
- 20 шіл. 2025 11:01
- 29
Саясаттанушы Ерік Ілиясов: "Қоғамда шынайылық жоқ, ал сот процесі – формализм мен жасандылыққа толы"
Саясаттанушы Ерік Ілиясов: "Қоғамда шынайылық жоқ, ал сот процесі – формализм мен жасандылыққа толы"
Тәуелсіз сарапшы, саясаттанушы Ерік Ілиясов елдегі соңғы резонансты оқиғалар мен қоғамдық мәселелерге қатысты сыни пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі Қазақстан қоғамында шынайылықтан алшақ, мазмұнсыз әрі ұранға толы үрдіс белең алған.
— Елдегі жаңалықтарды бір сөзбен сипатта десе, “өтірік” дер едім. Сөзге іс, мазмұнға қисын сәйкес келмейді, — деді ол.
Сарапшы қоғамның қызу талқысына түскен Перизат Қайрат ісі бойынша да көзқарасын ашық білдіріп, бұл процеске қатысты бірқатар күмән келтірді. Оның айтуынша, бұл іс тек сыртқы әсер үшін ұйымдастырылған шоуға көбірек ұқсайды.
— Ұйқассыздық көп. Сол баяғы іске аспайтын арзан дәлелдер мен люкс заттар туралы қайталап жаза беріпті. Сот процесінің деңгейі де төмендеу. Жасандылық бірден байқалады. Қыз да, шешесі де, айналасындағылардың бәрі қазақы. Тілдерін күрмелеп, орысша әрең сөйлеп… — деді Ілиясов.
Саясаттанушы жалған диплом мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, елдегі кадрлық жүйенің әлсіздігі мен формалды критерийлер салдарынан, резюмелер мен лауазымдар арасында үлкен алшақтық пайда болған.
— Диплом туралы. Араларыңызда ондайлар көп. Мойындаңыздар! Небір түйіндемелер алдымнан өтті. Екінің бірі Гарвард, Женева т.б. Қашан оқып үлгергендерін байқамайсың, — дейді сарапшы.
Ілиясов бұған дейін де күмән тудырған қоғамдық қорларға қатысты пікірін қайталап, олардың қызметін тиісті бақылау болмағанын сынады.
— Қоғамдық қор жөнінде былтыр наурыз айында жазып едім ғой. Ойыншық емес деп. Егер айыптаулардың бәрі рас болса, бұл үкіметке, басшыларға, жарнамасын жасаған бүкіл телеарнаға сын. “Clearance, monitoring” деген нәрселер бар. Қоғамдық ұйым, грант, ақша деген ұғымдардың қасында бірге жүреді. Мысалы, ірі банк ақша беріп, онлайн платформа жасап беріп, қайда қарап отырған? — деді ол.
Оның пікірінше, Перизат Қайрат ісі қоғам үшін үлкен сабақ болуға тиіс. Адамдар енді тек басшылыққа ғана емес, айналасындағы адамдарға да сыни көзбен қарай бастайды.
— Перизат Қайрат ісіне рақмет. Біраз адамның көзін ашты. Енді әркім бастығына, айналасына, ал бастықтар қарамағындағыларына абайлап қарап жүреді, — деп қорытындылады Ілиясов.
Саясаттанушы өткен жылдың кейбір оқиғаларын қайта қарап шыққанда, көптеген нәрсенің бүгінгі күні әлдеқайда ашық әрі анық көріне бастағанын да атап өтті.