Күйеуқашқан
Сүріне-қабынып, тоғызыншы қабаттан түскенінше өкпесі өшіп, тамтығы қалмады. Қырсыққанда, лифті де істемей қалған екен. Кей қабатта жарық та жоқ.
Қараңғыда саты жақтауына сүйеніп, емпелеңдеп келе жатқанында бір-екі мәрте сүрініп, омақаса құлай жаздаған. Табаны тайып, шоңқия бір отырып қалған сәтінде төпілиінің биік өкшесі жұлынды ма деп еді, аман секілді…
Өкшесі де бар болсын, бетон тепкіштің қырына құймышақ тұсымен соғылғанда қатты ауырсынып, жан дауысы шықты:
— І-и-й, жаным-ай! Қараң қағыр-р!..
Жандәрмен қарманған кезінде алақанын да темір жырып кеткендей. Бірақ ештеңеге қарауға мұрша жоқ, қайтадан атып түрегеліп, ентіге басқан күйі алдыға қарай ышқына берді.
Екі кештің арасында ғайып болып кеткен күйеуін іштей сыбап келеді. Жаңа ғана жанында тұрған сияқты еді, байғұсты жер жұтты ма… Телефонын да өшіріп тастапты…
Міне, енді жаныға ұмтылып, соның соңынан жүгіре шыққан беті.
— Бір ауыз айтып кетсе неғылады-ей! О-о, сорлы!..
Есі түзу елдің қатыны қашушы еді, бұның байы қашады. Бірақ осының өзіне де обал жоқ. Аяқ астынан өкпелетіп алады да, артынан өкініп, өбектеп қайта жалынады.
Албарда ұшырасқан біреулерді қаға-маға, жұлқынып далаға шықса, көз байлануға айналыпты. Бір жақсысы, кешкі Алматы қызыл-жасыл шамы жарқырап, құлпыра түсетін әдеті. Қарсы беттегі мейрамхана жақтан әлдекімдердің шат күлкісі мен үзіп-талып жеткен саксофон үні қисапсыз жарнама бояуымен астасып, әлдебір сиқырлы күйге бөлейтіндей. Дегенмен, күн ызғарлы екен.
Жүйткіген автомобиль нөпірі мен жол айрығында ерсілі-қарсылы жөңкілген жұрт қарбалас қала тіршілігін одан сайын ширата түседі. Жан-жағына алақтай қараған Күләйша олардың арасынан күйеуі Ораздың қарасын көре алмады. Одан табаны жалтылдап, аялдамаға қарай дедектей жөнелген.
Бұлар тұратын «Төле би» және «Бауыржан Момышұлы» көшелерінің қиылысында автобустар бірінен кейін бірі зауылдап, ерсілі-қарсылы ағылып жатады. Аялдамаға желе-жорта жетіп, қай жаққа жүретініне де қарамастан, келіп тоқтай қалған солардың бостау біреуіне отыра салған.
Мінген көлігі зулай екпіндеп, аспалы көпірмен жоғары көтерілген кезде бір сәт өзін ұшақта отырғандай сезінгені. Көкке көтеріліп бара жатқандай әсер билейді. «Е-е, піссіміллә! Оңғара гөр!» деді сасқанынан. Есінің шыққаны-ай. Қайта төмендегенде әуежайға қонғалы келеді екенбіз деп тағы ойлап қалды. Сол сәт, жолдасын атақты «Саин» көшесінің бойынан іздегісі келгенін біліп, бірінші аялдамадан түсті де, артқа қарай қайта қайырылып, жер асты өткелінен өтті. Сөйтіп, оңтүстік бағытқа қарай өрлей салды. Ертеректе осында «түнгі көбелектер» қаздай тізіліп, самсап тұрушы еді. Қазір, әрине, олардың көзі құрыған. Әйткенмен, бірен-сараны секиіп әлі күнге дейін тұратынын естіп қалады. Неге екенін, Оразды солардың қасында жүр ме деп күдіктеніпті…
Күйеуінің үйден «қашуы» жалғыз бұл емес-ті. Алдыңғы жылы жолдастарының біріне кетіп қалып, түн ортасында зорға деп алып келгені бар. Онда да кінәлі Күләйшаның өзі. Кейде сәл көзінен тайса-ақ қайда жүрсің, қайда тұрсың деп қысып жібереді. Және кімнен «жұқтырғанын» білмейді, оны «Ай, сорлы-ай!», «О, байғұс» деп кемсітіп сөйлейтін әдетін қоя алмады. Өстиді де, о жазғанды кім көрінгеннен қызғанады. Сол жолы айт-ұйт жоқ:
— Осы, кімдермен сөйлесе бересің сен?! — деп күйеуінің қолынан телефонын жұлып алып, тексеріп әлекке салды. — Мына қатының кім?! Мына бір жәлеп қайдан жүр?!.
Дігірлеп, екі аяғын бір етікке тыққан әйеліне не дерін білмеген Ораз:
— Ой, бөтен кіммен сөйлесуші ем! Кластас қыздар ғой бәрі. Ал мынау ауылдағы өзің білетін немере қарындасым, — дейді абдырап.
Оған сене қалатын Күләйша бар ма, айт-айттың астына алып, есін шығарды. Дау-дамайдан алыс жүретін Ораз бейшара дәрменсіз. Айтарға сөз таппай, көзін ажырайтып, бас шайқайды. Содан, ылғи бүлік шығаруға әуес әйелінің осындай «ауруынан» запы болса керек, ызаланып:
— Әй, нанбасаң қойшы, айналайын! Саған әрбір нәрсе үшін есеп беріп отыратын жайым жоқ, — деп қолды бір сілтеп, кетті де қалды.
Сабылып іздеп, ақыры жалынып-жалпайып әрең алып қайтып еді…
Тағы бірде жұмысқа кеткен Ораздың түннің бір мезгіліне дейін кешіккені есіне түсті. Сонда бір үрейленген. Дәл сол күні екеуі ұлдары Қанатты ертіп қонаққа бармақшы-тын. Тықыршып сағатқа қарағыштап, нөмірін терсе, телефоны өшірулі. Арақ-шарапқа құмар емес. Бірақ не сайтан түртетінін қайдан білесің, бұл жолы да достарының үйіне қонып, келмей қалуды ұйғарғаннан сау ма деп санасы сан-саққа жүгіреді.
Әлден мезгілде өзі хабарласқан. Милицияда тұрмын дейді. Мән-жайын мәлімдеп, мекеменің адресін айту үшін бір қоңырауға рұқсат беретін көрінеді.
— Бәсе! — деген сонда барып. — Әй, оңбаған неме-ай! Айттым ғой!..
Ішкендігі анық болды. Қанатқа: «Алаңдамай отыра тұр. Әкеңе барып қайтайын. Әлдебір шаруамен бөгеліп жатқан секілді» — деді де, құстай ұшып жетті. Барса, Оразы үрпиіп, кіре берістегі темір тор ішінде отыр. Сап-сау. Дәлізде сақшылардан бөлек бес-алты адам жүр. Сөйтсе, күйеуіне әлдебір келіншекті зорламақшы болды деген айып тағылмақшы екен. Әлгі кісілер сол әйелдің туған-туысы мен куәгерлер секілді. Мұны естігенде, екі көзі тас төбесіне шығып, талып қала жаздағаны рас.
Бір тәуірі, полиция қызметкері екеуінің тілдесуіне бөгет жасай қойған жоқ.
Күйеуі күмілжіп, ахуалды баяндаған. Жұмыстан қайтып келе жатқанында бұл алдындағы орындыққа жайғасқан жиырма бестердегі әйелдің алқым тұсында жүгіріп бара жатқан қандаланы көріп қалады. Өзі соның тұсында түрегеліп тұрыпты. Бәтшағардың тамағы да аппақ екен дейді; қолын созып, титтей қара ноқатқа ұқсап жорғалаған жәндікті шымшып жұлып алуға әрекеттенбей ме. Дәл сол мезет жүйткіген көлік кілт тоқтай қалғанда тепе-теңдікті сақтай алмай қалған Ораз шайқалақтап барып, келіншекті құшақтай құлайды. Ал ол аттан салыпты:
— Не деген арсыз адамсыз?! Кетіңіз кәне! Оңбаған! Ұятсыз!..
Мұның игі ниетін ұғатындай емес, түкке түсінбейтін тікбақай біреу екен, бас салып, сүймекші болды деп ойласа керек; салонды басына көтеріп бірталайға дейін тепсінгендей.
— Жо-о… қарындасым… Мен жай ғана… Қандаланы алып тастамақшы едім…
— Қайдағы қандала, мамбет! Колхоз! Жоғал бар!
Жап-жас болып, көкбеттігі сұмдық сияқты. Автобус ішінен әлгіні қолдаушылар да табыла кетіп, бәрі жан-жақтан шуылдап, жазғыра жөнеледі. Мұндай сұмдықты кім көрген.
Содан әлдекім полиция шақыртады. Олар да дереу жетіп келіп, келіншек екеуімен қоса екі-үш куәні көліктеріне отырғызып алып кетеді. Қысқасы, іс насырға шапқан.
Одан полиция бөлімшесіне салып ұрып, әйелдің інісі, күйеуі мен қайынатасы жетіпті. Екі жігіт кіжініп, мұны, тіпті, соққыға жықпақшы болып тап-тап бергендей…
«Бақсам, бақа екен» демекші, әңгіме төркініне қараса, бұ байғұстың қандала деп жүргені — әйелдің туабітті меңі екен ғой! Оны өзі де соңынан аңғарыпты. Күләйша осыны естігенде:
— Әй, сорлы-ай, біреудің денесіндегі «құрт-құмырсқада» нең бар?! Құрттап неге кетпейді құрттап кеткір! Өз жаныңды бағып жайыңа жүрмейсің бе?! — деді қатты күйініп.
Бірақ Ораздың осы жәйін бір ұқса Күләйша ұқсын. Баяғыда алғаш қосылған күндерінде жалдаған пәтерлерінде қандала көп болып шығып, екеуі түн ортасында атып тұрып, соларды өлтірумен жүруші еді. Содан қалып қойған әдеті де…
Жағдайды Күләйша түсінгенмен, тәртіп сақшылары түсінбеді:
— Өй, бауырым, кімді ақымақ санайсың?! Қаңғыған қайдағы қандала?! Бүрге десең бір жөн! Қоғамдық көлікте өз бетімен отырған адамды тападай-тал түсте тарпа бас салып аймалау деген не масқара! — деп сенбестік танытады. Бұл көзі ежірейе, екі алақанын жайып, қарғанады:
— Ой, не деген адамсыңдар сөз ұқпайтын! Қандала екен деп қалдым. Оллаһи-билләхи! Өтірік айтсам, өліп кетейін!
Бәрібір хаттама толтырылды. Полиция қызметкерлері мұншалықты безбүйрек болар ма, «жәбірленушіге» арызыңызды жазыңыз, бастапқы сөзіңізден қайтпаңыз, әйтпесе, өзіңізге қиын тиеді деп жағдайды ширықтыра түсіпті.
Құдай қарасқанда, әлгі сұлудың қайынатасы, тілеуіңді бергір, ұстамды, байырқалы адам екен; мән-жайға қаныққан соң балаларын оңаша апарып ақылдасып, дауды доғарыңдар, бұл бізге де абырой әперетін жағдай емес, ел-жұрттан ұят деп істі тоқтатты. Әйтпегенде, Оразға, сотты болмағанмен, қыруар айыппұл төлеп құтылуға тура келер еді.
Әлден уақытта ерлі-зайыпты екеуі ақсақалға алғыстарын жаудырып, бөлімшеден қолтықтасып шықты-ау.
Мизамшуақ кезі-тін.
Едәуір ұзап, тұңғиық түн құшағына ене берген шақта Күләйша сақылдап күлген:
— Әй, байғұс-ай! Ақ тамаққа қызығып кеттім деші. Ах-ха-ха-а-а! Әй-и, Ораз ит-ай! Қанды іштің-ау, паразит-ай-и!
Күйеуі аңтарыла қарайды. Аңғал, аңғырт жігіт аузы ашылып қалыпты:
— Өй, ақын болып кетіпсің ғой! Өзің шығардың ба жаңағыны?! — дейді.
— Әрине, өзім шығардым! Сен ғой деп пе едің! Маньяк!
Дегенімен, Күләйша әлгі ұйқастың аузынан қалай шығып кеткенін өзі де байқамай қалған-ды. Енді қосыла күлген екеудің жарқын дауысы аспан астын жаңғырықтырған. Кейбіреу қалада өздері ғана жүргендей мыналарды жын қаққан ба деп состия қарап бара жатқандай. Сол сәт екеуінің ессіздігіне түнгі Алматының өзі жымиғандай болғаны есінде.
Ал бұл жолғы жағдай күлетіндей емес еді. Күйеуінен дерек жоқ. Қайда жоғалып кетті ақымақ…
Күләйша шамдары жарқыраған кең даңғылға томсырая қарады.
Алты қатарға тізіліп ерсілі-қарсы жөңкілген көлік ағыны буырқана тасыған алып дарияны елестетті. Үздіксіз сырылдаған дыбыстан құлақ тұнады.
Сол машина нөпірінің арасында селтиген біреуді Ораз емес пе екен деп жалт қараған. Жоқ, оған мүлде ұқсамайды. Елегізгенде адамның басына неше қилы қиял келе береді екен-ау. Әрбір көлік иесіне кезек-кезек алақан жайып, қайыр сұрап жүрген міскін секілді. «Байғұс біреуі қағып кетсе қайтеді. Не деген өлермен?!» — деп ойлады.
Жапырақ жайраған қоңыр күздің ызғары тоңдырып та жіберді. Тіпті, жылтылдаған қар ұшқыны байқалып қалады. Қатар-қатар тізілген биік қарағаштың ұшар басындағы бүршіктері сыбдыр-сыбдыр етіп, дірдек қағысып тұр. Күләйша қалың, ұзын көйлек пен табаны жайдақ бәтіңке киетін кездің әлдеқашан жеткенін аңдайды. Көз алдынан тымпиып, пеш түбінде марқұм әжесінің құшағында отыратын бейғам балалық шақтың елестері зулап өтті. Сол үлкен шешесінің: «Ай, сенің атаңның да көрсетпегені жоқ-тын жас шағымда. Толғатып жатсам, ашуланып, көшті жөндемейсің бе деп дырау қамшымен бір тартып кетті» деген әңгімесі ойына оралды. Ал Ораз мұны сөйтсе қайтер еді?! Ойбай, ондай жәйтті елестетудің өзі мүмкін емес қой. Қарап тұрса, «жуас түйе жүндеуге жақсы» дегендей, тықақтап, әрбір қадамын аңдып, оның өзін әбден басынып, илеп, еңсеріп алғанын түйсінді. Соған көрсеткен кейдегі шектен тыс озбырлығын алғаш рет аңдағандай қатты таңырқады.
Әуелде өзі сол Оразға әжептәуір ынтыққан. Ал тұрмыс құрған соң үйренісе келе оған біртіндеп, қалай болса солай, жекеменшік мүлкіндей қарайтынды шығарыпты…
Күйеуі, ойлап тұрса, сүп-сүйкімді-ақ адам. Ортадан жоғарылау бойы бар, қызылшырайлы жігіт. Қашанда жарқылдап, күліп жүретін жайдары жан. Тек шашы ертерек ағара бастаған-ды. Қырыққа енді ғана келді емес пе… Бірақ сонысы өзіне үйлесіп те тұрады…
Таныстары екеуіне жарасымды жұп ретінде сырттай қызыға қарайтынын да біледі. Өзі де талдырмаш қана әйел ғой. Әйтеуір, сүйегі жеңіл. Сол елпілдектің арқасы шығар, үйден шыққалы осы межеге дейін, кемінде, үш шақырымдай жерді лезде жүгіре басып өткенін ойлап, сырт жағына қайырыла бір қарап қойды.
Екеуі, расында, қайда барса да, қол ұстасып алып, сартылдап жүре беруші еді. Баяғыда «бал айының» екі-үш күнін тау бөктерінде, Алма-арасан шатқалында өткізгенін ұмытпайды. Алматыдан жиырма шақырымнан аса жоғарыда жатқан жер… Тамыз айының орта шені еді. Ұйықтайтын екі кісілік қап пен шағын шатыр жалдап алды да, ыдыс-аяқ, оны-мұныларын арқалап алып, жаяу тартқан. Қалың шырша арасында долана мен таңқурайы, итмұрыны сыңсыған жасыл қойнауды армансыз шарлады. Шіркін, мөлдіреген табиғат қойнауында ішкен астың дәмі қандай; жас жұбайлар ауасының тазалығы бас айналдыратын оңаша бір бөктерді тауып алып, аунап-қунады. Бірақ шатқал арасында күн батқаннан-ақ көзге түрткісіз қараңғылық орнайтын көрінеді. Лаулаған от қасында екеуден-екеуі ғана күбірлесіп отырғанда қарсы беттегі Үлкен Алматы асулары тұсынан біреулер алау ұстаған қолдарын ұзақ бұлғаған. Бастапқыда «бұл не нәрсе, тау қарақшылары емес пе, әлде қар адамы ма» деп зәресі ұшқан мұны Ораз: «Ой, қорықпа, бізге сәлем жолдап, белгі беріп тұрған орманшы жігіттер ғой» деп әрең тыныштандырды. Тау қойнауындағы ұйқы да ерекше; таңертеңіне рахаттанып оянса, төңіректі тұтастай қырбық қар басып қалыпты. Шәркеймен жүрген екеуі қатты састы. Сол мезетте-ақ бұлардың жағдайын түсінген әлгі жігіттер екі атпен келіп, мінгестіріп, жүк-мүгімен қала шетіне жеткізіп салғаны бар. «Сонда атпен зорға түскенде, теңіз деңгейінен төрт мың метрдей биікке жаяу қалай өрлеп кеткенбіз, қайран, жастық-ай!» деп таңданды…
Ораздың мамандығы — газбен дәнекерлеуші. Сантехник. Алматыға Қарағанды жақтан оқуға келіп, осында қалып қойған бала ғой. Би алаңдарының бірінде кездейсоқ танысып, достасып еді. Сол достық үлкен сезімге ұласқанын өздері де аңдамай қалғандай…
Күләйша болса, Қаскелеңнің қызы. Алматы технология университетін түгескен. Мүмкін, күйеуін өзінен сәл төмендеу санауы сол «артықшылығынан» басталуы да ғажап емес…
Шынында да, тұңғыш рет жолдасын «менсінбеушілігі» сырын іздеді. Ондай күпірлікке бара да қоймаған секілді; бірақ бертінде әлдекімдермен салыстыратыны өтірік емес-ті. Күйеулері кәсіпкер құрбылары бар. Әттең, солардай емес деген пендешілігі болғаны рас. Бұдан гөрі көріктілеу, бұған қағанда дәулеттірек әрі жасырақ біреулерге көңілі кеткен сәттері де кездесіпті. Өзін іштей солармен «сәйкестіріп» көрген кездері ұшырасыпты. Қаншалықты ауыр болса да, оны да үнсіз мойындап, қатты қысылды. Ораз мұндай ниетін сезбей қалуы мүмкін емес қой…
Ендігі жүрісі мынау. Әрі өткен-бері өткен еркек атаулыға емініп, діңкесі құрып, солардың бірі өз күйеуім Ораз болып шықса екен деп армандап…
Ол үйден шыға жөнелетін сәтте әлгі құрбыларының бірі телефон соға қалғаны. Күйеуі ірі өндіріс орнын ұстап тұрған «алпауыттың» әйелі еді. Ораз екеуін алда өтетін жоғары деңгейлі бір отырысқа, ресторанға шақырған.
— Ай, білмедім. Бұ байғұс ондай ортада отыра алар ма екен, — деді Күләйша телефонмен сөйлесіп тұрған күйі өз күйеуіне бастан-аяқ сынай қарап. — Мүмкін өзім барармын. Жарайды, хабарын кейінірек айтайын, көрерміз….
Сөзін аяқтағанда қараса — Оразы жоқ! Тағы қатты ренжіткенін білді. Тайып тұрыпты. Тағы да ар-намысына тиіп, қорлағанын білді. Қап!..
Удай ашыған алақанына қараса — қанапты. Бағана сатыдан тайып жығылғанда сырып алғаны жері. «Жеңіл шығып еді, тоңып қалмады ма» деп күзгі каникулға нағашысының үйіне кеткен ұлдары Қанатты ойлады. Ол да он беске келді. Ол да ержетті, күні ертең оның да өз сыңарын табатыны аян. «Қандай жан кездеседі?! Мына өзі сияқты баласының ерік-жігерін жасытып, өктемдігін жүргізетін біреу болып шықпай ма?.. Жо-о… Ондайға жол бере қоймас. Еркіндігінен айырылған жігіттен ерлік шығады дегенге кім сенеді…»
— Қой, қайтайық, — деп өз-өзіне дауыстай тіл қатқанда қатты күрсінді. — Жолдастарды телефон арқылы үйге барып түгендерміз…
Қалың оймен ілбіп басып, үйге қалай жеткенін де аңғармай қалыпты. Бірінші қабатта шағын кафесымақ бар еді; неге екенін, соған бұрылғысы келді. Кірсе… Оразы төрде жападан-жалғыз өзі сыра ішіп отыр…
Қуанғаны-ай! Ол да мұны көріп селт етті:
— Қанатпен хабарластың ба? Мен сөйлескім келіп еді, телефонымның қуаты бітіп қалыпты, — деді салған беттен. Ойында дәнеңе жоқ. — Далаға шығып келейік десем, тыңдамай тұрып алдың ғой… Телефонмен қайдағы бір әйелдермен өсек соғып… Сыра ішкім келіп кетті…
Ұялғаннан ба, әлде ызғардан ба екен, Күләйшаның қаны жүзіне тепкен.
— Әкел, маған да алдыршы сыраның бір бокалын! — деді күбір етіп.
У ішсем де, осымен бірге ішіп өлейінші деп ойлап еді.
Күйеуі «мынау шын айтып тұр ма» дегендей әйеліне көзі бақырайып, аңырая қарап қалыпты.