Теңіз тыншымайды
Теңіз шіркіннің мінезіне түсіне қою да қиын. Айдын төсіне шығып алып асыр салсаң да, мыңқ етпей сұлық түсіп жататын кезі болады. Сонда айналаның бәрі көгілдір түске боялып, аспан мен жер астасып кеткендей көрінеді. Осынау шақта рахат тыныштыққа орана түскің келер еді. Бейқам тіршілік, қаперсіз тыныштыққа құныға түсер едің. Бірақ теңіз дегенің, өмір жарықтықтың өзі сияқты, аумалы-төкпелі келеді. Күні кеше есіңді ала еркелетіп, бар мархабатымен мәпелесе, ертесіне бұлан-талан болып қатер зынданына бір-ақ тастап жіберердей, сілкілеп алады. Ол сенің өткендегі жақсылық-жайсаңдығыңа қарамайды. Адам — баласының жақсыға да, жаманға да тез бой ұсынып кететінін сезетіндей, оқта-текте «тәубәға» келтіріп алатыны тәрізді. Бұл жолы да балықшыларды олай-бұлай оралуға келтірмей қатер құшағына алып кете барады. Үш күнгі үскірік аяздан кейін арқаға шығып алған ызғырық жел сең үстінде онсыз да улап-шулап балықшылардың тіршілік өмірден үмітін біржола үзіп тынайын дегендей кешке қарай екілене соқты. Екі үйдің аумағындай тұтас қалың мұз тереңге -сең-сең мұз бен ақбурыл толқындар арпалысып жатқан теңіз ортасына қарай жылыстай берді. Отырарға да, тұрарға да білмей сең үстінде сенделген жиырма шақты балықшының арасында 3-4 әйел де көрінеді. Жылап-сықтап, қатерлі желдің арыны үдеген сайын дауыс ете бастаған оларға:
— Қойыңдар, түге! Жылағанда біреу келеді дейсіңдер ме?! — деп орта бойлы, сом денелі, жасы отыздар шамасындағы бригадир жігіт жекіріп тастады.
— Иә, қойыңдар, шырақтарым. Бір реті болар. Түтеген оқ астында азаматтарың да жүр ғой. Сабыр еткен жөн...
Осылардың ішіндегі ересектеуі Жұмағали басу айтқан болды. Әйелдер алдында сыр бермеуге тырысқанмен, жігіттердің де теңіз аңғарының ызғырығымен қарақошқылданып кеткен жүздерінен үрей дағдарысы сезілгендей. Әзірге тамақ жеткілікті. Бір жұмаға болмағанмен 3-4 күнге жетіп қалуы мүмкін. Тек отын жағы қинамаса... деп ойлады Фазыл.
Теңізден ақбалық аулауға шыққан ақаншылар 7-8 құлаш тереңдікте, сонау Шағала көсе тұсында тұрған-ды Жел түнде көтерілді. Шарт-сұрт шатынап сынған теңіз қаймағы үрдіс қопарылып, әй-шәйға қаратпай, быт-шыт боп кете барған. Бригада жетекшісі Фазылдың, өздері өлім мен өмірдің арасында дүлей күштің қолтығында кетіп бара жатса да, көз алдынан кетпей қойғаны — торы аттың әлегі болды. Бұларда үш ат-шана бар-ды. Сең үстінде қалғанның ертесіне қабырғадан жанай соққаң қабат-қабат мұз бұлар паналаған үлкен сеңнің сол жағын ала қатты екпінмен келіп, тең жарымына жуығын омырып кеткен. Жақындап қалған айбарлы сеңнен ығысқан жұрт өздері тұрған сеңнің екінші басына жүгіргенде, торы ат пен отын үюлі шана күмп беріп суға бірден құлады. Әрі-бері малтып жанталаса қимыл көрсеткен жануар ышқына шұрқырап, бұлар тұрған сеңге алдынғы аяқтарын салар-салмаста төбедей толқын астына көміліп қалды да, қайта көрінбей қойды. Мал да болса, жан берер жерде арпалыса қимылдап, мынау адамдардан араша сұрағандай жан түршіктіре шұрқырағанын айтсайшы... Бұларда да сол жануардан артық қазір не қауқар бар. Әйтеуір ақырғы демід үзілгенше көңілге медеу тұтатын болмашы үміт сәулесі де. Әйтпесе... Фазыл жанындағыларға ұрлана көз жүгіртіп еді. Әйелдер жағы бұлаудай болып ісіп кеткен беттерін жасырғысы келгендей, тасалай береді. Төртеуі бір шананың үстінде үрпиісіп отыр. Еркектер де мынау құтырынып тұрған теңіз әлеміндегі аспандай түнеріңкі. Бар болғаны қара темекіні қайта-қайта орап, будақтатысады.
— Оу, жігіттер, отырамыз ба түге, осылай! Әкеліңдер, ана шананың біреуін бұзайық. От жағайық. Ертең-ақ самолет пе, мотор ма — жетпес деймісің тәйірі! — деп бригадир орнынан шапшаң қимылмен қозғалды да қорбалаңдап барып әйелдер отырған шана үстінен сүймен мен балтаны алды.
— Үйінде отырғандай мәз болуын... — деп әйелдердің бірі күңк етіп еді. Фазыл естісе де, естімеген боп, шананы бұза берді. Әлгіні құлағы шалып қалған Қарабала:
— Е, үйде отырмағанда, қарап отырып аштан өлеміз бе? «Ойын күлкіден айырмасын, аяқты басқа қайырмасын» дейтін кім еді осы, Жұмеке?
Жігіттер жағының біразы мырс етіп күліп жіберді.
— Шошқа өлейін деп жатса да, қорс етерін қоймайды деп, сенің әзілің қалмайды-ау...
...Түн жарымы ауған секілді. Шәугім қазанға пісірілген ақ балық етіне тойып алған жұрт бір шананың айналасына сыймағандары о баста астарына төсеуге алып шыққан қамыс үстіне жантайыса кеткен.
— Ал жатқанға берсең маған бер деп бір атамыз аштан өлді деп еді. Қарынды толтырдық не де болса, — деп Қарабала күлдіріп алды.
Үлкен сең-сең тонды қалың киімдерінің сыртынан айқара жамылған Жұмағали мен Фазыл ғана көз ілер емес. Осындайда қай-қайдағы өткен-кеткен ойға түсері бар емес пе...
— Фазыл, сен осы қаршадайыңнан теңізге шықтың-ау деймін?
— Он екі жасымда кәсіпке ілестім. Бұл теңіз талай қатерін де, қайырымын да көрсетті емес пе!
Жігіт үндемей біраз жатты. Тереңге қарай жылыстаған сайын толқынның жүрісі күшейіп, әлсін-әлі мұздай тамшыларды құйып-құйып жібереді. Өңшең шиеттей бала-шаға ауыздарына қарап отырған бір-бір үйдің азаматы олай-пұлай бола қалса, обалдары мен де кете ме деген ой Фазылға маза бермеді.
— Өліара ғой, күннің бұзылатын сыңайы бар. Асылы жағалауға жылыстап, бірер күн аңысын аңдығанымыз жөн, - деген Жұмағалиға:
— Балық болса жақсы жүріп тұр. Күн жаумай су болып жағаға барып жатып алғанда не болады, — деп болмаған өзі еді. Жігіт екінші жағына аударылып жатты. Баяғыда әкесі Дахия мен өзіне тете ағасы Сахи үшеуі кішкене қайықпен теңізге шығып, ығыста қалғандары бар еді. Бұл онда балалау. «Ақжалдың» басында қабылдау пункті мен бірнеше дүкен ұстаған орыс қожайынға жалданып, теңіз бойындағы қазақтар күнкөріс ететін. Қарашаның орта кезі еді. Мұз қата қойған жоқ. Бұлар көбіне екі-үш қайық боп бірігіп жүреді. Шығыстан көтерілген дауыл екі тәулік бойы тынымсыз соғып, қайықшыларды аттатпай қойған. Теңіздің таудай-таудай жал толқындары қалтылдаған кішкене қайықты тамшы құрлы көрсін бе! Ақыры қайықтың біреуі көз-көре быт-шыты шыққаны, екі жігіт жүзіп келіп бұлардың қайығына іліккені, Иманқұл шалдың толқын астынан шыға алмай қалғаны әлі есінде. Әйтеуір татар дәмнің таусылмағаны болар — үшінші күні жел саябырлап, бұлар ауылға бет алған.
