depositphotos.com
- 16 сәу. 2026 02:31
- 28
Молдова СНГ-ден шығатынын ресми түрде мәлімдеді
Молдова Тәуелсіз мемлекеттер достастығынан (ТМД) шығатынын ресми түрде жариялады. Бұл туралы елдің вице-премьері, Сыртқы істер министрі Михай Попшой мәлімдеді. Оның айтуынша, Молдова 2027 жылдың 8 сәуірінен бастап ТМД-ның мүшелігінен толықтай шығады.
Бұл шешім халықаралық құқық нормаларына сәйкес, ұйым хатшылығына хабарлама жіберілгеннен кейін 12 ай өткен соң күшіне енеді. Министрдің сөзінше, Молдова соңғы жылдары ТМД-ның саяси, қоғамдық және мәдени іс-шараларына қатыспай келген.
Дегенмен, Молдова ТМД аясында жасалған кейбір экономикалық келісімдерге қатысуын жалғастырады. Бұл жағдайды министр Грузияның бұрынғы тәжірибесімен салыстырды. Грузия да ТМД-дан шыққаннан кейін экономикалық келісімдерде қала берген.
Бұған дейін Молдова ТМД мен Еуразиялық экономикалық одағының (ЕАЭО) отырыстарына қатыспай келген болатын. Ел билігі экспортты батыс нарықтарына бағыттауды және құқықтық базаны еуропалық стандарттарға сәйкестендіруді мақсат етеді.