
- 16 сәу. 2025 08:14
- 15
Президент жаңа Спорт туралы заңға қол қойды: Негізгі өзгерістер қандай?
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының жаңа Спорт туралы заңына қол қойды. Бұл құжат еліміздегі спорт саласын одан әрі дамытуға бағытталған және бірқатар маңызды жаңалықтарды қамтиды.
Енді спорттың басым түрлері халықаралық деңгейдегі жетістіктерге қарай айқындалады. Олардың қатарында Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Паразия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері бар.
Заң аясында спорт федерацияларын аккредиттеу тәртібі де жетілдірілді. Енді олар ұлттық және жергілікті спорт федерациялары болып бөлінеді. Бұл шара спорт ұйымдарының қызметін нақтылап, бақылауды күшейтуді көздейді.
Маңызды өзгерістердің бірі – шетелдік легионерлерді қаржыландыруға қатысты. Енді бюджеттен немесе квазимемлекеттік сектордың қаражатынан шетелдік спортшыларға қаржы бөлінбейді. Бұл қаражат төрт негізгі бағытқа бағытталады: жоғары жетістіктер спорты (оның ішінде басым спорт түрлері), мемлекеттік спорт ұйымдарының қызметі, бұқаралық спорт және спорттық инфрақұрылымды дамыту.
Сондай-ақ спортшыларды ұлттық құндылықтарға негізделген бірыңғай стандартпен даярлау жүйесі енгізіледі. Бұл жас буынды тәрбиелеу мен рухани құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді.
Допинг мәселесі де назардан тыс қалмады. Енді уәкілетті орган допингке қарсы ережелердің бұзылуы бойынша тиісті шара қабылдау құзыретіне ие болады.
Жаңа заң еліміздегі спортты жүйелі дамыту мен оны қолдауға бағытталған нақты қадам болмақ.