— Он күннен бері аулағандарың осы ма! — деп қызыл көз қожайын бұлардың азын-аулақ әкелген балығын өздеріне де, өзіне де бұйыртпай суға лақтырғаны бар...
Одан кейін жаңа өмір басталды. Комсомолға өткені, балықшылардың бүкілодақтық съезіне қатысқаны — бәрі-бәрі күні кешегідей елестеп өтті. Жігіт ауылда қалған келіншегін есіне алды. Жүрек тұсы сыздап кеткендей болды. Тым болмаса, «пәленшенің баласы еді» дейтін кішкентайлары да бола қойған жоқ еді. Ол орнынан тұрып, сипалап жүріп Қарабаланың жанынан темекі дорба мен шырпы тауып алды да, ебедейсіз қолдарымен шоқпардай қылып орап тарта бастады. Темекі тартып көрмеген ол ащы түтінге булығып, екі-үш рет шашалып қалып еді, Жұмағали оянып кетті.
— Сен дем алсаңшы, Фазыл. Мен отыра түрайын. Отырғанда да бітірер неміз бар...
Түн қараңғылығы қоюлана түсті. Дәу толқындармен қақтығысқан сең сұсты теңіздің терең ортасына қарай жылжып бара жатты.
***
Тартым басындағы балықшылар үйінде отырған он шақты адам үн-түнсіз бригадирдің аузына қарап қалыпты. Қолдарындағы газет-журналдар да сол ашылған күйінде жатыр.
— Ой, шырақтарым-ай, қайдағыны еске түсірдіңдер ғой, — деп бағанадан бергі әңгімесін кілт үзіп Фазекең жантая кетті. — Неден басталып кетіп еді өзі.
— Иә, иә, ақыры не болды енді? — деп әлгі бір суреттер көз алдынан кетпей отырған Құрмет моншақтай жылтыраған шағын көздерін Фазылға қадады.
— Е, не болғанын көріп отырған жоқсың ба? — Фазекең су түбіне кетсе, бұл әңгімені кімнен естір ең? — Балықшыларды таситын шофер Мәсәлімнің сөзіне жұрт күлісіп алды.
— Содан он сегіз тәулік дегенде осы «Пешной» аралының қарасы көрінді. Аттың біреуін сойып жеп, қамыс, шана — бәрін де отын еттік. Соңғы екі күнде екі үлкен тоңды жақтық. Ақбалықтың майына былғап жаққанда, о да біраз жан сауғалатты. Екі самолет келіп, әуелі тамақ тастады, содан шықтық қой, әйтеуір... — Фазыл сағатына қарады да, орнынан, тұра берді. — Жігіттер, уақыт болып қалды, тартымды бастайық.
Жұрт резина етіктерінің қонышын көтеріп, өзенге беттеді. Капитан Лұқпан мен моторшы Мұхиден ау шабатын моторды безек қақтырып, айдын ортасына қарай жөнеді. Ау қайырушы Айтқожа әшейінде жалғыз өзі тартып әкеле беретін ауды бұ жолы орнынан қозғай алмай қойды. Бір нәрсеге ілініп қалды ма деп, капрон арқанның ұшын білегіне орап алып тарта бергенде, әлде нендей күш су жиегіндегі тұрған оны теріс ағынды ортаға қарай дедектете жөнелген. Желсіз күндері де қазандағы судай сарқылдап жататын иірім алпамсадай жігітті құшақтап әкетердей.
