Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 сағат бұрын)
Шымкентте университет қаржысын жымқыру ісі әшкереленді

Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мәлімдеді.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер қатарында университет ректорының міндетін атқарушы, қаржы және әкімшілік департаменттерінің директорлары мен бірқатар мердігер ұйым басшылары бар.

Университет пен мердігер компаниялар арасында жалпы сомасы 256 миллион теңгеге жалған келісімшарттар жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары мен түрлі қызметтер көрсету туралы құжаттар рәсімделген. Алайда жұмыстар мүлде орындалмаған. Жалған актілер арқылы бюджет қаражаты аффилиирленген мердігерлердің шотына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Тергеу барысында күдіктілердің қылмыстық табысқа сатып алған мүліктері де анықталды. Олардың қатарында Mercedes-Benz S-класс, Lexus LX570 маркалы алты қымбат көлік пен Шымкент қаласының орталығындағы элиталық коттедж бар. Жалпы құны 254 миллион теңгеге бағаланған бұл мүліктерге сот санкциясымен тыйым салынды.

Төрт күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үй қамаққа алу туралы шешім қабылданды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама