- 28 жел. 2021 00:00
- 175
Құрметті жолдастар! Жақын-жарандар!
Менің ішімде қазір ғажап өзгерістер болып жатыр. Толқыған ойды, бойды билеген қуанышты толық айтуға толымды сөз таппай тұрмын.
Япыр-ау, емес пе едім кеше бала,
Асыппын тең ортадан мына қара!
Қысылған соң өлең де шығып кетті ауыздан.
Заман шіркін зымырап барады. Біреулер оның шаңына тұншығып қалып жатса, біреулер үзеңгі қағысып тайталасып барады. Менің алпысымды осынша әйгілеп, мейрамдауларыңыз жай емесін әбден білемін. Гәп алпысқа келуде емес, қалай келуде ғой. Алпыстың биігіне шығып алып, артыма көз жіберсем алты айлық жолды алты-ақ аттап жетіппін. Жалғыз жеткенім жоқ. Бәріңмен бірге, халықпен бірге жетіппін. Маған қазір өмір — теңіз, халық — кеме, партия — капитан болып елестейді. Аман-есен, олжалы етіп мені осы шаққа келтірген сол халық, сол партия. Олай болса, маған арнаған сый-құрмет, игі тілектеріңіздің бәрін бірін қалдырмастан мен партияма, халқыма арнадым.
«Жақсы сөз жан азығы». Жан жасай білсе, азық жеткілікті болған сияқты. Бірақ, көңілде бір түйткіл тұр. Алмақтың салмағы бар. Оны екінің бірі көтере бермейді. Көтерсем деген талап таудай. Таудай талап кейде титтей төмпешікке сүрініп те құлай салады. Ондай сәтсіздікке ұшырай қалса cөгe көрмеңіздер.
Менен бұрын бұл үйде талай ағайлардың 60 жылдық мерекесі өтті. Олар осы мінбеден «алпыс, деген немене тәйірі!» деп еді. Дегізген әрине, қуаныш. Мені де қуаныш кернеп тұр. Әйтсе де, алпысты оңай дей алмаймын. Өйткені, жаңағы ағайлар дері десе де, буындары қазір сыртылдап жүр. Буын неліктен сыртылдайтыны белгілі. Мен тек барымды аямасқа уәде етем. Нағыз жазушылық еңбек инемен құдық қазғанмен бірдей. Сол құдықтан сәті түсіп фонтан атқыса көпсінбеймін. Тамшылап, жылымшылап ақса Сіздер азсынбаңыздар.
Маған көрсеткен құрметтеріңіз әдебиетке көрсеткен құрмет. Халыққа рухани азық болған әдебиетіміздің ләззаты, нәрі күннен-күнге арта берсін! Оны жасаушылардың тауы шағылмай, қаламы мұқалмай алпыс түгілі, жүзге жете берсін!
1962