
Otyrar.kz
- 30 сәу. 2025 22:11
- 27
Шымкентте интернет-кабель тарту жұмыстары газ апатына ұласты
Шымкенттегі Самал-3 шағынауданында интернет желісін жүргізу кезінде үлкен апат орын алды. 30 сәуір күні жүргізілген көлденең бұрғылау барысында жер астындағы орта қысымды газ құбыры зақымданып, салдарынан 2800-ден астам үй мен 15 әлеуметтік нысан көгілдір отыннан ажырады.
Апат туралы дабыл түсе сала сағат 13:01-де оқиға орнына жеткен авариялық бригада "ALTA" ЖШС мамандарының жүргізген бұрғылау жұмыстары кезінде полиэтилен құбырдың бүлінгенін анықтады. Қауіпті жағдайдың алдын алу мақсатында "Самал-3" газ тарату пунктінің алдындағы 150 мм диаметрлі задвижка жабылып, газдың таралуы дереу тоқтатылды. Мамандар 50 метр радиуста газдың қауіпті деңгейде шоғырланбағанын мәлімдеді.
Зақымданған газ құбыры Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қарамағында екені белгілі болды. Қазір апаттың салдары жойылып, жағдай тұрақтандырылған соң ғана газ беру қайта іске қосылады. Қосымша мәлімет газ қосу уақытына қарай хабарланатын болады. Осы орайда мамандар тұрғындарға қауіпсіздік үшін газ құрылғыларындағы шүмектерді жабуды ескертті.
Оқиға орнында тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Абай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері де жұмыс атқаруда.