Photo: Daian Gan (https://www.pexels.com/@daiangan) / Pexels
- 20 ақп. 2026 14:00
- 19
Қазақстанда сиыр етінен үш есе арзан ет көзі пайда болды
Қазақстанда сиыр етінен үш есе арзан еттің жаңа түрі пайда болды. Бұл – сайғақ еті. Енді бұл жануардың еті ресми түрде сауда желілері мен арнайы нарықтарда сатыла бастады.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Регуляциядан өндіріске дейін
Сайғақ етінен жасалған консервілер 2025 жылдың қаңтарынан бастап дүкен сөрелерінде пайда болса, жаз айларында салқындатылған тушаларды арнайы сату орындарында сату жұмыстары жанданды. Сөйтіп, дала антилопасы популяциясын басқару процесі толыққанды өндірістік модельге айналды.
Бұл реттеу жұмыстарын Экология министрлігі жанындағы «Охотзоопром» РМҚК қызметкерлері мен Сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті бақылайды. 2025 жылы 35 лицензияланған сою объектісінің 27-сі жұмысқа тартылды. Олар еліміздің жеті өңірінде орналасқан:
Барлық нысандар ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкестігі бойынша тексеріліп, сою цехтарымен, мұздатқыш камералармен және сумен жабдықтау жүйелерімен жабдықталған.
Сатылым алдындағы тексерулер
Жабайы жануар етінің қауіпсіздігі – ең маңызды мәселе. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, сою объектілеріне 196 120 бас сайғақ еті түскен. Әрбір туша міндетті түрде тексеруден өтеді.
Ішкі органдар мен бастың органолептикалық тексерісі, лимфа бездерінің ашылуы жүргізіледі. Сондай-ақ, қайнату сынағы, финноз (цистицеркоз) бойынша зерттеу және жалпы радиациялық фонды анықтау міндетті болып саналады. Ел ішінде барлығы 137 381 туша сатылды. Бұл өнімге шығу тегі мен қауіпсіздігін растайтын 1729 ветеринарлық анықтама берілген.
«Охотзоопром» РМҚК-дан серіктес кәсіпорындардың ет сатып алу бағасы жарияланбайды. Бұл мәліметтер коммерциялық құпия болып саналады. Алайда, бөлшек сауда бағалары жарияланған.
2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, бір килограмм сайғақ етінің бағасы 1300-2400 теңге аралығында. Ең көп сұранысқа ие сегмент – 1600-1800 теңге. Салыстырар болсақ, кейбір өңірлерде сиыр етінің бағасы килограмына 4000 теңгеден асады.
«Ветеринария туралы» Заңның 22-бабына сәйкес, жануар тектес өнімдерді сараптамасыз сатуға тыйым салынған. Ресми нарықтар мен дүкендерде мемлекеттік инспекторлар күнделікті ветеринарлық анықтама мен сою объектісінің мөрінің бар-жоғын, тасымалдау кезіндегі температуралық режимнің сақталуын, сондай-ақ зертханалық зерттеулердің нәтижелерін тексереді.
Салалық комитет сайғақ етін тек арнайы белгіленген орындардан сатып алуға және ілеспе құжаттарды талап етуге кеңес береді.
Тері және экспорт
Еттен бөлек, мемлекет жанама шикізатты да пайдалануды жоспарлап отыр. Қазақстанда жыл сайын 3,3 миллион ірі қара мал терісін өңдеуге қабілетті 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың техникалық базасы сайғақ терісін де өңдей алады.
Сонымен қатар, сыртқы нарықтарды ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытай, Сингапур, Малайзия, Вьетнам және Жапонияның ветеринариялық қызметтеріне тірі сайғақтарды, олардың бөліктері мен туындыларын, соның ішінде мүйіздерін импорттау талаптарын алу мақсатында ресми сауалдар жолдады.
Бұл талаптар алынғаннан кейін министрлік экспортқа арналған ветеринарлық сертификаттарды келісу рәсімін бастауды жоспарлап отыр. Нәтижелері туралы сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қосымша хабарланатыны айтылды.
Нәтижесінде, сайғақтар санын реттеу жөніндегі бастама ішкі нарықта жаңа тауар санатына айналды. Ендігі басты сұрақ – қазақстандықтар әдеттегі сиыр етіне балама ретінде арзан нұсқаны таңдауға дайын ба?