Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 14 сағат бұрын)
Шабыт болса бәрі болады

Жазушылардың жуырда Кремль сарайында өткен үшінші съезі әдебиет жайын алты күн әңгіме етті. Совет еліндегі, социалистік, капиталистік сыртқы елдердегі ұлылы-кішілі халықтардың бәрінің дерлік съезге әдебиет өкілдері қатынасты. Түрі, діні, тілі әрқилы адамдар бас қосқан осы үлкен жиын совет әдебиеті дүние жүзінде ең алдағы әдебиет екенін тағы да бір әйгіледі. Социалистік реализм әдісі өмір шындығына, Маркс, Ленин ғылымдарына сүйенеді, жазушы мен халықтың жұбын жазбайды. Сондықтан совет әдебиеті қоғам өмірінің айнасы, қоғамымызды бастаушы партияның озық ойы — жаршысы болып келеді.

Қазіргі қазақ әдебиеті өміршіл сол үлкен әдебиеттің, гүлденген жуан бір бұтағы -Лениндік сыйлық алып отырған Мұхтар Әуезовтің Абай туралы, Абай заманы туралы төрт кітабын мақтан етеміз. Әйтсе де, табыстан талап үлкен. Халықтың рухани тілегі күн санап өсіп барады. Қызықты кино картиналарды көбірек сұрап жатыр. Ол үшін алдымен қызықты киносценарийлер жазу керек. Жақсы спектакльдер сұрап жатыр. Ол үшін алдымен жақсы пьеса жазу керек. Ал, жазу деген сөз әуелі өмірді, адамды білу деген сөз. Біз беттеп бара жатқан коммунизм ешкім көрмеген жаңа дүние. Оны жасаушы адамдар да жаңа. Өміріміз, адамдарымыз соншалық шапшаң өсуде, өзгеруде, көзден таса қылсаң-ақ шатасасың. Сондықтан, бүгінгі тақырыпқа жазуды, бүгінгі өмірді көз жазбай зерттеп отыруды съезд баса айтты.

Бірсыпыра қазақ жазушыларының басынан бір жалған ұғым қалмай жүр. Оларша, әдебиеттің шағын түрлерін шағын жазушылар ғана жазатын сияқты. Шынында шығарма көлемін емес, көркімен, салмағымен бағаланады. Көлемі кіші шығармаларымен-ақ үлкен жазушы болғандар аз ба? Бізде әлі күнге өзін танытқан шебер әңгімеші, фельетоншы, ән текстерін жазушы, очеркшілер жоқтың қасы. Бұл сол жалған ұғымның салдары болуы мүмкін.

Партия, үкімет басшыларының съезге қатынасуы, достық, жылы сөздері, берген кеңесі әдебиетшілердің ойын кеңіте, шабытын арттыра түсті. Жазушыда шабыт болса бәрі болады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама