Рухани жаңғыру – біздің тынысымыз
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы
№18 «Мереке» бөбекжайының директоры
Ожахаева Айтбиби Бакеновна
Жақсы мінез бен ақыл күші біріксе – бұлар адамгершілік қасиеттер.
Ыбырай Алтынсарин
Қазақ халқы ата-бабамыздың байтақ жерін тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай ұстап, ұрпаққа аман-сау жеткізуінің өзі бесіктегі нәрестені адамгершілікке ғана емес, Отансүйгіштікке, елін, жерін қорғауға тәрбиеленуінің негізгі дәйегі болып табылады.
Бүгінгі таңда рухани бастаулар мен имансыздық арасында жанкешті күрес жүріп жатқанын ешкімде шындыққа жанаспайды деп айта алмайды. Жандары нәзік балаларды адамзатқа жат құбылыстардан қорғап, олардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіре отырып, рухани-адамгершілікке, ұлтжандылыққа баулуға бар күшімізді жұмсауымыз қажет-деп ойлаймын.
Тәрбие-баланың рухани-адамгершілігінен,ұлтжандылығынан бастау алады. Бірақ, қазіргі ата-аналар балалардың рухани дамуына мүмкіндік бермей, ерте жастан интеллектік дамытуға басымдырақ көңіл бөліп жүр. Оларға баласының әріп танып, ағылшын тілінде сөйлеуі маңызды болып тұр. Ой-өрені қуып жүріп, кішкентай адамның рухани-адамгершілік дамуы тасада қалып жатыр. Осындай келеңсіздіктің алдын - алу мақсатында №18 «Мереке» бөбекжай-бақшасы жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген біртұтас педагогикалық процесс құру арқылы мектеп жасына дейінгі баланың рухани-адамгершілік және патриоттық дамуына қолайлы жағдай жасап, мынадай бағыттарда оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізіп отыр.
1. Күнделікті өмірде адами қасиеттің элементтерін орынды қолдану барысында бала бойына жан байлығын дарыту;
2. Бес білім беру салалары бойынша өткізілетін оқу қызметтерінде және одан тыс кезде де әдіс-тәсілдерді ұтымды қолданып,баланы рухани- адамгершілікке және ұлтжандылыққа тәрбиелеу;
3. Баланы рухани-адамгершілікке және ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында, ата - аналарды балабақша өміріне араластыру арқылы ынтымақтастықты нығайту.
Бала бойына жан байлығын дарыту мақсатында алдымен оларды «Сәлеметсіз бе?», «Сау болыңыз!», «Рахмет», «Кешірерсіз»,орыс тілінде «Здравствуйте», «Досвидания», «Спасибо!», «Пожалуйста»,ағылшын тілінде «Hello!», «Good-bye!», «Thank you!», «Please!» деген сияқты әдемі сөздерді айтуға дағдыландырып, мәдениеттілікке баулимыз. Күнделікті оқу қызметін Қазақстан Республикасының Гимнін орындаумен бастауды жүйелі жүргізу арқылы бала бойында өз ана тіліне, өз Отанына деген мақтаныш сезімі қалыптасатынын аңғардық.
Қазақстан Республикасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес бес білім беру саласын қамти отырып, балаға жан-жақты тәрбие мен білім береміз. Коммуникация саласына жататын оқу қызметтері арқылы бала бойында адами құндылықтарды, яғни қайырымдылық, кішіпейілділік, достық сияқты әдемі қасиеттерді қалыптастыруға болады. Мысалы, «Қошақанның туған күні» атты ағылшын тілінен өткен оқу қызметі тек үш тілді меңгертіп қана қоймай, бауырмалдылыққа, сыйластыққа тәрбиелейтініне көзіміз жетті.
Бөбектер өзінің дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алатыны баршамызға аян. Қазақтың ұлтық ертегілерін интербелсенді тақта,теледидар, көрнекі құралдар арқылы мазмұнымен таныстыра отырып, жаман мен жақсыны, қайырымдылық пен қатыгездікті ажыратуға, ертегі кейіпкерлерінің жағымды мінез-құлықтарын бала бойына сіңіріп, жамандықтан аулақ болуға тәрбиелейміз.
«Таным» саласы бойынша өткізілетін оқу қызметтерінде де бала бойына адамгершілік құндылығымызды құюға болады. Жаратылыстану бойынша өз еліне, жеріне мақтан сезімін тәрбиелеу мақсатында интербелсенді тақта арқылы елордамыз Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан, Қазақстанның жүрегі - Алматы және тағы басқа қалаларына саяхат ұйымдастырдық. Саяхат барысында баланың дүниетанымы кеңіп, рухани азық алады. Сонымен қатар,Маңғыстау өлкесі,Жаңаөзен қаласындағы Үстірт қорығы, кітапхана, мешіт, мұражай сияқты әдемі жерлеріне, мәдени кешендеріне саяхат ұйымдастырып, өз туған, өскен жеріне деген сүйіспеншілік сезімдері оянғанын байқадық.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай, «Әнші балапан», «Сүйкімді бүлдіршін», «ХХІ ғасыр көшбасшысы» сияқты байқаулар, «Тәуелсіздік - ел тірегі», «Тәуелсіз елдің бақытты ұрпағы» атты ертеңгіліктер өткізіліп, тәрбиеленушілер өз Отанын сүю, қастерлеу, елдік белгілерін ардақтау сынды ұғымдарды сіңіріп, ұлтжандылыққа тәрбиеленеді. Осы мақсатта 7 мамыр - Қазақстан Қарулы Күштері және 9 мамыр - Ұлы жеңіс күндеріне орай Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен, қаладағы әскери бөлімшенің жауынгерлерімен кездесу, «Ардагерлер» аллеясы, «Мәңгілік алау» және әскери бөлімшесіне саяхаттар ұйымдастырылып, ұлылар ерлігіне құрмет көрсету жұмыстары тұрақты жолға қойылған.
Сонымен қатар, «Ұлттық нақышта жасалған құралдарды, элементтерді қолдану арқылы құндылықтарымызды бала бойына құю жолдары» атты авторлық бағдарламам аясында да тәрбие жұмыстары жүргізіліп келеді. Еліміздің тәуелсіздік алған жылдары Жаңаөзен қаласында алғаш ана тілінде тәлім беретін бақшаны ашқан кезден бастап, атадан қалған асыл мұраны дәріптеу мақсатында көптеген жұмыстар ұйымдастырып, сабақ өткізген педагогтар үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтсам, балалар ұлттық белбеу, қамшы, асықтар, киіз үй бауларымен жалпы дамытушы жаттығулар, иінағаштың астымен төрт тағандап, жүремен жүріп, еңбектеу, құрақ көрпеше, асықтардың арасымен ирелеңдеп жүгіріп, қосаяқтап секіру сияқты негізгі қимылдар орындау арқылы дене шынықтыру оқу қызметтерінде ұлттық элементтерды пайдалануға болады. Бақшамыздың озат тәрбиешісі Айнабат Жегенбаева осы әдіс- тәсілдерді қолдана отырып, өткізген оқу қызметімен қалалық «Үздік десант сабақ - 2014», «Үздік дене шынықтыру сабағы – 2017» байқауларына қатысып, І орынды иеленді. Математика сенсорика оқу қызметтерінде ұмыт болып бара жатқан, ұлттық құндылықтарымыздың атын ататып санау, түсін, түрін ажырату деген сияқты ұғымдарды меңгертеміз. Мысалы, киіз үйдің шаңырағы – дөңгелекке, сықырлауық, текемет, түскиіз, кебеже, қоржындардың – тіктөртбұрышқа ұқсайтынын түсіндіріп, сергіту сәттерінде жүнді түтіп, оны сабаумен сабап, ұршықпен иіріп, өрмекпен ала теру тоқу сәттерін бейнелеп, оны әндете айту арқылы бала күнделікті қолданыста жоқ нәрселерді есінде сақтайды, өз ұлтының әдемі дүниесін мақтан ету сезімі қалыптасады. Балабақшаның үлгілі тәрбиешісі Алмагүл Балабатырова бұл технологияны өз ісінде ұтымды пайдалана отырып, нәтижесінде қалалық «Үздік панорамалық сабақ – 2018» байқауында оқу қызметін көрсетіп, І орын иеленді.
Ұлттық асыл қасиеттерді, ақыл-парасатты жас ұрпаққа өмірлік азық ету мақсатында бөбекжай-бақшамызда «Әженің сөзі - асылдың көзі», «Кішкентай Ару, кішкентай Сұлтан, наурыз тойында айтыс өнері, тұсау кесу, бесікке салу, бата беру рәсімдерін сахналандыру түрінде көрсетіп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін құрметтеуге тәрбиелейміз. Халқымызда «Баланы - жастан» деген даналық сөз бар. Сондықтан тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата-бабадан келе жатқан дәстүрді өзіміз түпкілікті түсініп, балаларымызға сол тәрбиенің нәрін сіңіре білсек, бұл қазіргі заманда бала тәрбиесіне қосқан қомақты үлесіміз болары сөзсіз.
