- 06 қаң. 2020 00:00
- 201
Қасқа-ау, ана арада — қасқа-ау, мына арада
Кәдірәлінің ұстазы атақты күйші Қазанғап қасына ерген шәкірттеріне тек күй үйретіп қана қоймайды, оларды басқа ауылдың домбырашыларымен тартысқа шығарып, қандай жағдайларда қарсыласын жеңуге болатынын айтып, үнемі баулып отырады. Бір жылы Кәдірәлі Қазанғаптың қасында жүргенде Табын руының Тасыбай, Қонақбай сияқты белгілі домбырашыларымен тартысып оларды жеңеді. Кәдірәлінің оларды жеңу себептері былай болыпты: Тасыбай мен Қонақбай ауылындағы жасы жетпістер шамасындағы бір бай төрт әйелдің үстіне бесінші етіп, көрші ауылдағы бір кедейдің жас қызын малға сатып алыпты. Қыз байдың үйінде бір жұма болғанда, елде қалған сүйген жігіті артынан іздеп келіп, бір түнде алып қашып кетеді. Түн ортасында бай жас «жұбайын» іздеп, шырт ұйқыда жатқан ауылды бөрліктіріп оятады.
Қыздың қашуына көмектескен сол ауылдың қу жігіттері байды мазақтап, қыз бен жігіт ауылдан ұзағанша оны алдарқатып ауыл маңындағы қарабарақтың арасынан іздеген болып, «ана арада, мына арада» деп, түн ішінде қарауытып көрінген қарабарақтың арасын байға аралатып, әбден сілесін қатырыпты. Осы оқиғаны естіген Кәдірәлі Тасыбай, Қонақбай ауылының байларын мазақтап, «Қасқа-ау, ана арада — қасқа-
ау, мына арада» деп күй шығарғанда, Тасыбай мен Қонақбай: «Сараң байдың қырсығы бүкіл елге, ел намысына тиді», — деп, өздерінің жеңілгендіктерін мойындапты. Сөйтіп, Кәдірәлінің «Қасқа-ау, ана арада — қасқа-ау, мына арада» деген күйі, осы оқиғаға байланысты шыққан екен.