Нұралы хан мен Сырым батыр
Өткен күнде Нұралы хан Сырым батырға құда болам деп бір кісі жіберген. Сонда келген адамның айтқаны Сырымға Нұралы хан сөзі деп: «Досқа сәлем айт, достығымды асырайын деп ойладым, маслихат болса», — деген. Сонда Сырымның айтқаны дейді: «Тотықпас асыл болатқа алтыннан нақыш жүрмейтін, атасының салтынан қараға хан ермейтін, дариядан шыққанмен жауһар тас алтынға басын бермейтін», — деген екен. Бұл сөзді жіберген кісі ханға айтып келген соң, хан тағы да бір кісі жіберіпті сөз білетін.
Ол кісі келіп мына сөзді айтқан Сырымға хан айтты деп: «Асыл берен алмастың балдағы алтын болатын, екі жақсы бас қосса, дос болып көңілі толатын, боямалы асыл емеспіз ғой, күнге тисе, оңатын», — депті Нұралы. Сонда Сырым қасындағы отырған бір би адамға:
— Бұған не айтамыз? — депті. Сонда ол адамның айтқаны дейді:
— Жоғарыға қолын созбаған жаманның ісі, еңсеге келген жақсының қадірін білмеген наданның ісі, дұрыс айтқанды дұрыс деген түсінетін маманның ісі деген және де айтқан сөзін қайтып алса, хан баласына өкпе арт, салған жүкті тартбай тастаса, нар баласына өкпе арт деген, — дейді. Сонда Сырым айтқаны:
— Олай болса, бек қош, хан дегені болсын, орта көңіл толсын, екі жақсы бас қосып, бір орынға бір тілекпен қонсын, — дейді.
Ал енді сонан соң құдай десіп, құда болысып кетіпті, бұл құдалыққа үш жыл өтіпті. Бір күндерде ханның өзінен басқа адам келіп, қонып жайламайтын хан көлі дегенге Сырым мың жылқы, қырық үймен келіп, рұхсатсыз қонып алған. Хан естіп бір кісі жіберіпті. «Көк орай ғой, бұ қалай? Бидің есінде болсын», — дейді, жіберген кісіге сонда Сырым айтқаны:
— Асыл, асыл,
Асыл болсаң, шыда,
Аяққа басыл.
Құдай дескен дос болсаң,
Жақсылығын асыр,
Жамандығын жасыр.
Екі жақсы бас қосса,
Ағынды дариядай тасыр.
Екі жақсы адасса,
Балықтай басынан сасыр.
Өзінен өзгені көрмесе,
Халқына пайда бермесе,
Ханды да қайғы басар.
Ханнан келді бір сәлем,
Алды-арты жоқ құр сәлем,
Бұған не деп айтсақ, жарасар.
Көк орайға шыққан көк шөп,
Ол шөптің иесі көп,
Сол көк орай шөпті тауысты.
Достының малын жеп,
Құдай дескен құдасына жіберіпті
Хан «сәлем» деп.
Түсінгенге бұл бір ғибрат,
Білмейтінге салған бұл бір еп.
Шын асыл болса, азбасын,
Боямалы асыл болмаса,
Айта бер ханға солай деп», —
деген. Хан жіберген хабаршы Сырым сөзін ханға айтып барғанда, хан шалқасынан түсіпті. «Құда болмайым, енді болмаспын» деп шамданып, араздықтың басы сол болған дейді. Ал енді бұлардың арасына жүріп, ешкім келістіре алмайды. Бірнеше ай, жылдар өткен соң, Алтеке үкі бидің дуасы болып, соған қырық үй тігіп, ең жақсысы қадірлі бір үйді, ал енді әр рудың басты қадірлі адамдарынан ғана үш-төрт адамнан кіргізіп, басшы адамдардың басын қосармыз депті. Солай еткен. Сол үйге жақсы адамдар, басшы адамдар кірген, ішінде Сырым да болған көрінеді.
Ал енді осы жиналыста «Хан мен Сырымды басын қосып келістірем, егерде бұл екеуін келістіре алмасам, адам болып атқа мінгенім құрысын», — деп, Кердері Құнас деген отыз бір жасында тор жорға атына мініп, көп жиналған дуаға келіп, манағы жақсыларға тіккен үйдің сыртына келіп тұрғанда, ат ұстаушы жастарға айтқан: «Осы үйдегі жақсылардан, бастылардан тілейтін тілегім бар, сол тілегімді берсе түсемін, егерде тілегім берілмесе, қайтып барып үйіме түсермін. Игі жақсылардан арнайы келіп, осындай жиналыста сұраған тілекті алмасам өлген кісі болғаным», — деген. Сол сөзді жігіттер үйдегі басты адамдарға айтқан. Құнас солай деп айтады деп. Сонда үйдегі жақсылар хош болады. «Келсін, тілегін береміз», — депті. Құнас түсіпті, ал енді ақсақалдарға сәлем беріп кіріп болған соң, Құнастың айтқаны:
«Сардар бек, сары азамат толып отыр,
Өте үлкен құрма кеңес болып отыр.
Мынау Сырекем ханмен бірге болмаған соң,
Құнасың соған рұхсат сұрап келіп отыр.
Жүремін екі достың арасына,
Сөзімнің айып шаласына.
Арада кек болғандай ешнәрсе жоқ,
Қателік айтылған сөз арасына.
Хан ұлы қашаннан да алда жүрген,
Қарамай қара халықтың баласына.
