Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Сары бел (І нұсқа)

Бір ауылда жасы тоқсаннан асқан бір қария болыпты. Ауыл адамдары бұл қарияны қадір тұтып, үнемі алдына барып аман- сәлем жасап, амандық сұрап тұрады екен.

Бір жолы ауыл ағалары барып көңілін сұрап:

— Ақсақал, хал-жайыңыз қалай? — дегенде, төсегінде жантайып жатқан ол басын көтеріп:

— Е, қарғаларым-ай,
Кәрілік келіп қалды кезіменен,
Қарайды келін жаман көзіменен.
Қолындағы көсеумен ұрмаса да,
Ұрғандай боп кетеді сөзіменен, — депті де, төсегінің іргесінде сүйеулі тұрған домбырасын алып:

— Жастықтың жалыны қайтқан, кәріліктің қарымы батқан, сарғайып сары белде отырғаным. Ал тыңдаңдар, — депті де домбырасынан бір түрлі мұңлы, күмбірлі күй төгіпті. Сонан «Сары бел» атты күй тарапты.

Бұл күйді кей білетіндер отарбай Дүйсекеұлының қартайғанда шығарған күйі деседі.


Жаңалықтар

Жарнама