Баланың шығармашылық саласы бойынша музыка, бейнелеу өнері арқылы да жан-жақты дамитыны рас.
1 наурыз - алғыс айту, 8наурыз - аналар күндері ертеңгіліктерін өткізе отырып, олардың өздерін дүниеге акелген анасына рахмет, бауырларының, достарының жасаған игі істеріне алғыс айтып, жүрегін қуаныш сезімі баурайтынын байқап, мұндай шараларды көптеп жүргізуді қолға алдық.
«Әлеумет» білім беру саласы бойынша балаларды рухани адамгершілікке тәрбиелеу «Өзін-өзі тану», «Қоршаған ортамен танысу», «Экология» оқу қызметтері арқылы да беріледі. Әр оқу қызметі «Өзін-өзі тану» пәнінің элементі шаттық шеңберінен басталады. Мысалы, балалар бір-біріне «Сен әдемісің!», «Сен ақылдысың!», «Сен мырзасың!» деген теңеулермен тілектерін білдіріп, олардың сабаққа қызығушылықтары артып, достық қатынасы нығая түсіп, өзін бағалау сезімі артады. Серуенде, саяхатта дүниетанымы кеңейіп, оларды жақсы көру, сүю сезімі күшейеді. Мысалы, жануарларды, өсімдіктерді аялап, оларға қамқорлық жасау арқылы адами қасиеттері қалыптаса бастайды.
Ең алдымен бала тәрбиесі отбасынан басталады. Отбасында берілмеген тәрбиені сәби басқа жерден таба алмайды. Сондықтан балабақшамызда ұйымдастырылатын әрбір шара кезінде ата-аналарды міндетті түрде белсенділікпен қатыстыру күнделікті күн тәртібінде жолға қойылған. Білім мен тәрбие екі жақтан болған кезде ғана сапалы нәтиже аларымыз анық. Осы мақсатта ата-аналармен жұмыс жоспарына сәйкес жиналыстар, дөңгелек үстелдер, пікірталастар, тренингтер, ашық есік күндері, сайыстар өткізу арқылы жан-жақты тәрбиенің нәтижесін көріп отырмыз.Мысалы,
"1 мамыр - Қазақстандағы халықтар ынтымақтастығы» күніне орай жуырда ғана «Достығымыз жарасқан!» атты фестиваль ұйымдастырылды. Шараны өткізудегі мақсатымыз - ата-анамен балабақша арасындағы тығыз байланысты арттыру болды. Бұл фестивальге ата-аналар балаларымен қатысып, Қазақстанда мекендейтін ұлт өкілдерінің тілін, өнерін, мәдениетін дәріптеп, бала бойында басқа ұлт өкілдеріне деген сыйластық сезімі тәрбиеленді.
Мекемеде ата-аналар жанынан құрылған Қамқоршылық кеңес мүшелерінің де баланы рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде қосқан үлесі мол. Олар жылына 2 рет «Аялы алақан» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, аз қамтылған отбасы балаларына сыйлық таратуды үрдіске айналдырған. Сонымен қатар, олар сәуір айында өткізілген «Бір тал кессең, он тал ек» атты акциясына орай балабақша ауласын абаттандыруға, көгалдандыруға да белсенділікпен атсалысты.
Егеменді еліміздің тірегі – білімді ұрпақ екені баршамызға мәлім. Сусыз, құрғақ, таса, көлеңке жерге дән ексең өнбейтіні сияқты, жас ұрпақты тәрбиелемесек өспейді, өнбейді. Сондықтан да «Менің Отаным - Қазақстан» деп ойлайтын, жүрегі «Елім, жерім» деп соғатын азамат тәрбиелеу – бәріміздің міндетіміз - деп түсінемін.
В заключении доклада из своего опыта работы хочу пожелать всем здоровья и успехов в работе!
In conclusion I want to wish health and success for everyone!
Өз іс-тәжірибемнен алынған қысқаша баяндамамды аяқтай отырып, баршаңызға денсаулық, істеріңізге сәттілік тілеймін!