Жақсылар рұхсат берсең, тілегім сол,
Қайсылар келді-ау ханның шамасына?!» —
дегенде, жақсылар: «Рұхсат, шырағым, Тәңірім жүрген жолыңды ашсын, шайтанның уәсуасы бассын!» — деген. Халық қолын көтеріп дұға қылғанда, қараса, Сырым қол көтермейді. Сонда Құнас Сырымға қарап: «Мынау Сырым асыл туған зерек еді, ойланса, ақыл-пікірі терең еді, Сырымның шыққан тауы биік болсын, иілтіп ханды мұнда әкелуі керек еді», — дегенде, Сырым: «Олай болса, әкелсең — әкел», — дейді. «Ханды маған әкелу мақсат болса», — деген. «Жарайды!» деп халық қол көтерген тағы. Сонда Құнас ханға барып айтқаны:
— Ассалаумағалайкум!
Алдияр, тақсыр, ханымыз,
Ай мен күнге парымыз,
Ортадағы жанған шамымыз,
Бақытты ұзын ғұмыр беріп,
Қайырлы болсын алтын тағыңыз!
Жақсы мен жаманды тең көрдің,
Бай мен жарлыны теңгердің.
Екі дүние дегенде ашық болған бағыңыз,
Қалың топты қақ жарған жылқыдағы сарымыз,
Керуенді бастаған түйедегі нарымыз.
Бұл уақытқа келгенше,
Бір-екі ауыз сөздің мағынасын таба алмай,
Кетулі беттен арымыз.
Рұқсат берсең, хан ием,
Сол сөзімнің мағынасын сұраймын,
Бұған құлақ салыңыз, —
деген екен. Және де айтқан:
— Бәйгіде жабы оза ма,
Тағы оза ма?
Аққудың тепкініне көл тоза ма,
Аспандағы ұшқан қуға
Көтеріліп көл қона ма?
Болмаса көлге келіп аққу қона ма?
Қара халық байтақ жатқан көл еді,
Халқын аяғына басқан хан оңа ма?
Тақсыр-ау, құрмасы үкі бидің болып жатыр,
Жан-жақтан нендей жақсы толып жатыр.
Ортада ай мен күндей сіз көрінбей,
Дұшпан күліп, достың көңілі солып жатыр.
Ортасына қара халқының сізді апаруға
Құнасың сол жайында келіп жатыр.
Келгенге осы жайдан жауап күтем,
Ауыздан шығар деп сөз балдай татыр, —
деген екен. Сонда хан айтқаны:
— Ау, ханым, бұл жиынға бармай болмас,
Тілегін Құнас мырзаның бермей болмас.
Ердің құны бір ауыз сөзден бітеді,
Шын сөзге түсінбеген адам оңбас.
Баралық, қара халықтың жүзін көрелік,
Опасыз жалған дүние болмас жолдас, —
деп, ханымды ертіп жиналысқа келіпті. Хан кірген соң есікті ашып «алдияр, тақсыр» деп халық тұрып қол алысқанда, Сырым тұрмай, қол алмай отыра берген. Хан Сырымға қарап ишаралап көріскісі келген, бірақ Сырым тұрмаған.
Сонан соң хан: «Қара халық мені бұл жиынға, бұл мәжіліске қорлауға шақырған ба?» деген ойға қалып, тым-тырыс үндеспей отырып қалған. Сонда қараман Малайсары деген сөз бастапты. Сонда айтқаны:
— Әй, жігіттер, жарандар,
Мен әңгіме айтайын
Келісіне қараңдар.
Азғырған нәпсіге ермеңдер,
Шайтанға көңіл бермеңдер.
Нәпсі мен шайтан ел емес,
Өңкей жақсы жиналып
Ақ жүздерін көрген соң,
Үндеспей қалу жол емес.
Екі жақсы адасса,
Жамандар қылар келемеж.
Шауып қалған боз едім,
Орны келсе, шаппай қалатын мен емес.
Ай мен күндей жарқыраған
Ортадағы шам еді-ау,
Хандікі болсын бұл кеңес, —
деген екен. Сонда хан сөйлепті:
— Халқым-ау, көнеден дәурен озды,
Көндей қалың қамқа тозды,
Боздан шұбар озды,
Ханнан қара озды,
Анадан қыз озды,
Бұл қалай? —
дегенде, Сырым айтқан көрінеді:
— Көнеден дәурен озса,
Кәріліктің жеткені,
Қолынан қайратының кеткені.
Боздан шұбар озса,
Асыл жүйрік шұбар еді,
Сол бозбен бір жарысуға құмар еді.
Күндердің күні болғанда,
Шұбарың шауып озып,
Аяғың әруағы қозып кеткені.
Ханнан қара озса,
Ұятсыз шіркін болғаны, —
депті Сырым. Сонан соң Қараман би дегеннің сөз бастап айтқаны:
— Ит жаманы түз қориды,
Жігіт жаманы қыз қориды,
Әйел жаманы ерін қориды,
Ер жаманы жерін қориды, —
деген. — Не керек өткен сөз өтсін, кеткен сөз кетсін, ханы мен қара. Халқы жарқырып күліп, жайлап сөйлей мұратына жетсін, — деп, тұрып келіп ханның қолын алып, сол ретпен халық қайтадан қолдасып, сонда Сырым да ханмен қолдасып көріскен дейді.
Оқуға кеңес береміз:
Сырым батырдың шешендік сөздері
Сырымға анасының айтқаны (I нұсқа)
Байбақты Сырым батырдың әкесінің атын Дат деп қоюдың сыры?