Қазақ шаруашылығы
Он шақты жылдан бері қазақтың малы құлдырап кейін кетуде.
Жалпы Қазақстанды тұтас қарасаң, мал он есе азайған. Қазақтың малының қайтуына түрлі себептер болды: жайлаудың һәм өрістің тарылуы, жұт, түрлі індет, ұрлық, Россияның таптар соғысының әрекеті, барымта һәм жұттың «сегізінші ағайыны» — қасқыр.
Осының бәрі соңғы он жылдың ішінде өршіп, дәуірлеп үсті- үстіне келіп Қазақстанның шалқыған байлығын тез шайқап, есті жиғызбай науыт қылып, қазіргі халге келтірді.
Соңғы он жылдың ішінде шаруасы күйзелген, дәулеті шайқалған жалғыз Қазақстан емес, жалпы жер жүзінде талай халықтың-ақ әртүрлі себеппен шаруасы күйзелді. Бірақ шаруасы күйзелген өнерлі халықтар лезде-ақ шаруаларын түзетіп алып кетеді. Біздің қазақтың шаруасының түзелуі қиын.
Енді қазақтың шаруасының түзеліп, бұрынғы, бұдан он жыл бұрынғы қалпына келуіне көп шарт керек. Ол шарттың біреуі бос жерлерді жайлай білу. Мал бағуға бұрынғыдан ынтасын көбірек салу һәм мал өсіруге қосымша, көмекші қып жер кәсібіне айналу. Жаз келсе, қыс келместей болады. Шөп шаппайды. Шапса, не біреуге сәлем айтып шаптырады. Не асығып төрт-бес күннің ішінде бір қысқа деп шөп шабады. Оның өзін уақытысымен жинамайды. Жазғы күнге қуратады, күзгі жаңбырға шірітеді. Мұзбен, қармен араластырып жинаған болады. Қысқы жұт өтсе, енді жұт келместей болады. Көбі малын бақпайды. Не біреуге қосып тапсырған болады. Не айдап салып, сырттан қатын-балаға бақылатады. Көгілжірі кері тартқан еріншектер «сен қайтар, мен қайтарға» салады. Өздері ет аулап, қымыз аулап, не сөз аулап түтін шыққан жерлерде жүреді. Бұзауды қасқыр жейді. Сиыр суалады. Сүт жоқ. Тайлақ миға, батпаққа жығылып өледі. Келесі жылы көлік жоқ. Құрттаған қой далада қалады. Желдеген лақ- қозыны қасқыр қырады. Жылқыны жау алады. Қазақ байғұс «қап!» — дейді. «Шығасыға амал жоқ!» — дейді. Қайтадан түтін шыққан жерге барады. Кейбір жерлерге егін салған болады, о ғып, бұ ғып жерді айғыздап топырағын қозғап, томарын шығарып, бидай, тарысын сепкен болады. Онысын сырттан бақылап күзеткен болады, салақсиды. Бір күні не өз ауылының, не көршілес ауылдың малы басып, жайпап жеп кетеді. Бұл айтқандар қазақтың ескі үйреншікті дерті.
Соңғы он жылдың ішінде жалпы Қазақстанда әр жылдарда ақ сүйек жұт, ауыр жылдар болды. Мал қаусап қырылды. Кей жерлерде адам да науыт болды.
Соңғы он жылдың ішінде көп жерлерде барымта деген дәуірлеп ұлғайды. Ру румен барымталасты. Аудан ауданмен, уез уезбен барымталасты. Малды оннан, жиырмадан, жүзден, мыңнан айдасты, барымтаның ақыры шабынға, таланға айналды. Сөзбен тендікке жету болмады.
Соңғы он жылдың ішінде әртүрлі мал індеті дәуірледі: үйірлі жылқы қотыр болып тобымен нау ыт болды.
Үйірімен түйе қотыр болып қаусады.
Тағы жылқы қараөкпе, жамандат болып қаусады.
Сиыр аусыл болды, қасқыр қойша өріп кетті. Қойды қора- қорасымен қырды.
Бұның бәрінің үстіне соңғы жылдардағы болған таптар соғысының әм аштықтың зардабымен шыққан разверсткені пайдаланып, азық-түлік мекемелеріне қызметке кірген бұрынғы саудагерлері, қаладағы қарташы қулар қырға шығып қазақтан мал жиямыз деп бүліншілік салып, малға жау тигендей ғып бүлдірді.
Міне, осының бәрі үсті-үстіне келді. Малды қайтарды, Қазақстанды қазіргі халге келтірді.
Қазақстанның малы бір-екі жылда біткен мал емес, көп заманнан бітіп, өсіп келе жатқан мал еді. Ол мал қазір қайтты. Енді ол мал қазақтың қазіргі тұрмысына қарағанда қайта келеді деуге болмайды. Бірақ қазақ жаһат қылса, ерінбей еңбек қылса бұрынғы малдың санын қайта толтыра алмаса да, шаруашылығын күшейтіп, түзеп, бұрынғыдан гөрі тұрлаулырақ қылар еді. Ол үшін не қылу керек? Ол үшін малды шындап бағу керек. Қысқа шөпті уақытында ерінбей көп қылып шауып жинау керек. Малды ажарлы қылып асырау керек. «Семіздің аяғы сегіз», уақытысынан қалмай жалпы егін салу керек. Егінді ерінбей баптап, көп қылып салу керек. Қымбатсынбай, ұйымдасып соқа-сайман алу керек. (Ортақ боп ұйымдасқандарға соқа-сайманды қазына береді). Жалпы егін салу керек. «Жерді көгертсең, жер сені көгертеді» деген бұрынғылар. Қотыр малды, ауру малды cay малға қоспау керек. Қасқырды құртуға, ұрлықты, барымтаны құртуға кірісу керек. Ұйқыны ашып, жалқаулықты тастап, шаруаға айналу керек. Қатындарға жексұрын болып ет ауламай, кәсіп қылу керек.
Міне, осыларды істесе қазақтың шаруашылығы оңалып, күшейіп, малы тұрлаусыз болмай нығаяды. Мұны істемесе қазақ түбінде сахарадан безіп, қалаға сіңіп кетеді.
1922 жыл