Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 14 сағат бұрын)
Сырғалы

Жылда көктемде біздің аулаға қос қараторғай ұшып келеді. Келген бетте биікте тұрған ұясына кіріп, қыста шымшықтар салған қауырсындар мен шөп-шаламды тазалай бастайды.

— Бұлар былтырғы торғайлар ма, жоқ басқа ма? — деп сұрады балалар бірде. Мен сасқалақтап қалдым да:

— Былтырғылар шығар, — дей салдым. Өзім де анық білмейтінмін. Сондықтан бір күні ұябасарын ұстап алып, аяғына сырға салып жібердік. Сырғалы торғай балапан шығарып, бір топ болып күзде жылы жаққа ұшып кетті. Көктем шыға бір күні балалар үйге жүгіріп кірді.

— Алақай, қараторғайларымыз қайтып оралды.

— Сырғалысы бар ма?

— Бар, көріңізші, әне, жалтырап жүр.

Қуанышымда шек жоқ. Дәнді мол төгіп күтіп жатырмыз. Өз ұясына келген қараторғайлар рахаттанып сайрап жіберді. Ауладан жыл құсының даусын есту қандай жақсы!  Кішкентай балалар қараторғайларды тамашалап, күншуақта ұзақ отыратын болды. Құстармен достасып кетті.

Сырғалы балапандарын ұшырғанда күз түсті. Жаңбыр жиі болып тұр. Кейде қар араласып жауады. Оңтүстікке қа­рай қоңыр бұлттар жөңкіп өтіп жатыр. Қараторғайлар ұзақ-ұзақ шарлап қайтады. Бір күні Сырғалы өз тобында болмай шықты. Торғайлар сымның бойында тізіліп отырып алды. Қатты абыржулы. Ата торғай шырылдап ұшып жүр. Шатырдың ернеуіне қонып, одан ішке кірді. Қайта шықты.

Шатыр астында Сырғалы бір қанатын салбыратып бүрісіп отыр. Топшысы сыныпты, тегі мысықтың тырнағынан босанған сияқты. Қалай ғана құтыла алды екен? Оны біз үйге келгенде білдік. Бір көзі ағып түскен сары ала мысық пештің сыртынан табылды. Ұябасар өз өмірін ерлікпен қорғап қалыпты. Бірақ оңтүстікке қайтуы қиын болған. Жем мен су қойдық, сырттан басқалары кіріп шығады. Біз де бақылап жүрміз.

Қыс әбден тақалды. Құстар жылы жаққа әлдеқашан ұшып кеткен. Бір күні топтасып ұзақ отырды. Шатырды айналып шықылықтап ұшады. Сырғалының даусы естілсе, жапа-тармағай қайта қонады.

— Тастап кетуге қимай жүр, — деді кішкене Алтын жыламсырап.

— Сен апаңды жақсы көресің бе?

— Жақсы көрем, мен оны ешқашанда тастап кетпес едім, — деді.

Торғайлар әлі айналып жүр. Бір сәтте топталып алып оңтүстікке қарай шалқи жөнелді.

— Шиқ-шиқ! — деді Сырғалы ұзын ұмсығын көтеріп. Бірақ торғайлар енді қайырылмады. Бұлтты аспанға сіңіп көрінбей барады.

— Шиқ-шиқ! — деді Сырғалы тағы да.

— Кетті! — деп, Алтын жылап жіберді.

Мүгедек торғай қатал тағдырына мойын ұсынып, бүрісіп отыр.

Біз балалармен ақылдасып, мамық салған қараторғай ұясын шатырға апардық. Сырғалыны мәпелеп күттік. Ең суық айлар келді. Жылы ұяға жайғасып алған Сырғалыға суық та кәр қыла алмады. Қауырсындары тіріліп, оңала бастады.

Күндер өтті, ауа райы жылына берді. Ақыры көп күттірген көктем де келді. Қар еріп, алғашқы жібек сағым толқыды. Оңтүстіктен жылы жел есіп тұр. Сырғалы істік тұмсығын көтеріп, қанаттарын қағып-қағып жіберді де, тамағы бүлкілдеп сайрап кетті.

Ол көктемнің рахаты мен адамдардың асқан рақымшылығын дамылсыз жырлай берді, жырлай берді…


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама