Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Шымкенттегі сотта Берденовке оқ атылған сәттің бейнежазбасы көрсетілді

Бүгін Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарсы қарулы шабуыл ісі бойынша тыңдалым жалғасты. Сотта әкімдік ғимараты алдындағы оқиғаға қатысты бейнебақылау жазбалары ұсынылды.

Тергеу дерегінше, шабуыл 21 сәуір күні кешкі сағат 21:00 шамасында орын алған. Камера жазбаларында Руслан Берденовтің әкімдік ғимаратынан шығып, телефонына үңілген күйі қызметтік көлікке бет алғаны көрінеді. Дәл осы сәтте «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің бұрынғы директоры, 31 жастағы Ернар Жиембай көліктің жанынан жүгіріп шығып, бірнеше рет оқ атқан. Айыпталушы барлығы бес рет қару қолданған, алайда кадрлардан оқтың нақты тигені немесе тимегені анық байқалмайды.

Видеода Берденовтің көлікті айналып қашқаны, ал Жиембайдың соңынан қуып оқ атқаны көрінеді. Бірнеше секундтан кейін әкім орынбасарының жүргізушісі көлікпен келіп, айыпталушыны қағып өткен. Сол сәтте Берденов те жерге құлаған. Жүргізуші Жиембайды ғимарат жаққа итергенде оның қолында қару болмағаны байқалады. Кейін тағы бір адам келіп, айыпталушыны жерге құлатып, қолын қайырады.

Оқиға орнына әкімдік қызметкерлері жүгіріп шыққан соң, Жиембайды полиция ұстап әкеткен. Ол Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» және «Қылмысқа дайындалу мен қылмысқа оқталу» баптары бойынша айыпталуда.

Бұл іс сот өндірісіне 22 шілдеде қабылданып, басты тыңдалым 6 тамызда басталған. Бүгінгі — екінші сот отырысында куәгерлерден жауап алынып, бейнежазбалар зерделенді.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама