tengrinews.kz
- 26 нау. 2026 15:00
- 26
Қандастарға жұмысқа орналасу міндеттеледі
Енді Қазақстанға қоныс аударған этникалық қазақтар (қандастар) жаңа мекендерінде міндетті түрде жұмысқа орналасуы тиіс. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған тиісті өзгерістер жобасында айтылған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа талаптардың мақсаты
Жобаның негізгі мақсаты – қоныс аудару бағдарламаларының тиімділігін арттыру және қандастардың жаңа аймақтарда тұрақты қалуын қамтамасыз ету. Министрлік өкілдерінің айтуынша, ресми жұмыспен қамтылмау қандастардың көшіп-қонуына, қайтадан басқа жаққа кетуіне себеп болады. Бұл өз кезегінде жергілікті бюджетке салмақ салады.
Жаңа ереже бойынша, қандастардың жұмыспен қамтылғанын растайтын құжаттар мен әлеуметтік аударымдардың жасалғаны туралы мәліметтер талап етіледі.
Қоныс аудару және жұмыспен қамту
Қазақстанға қоныс аударған этникалық қазақтар еліміздің әртүрлі өңірлеріне қоныстанады. Алайда, қандастарды орналастыру үшін еңбек ресурстары тапшы аймақтар ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген.
Айта кетейік, 2026 жылдың өзінде 3 335 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алған. Ал 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллион 168,2 мың этникалық қазақ оралған.
Аталған жоба 6 сәуірге дейін "Ашық НПА" порталында қоғамдық талқылауға шығарылады.