әйелді көзімен атып жібере жаздапты. Әйел басқа сөз айта алмай, патшаның жіберген қымбатты сыйларын шығарып, сала бастайды. Ел берген сыйларға разы болып, көріп отырғанда, ханым сыртына көз тұрмай құлпырып тұрған бір көк шыбар сандықты алдына қойып, қалтасынан кілтін алып: «Осы сандықты патша өз қолынан беріп, кілтін ашқанда хан өз қолымен ашсын деп, тапсырып беріп еді», — деп кілтті ханға бергенде, Кенесары ашуға ыңғайлана бастағанда, оң жағында отырған Ахметжан Кенесарыны кілт ұстаған қолын ұстай алып: «Тақсыр, осы патша бізбен басында қас еді ғой, абайлап ашсақ қайтеді?» — дегенде, Кенесары тоқтай қалып, түрулі тұрған есіктің дәл алдынан, анадай жерде көрініп тұрған төмпейдің үстіне сандықты қойғызып, өзі үйдің төрінде отырып, садақпен көздеп тұрып, өз қолымен садақты тартып қалғанда, сандық тарс етіп атылып кетіп, төмпейді көтеріп тастап, өзі қайда кеткені белгісіз жоқ болып кетіпті.
Оқуға кеңес береміз:
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр