Төзім
Ақыр соңында мефрау Ван Дамның шыдамы шарықтау шегіне жетіп, марапатқа ие болды.
Оның күйеуі өткен аптаның жұмасы күні шыбын жанын Тәңірге табыс етіп тынды.
Олардың отасып, бір шаңырақ астында тірлік кешкендеріне отыз екі жыл. Ержеткен үш баласы бар. Күміс тойларының қарсаңында, мерекені атап өту үшін жалдап қойған залдың төрінде отырған мефрау Ван Дамға жап-жас бейтаныс жігіт келіп:
— Сіздің күйеуіңіз төрт жылдан бері қайдағы бір жезөкшемен байланысып жүр, мен әлгі қаншықты сол үшін тастап кеткенмін. Сіз бұл туралы білетін бе едіңіз? — деді.
Ол білмейтін еді.
Бірақ, күйеуінің әр жұмасын сайын чемоданын толтырып алып, қаланың шетіндегі уикендке не үшін қатынап жүргенін түсінгендей болды.
Алдын-ала жоспарланып қойылған күміс тойына осы бір келеңсіздіктің кесірі тиген жоқ. Керісінше ерлі-зайыпты Ван Дамдар әшекейленген орындықтарға жайғасып, зал толы тойға жиналған қонақтардың арқасында тамаша өткеріп тастады. Олардың құрметіне бірнеше мәрте саулық тілейтін сазды әуендер шырқалып жатты.
Ертеңінде мефрау Ван Дам күйеуіне барлығын білетінін, ажырасудан бас тартатынын мәлімдеді. Оның дәл осындай шешім қабылдауы, күйеуіне деген асқан іңкәр махаббаттың да, өзегін өртеген қызғаныштың да, жүрегіне шемен болып шөгіп қалған кектің де кесірі емес еді. Ол тек қана зейнетақысы мен сақтандыруынан айырылып қалмау үшін осылай істеуге мәжбүр болды.
Десе де, күйеуінің табысы көп емес-ті, шаруашылық шығындарына соқыр тиындарын санап беретін. Одан қалғанын әлгі бір бикештің қалтасына салады. Бір күні мефрау Ван Дамға жаңа көйлек керек болғанында, беті қызарып балаларынан ақша сұрауға тура келді. Күйеуінің ажал сағатының тездетіп соғуы, сайып келгенде мұны ауқатты әйел санатына қосады. Сол себепті де ол күйеуінің өлімін тағатсыздана тіледі.
Көп жылдар күтуге тура келді.
Олар бөлек бөлмелерде тірлік кешуге де үйренісіп, өз араларында бір-біріне жақ ашпайтын. Мефрау Ван Дам күйеуін тамақтандырып, киіп жүрген анау-мынау киімдерін ретке келтіріп қоятын. Әр жұма сайын оның чемоданын толтырып қоюды да әдетке айналдырып алған-ды. Күйеуі қоштаспастан әлгі бикешке кетіп қалатын. Күйеуі де әйелінің шын мәнінде не қалайтынын білмей басы қататын.
Өткен аптаның жұмасы күні мефрау Ван Дамның төзімі ақыр аяғында марапатқа ие болды. Таңертең ол күйеуі түнейтін бөлменің терезесіндегі перденің түрілмей қалғанына көзі түсті.
Асып-тасқан үміт сезіміне бөленіп, жатын бөлменің табалдырығына табанын тигізді.
Бірақ күйеуінің кірпігі әлі де болса қимылдап жатты.
Төсек-орынында жатып, оған дәрігер шақыру керектігін тапсырды.
«Бәрі де сол айтқандай болсыншы» — деп, Мефрау Ван Дам күйеуінің ол өтінішін де жерде қалдырмай құлықсыз орындай салды.
Дәрігер келіп, оны түгел тексеріп, науқасқа шипа болатын дәрілердің тізімін толтырыды да, дәлізге шыға бере оған:
— Сіздің күйеуіңіз өте қатерлі ауруға шалдыққан. Хәлі өте мүшкіл. Жүрегі ауырады. Сіз менің көмегіме өте кеш жүгініп отырсыз. Сірә, ол өзін бірнеше ай бойы қолайсыз сезініп жүрсе керек. Сіздің күйеуіңіз жүрегіне салмақ салған.
— Болары болды, бояуы сіңді — деді мефрау Ван Дам.
Дәрігер бұл кісінің осылай болғанына қуанып тұрғанын да аңғарып қалды. Дегенмен де ол жасы талайды көрген отбасы дәрігері болғандықтан, көптен бері анау-мынау нәрселерге таң қалмайтын болып алған еді, сол себепті де ештеңеге таңданысын білдірмеді.
Сонан соң Мефрау Ван Дам дәрі ұнтағына бола дәріханаға да барып келді. Бірақ ол да көмектесе алған жоқ. Күйеуі сол күні кешкілік көз жұмды. Өмірінің соңғы жұмасы күні ол онымен бірге қалды. Ол жан тәсілім ететін сәтте мефрау Ван Дам қасында отырды. Әне-міне келіп әлдилейтін ажалы жақындап қалса да, ол мұнымен сөйлескен жоқ. «Кешірші» деген соңғы сөзін де қимады бұған. Бір түйір болса да әлсіздік көрсетпеді. Бұған бетін бұрып қараған да жоқ. Бұл оның төсегінде отырса да, тек жалғыз өзі ғана нағыз ерлерше демі таусылып, туғалы бері елу сегіз жыл ғұмыр кешкен жарық дүниеге солай қош айтты.
— Қалай болғанда да менікі дұрыс болыпты — дейді мефрау Ван Дам бүгінде — ол о, дүниеге жап-жас қалпында аттанды. Ал мен болсам алпысқа аяқ артқанымда мол ақшаны қолыма түсірдім, рахаттанып өмір сүруге уақыт жетіп жатыр. Ал анабір салдақы саусағын сорып сорлап қалды.