— Оу, анаған не болды? — Бригадирдің көзі шалып қалды. — Өзі кетті ғой барсаңшы, түге!
Бәрі үлкен етіктерімен шалпылдатып Айтқожа кеткен жаққа қарай жүгірісті. Фазыл өзі де мол денесімен шапшаң қимылдап, жан ұшырып келеді. Айтқожа жақсы спортшы еді, бірақ шым батып кетті де, көрінбей қалды. Сасқан балықшылар жапа тармағай теріс ағынға қарай жүгірді.
— Қайтыңдар, түге! — деп ақырды бригадир. — Бәрің біржола кетейін дедіңдер ме?!
Жұмабек пен Құрмет шешініп үлгерген екен — суға қойып кетті. Сүйткенше иірімнен әріде — орта -тұстан Айтқожаның басы көрінді Абыр-сабыр шапқыласып жүрген балықшылар енді талмаусырап жағаға жеткен жігітке қарай жүгіріскен...
Құрмет пен Жұмабек айдын ортасына қарай ығып кеткен аудың басын қайырып тарта беріп еді, әл берер болмады.
— Келіңдер, мұнда келіңдер!
Бес-алты жігіт жабылып ауды тарта беріп еді, екі метрге жуық тереңдікте қыр арқасы күдірейіп, өзен астынан тау кешіп келе жатқандай, алып балық көрінді, Қағу көрмей еркін өсіп қалған жануар бір құдіретті құрыққа ілінгенін сезгендей, әрі жағалауға жақындаған сайын аңырайған танауынан шелектеп құйған ауадан демігіп қалғандай еді. Капрон ауды быт-шыт қылып, әлі де бостандықтан үміткер қортпа алып денесіне үйлесімсіз үркек қимылмен аласұра берген.
— Ау, тартсаңдаршы, ей!
— Қап, әкетеді-ау енді!
— Әне, тағы жыртты!
Резина етіктің қойны-қонышына құйған суға қарамай малмандай болып, жапырласып жатқан балықшылардын оқыс-оқыс шыққан үні су жануарын онан сайын шошытуда еді. Жағаға қағылған сүйменге арқандап, демдерін бір алған балықшылар біраз алқынысып қалған. Бригададағы ең ұзын деген Қабыл атша ырғып, балықтың үстіне мініп еді, екі аяғы сереңдеп жерге тимеді. Балық құйрығымен бір бұлқынып қалып еді, Қабыл су ортасына күмп етті.
— Тірідей тапсыру керек, әйтпесе уылдырығы сүт болып кетеді, — деп Фазыл көнелеу қоңыр қалпағын көтеріп шып-шып шыққан маңдай терін сүртті. Балық қабылдау пүнктіндегілер де алып қортпаны көргенде, таңданысып қалды.
— Фазеке, биылғы жоспарды бір балықпен-ақ орындай салайын дегенсіз ғой шамасы?!
— Мынауың көптен көрінбей жүрген дәукес еді, — десіп өлшегенше асық болды.
— Салмағы!
— Енді уылдырығын өлшеңдер!
Ішін жарып жібергенде, ірі тарыдай қап-қара мөлдір моншақтар клеенка үстіне ақтарылып қалды.
— !
— Әй, Фазыл, мынауыңды жуып кетпесең, уылдырығы ластау екен, — деп уылдырық цехының мастері Құмар қарқылдай күлді.
...Тартым басына қарай толқынмен жарысып келе жатқан мотор үстінде теңіз аңғарынан ескен кешкі самалға жүздерін тосып екеу тұр. Қара шашы желмен ойнап қабағына түсе берген ұзын бойлы балаң жігіт жанарын айдын үстіндегі бір нүктеге қадап, ой құшағында. Қатарында тұрған қоңқақ мұрынды, мығым денелі, жасы елуді алқымдап қалған орденді бригадир Фазыл Дахиев кенеп бешпетінің омырауын ағытқан күйі әлдебір көтеріңкі көңілмен күлімсіреп қояды. Оқта-текте бір қырын тұрған балаң жігіттің тұлғасына көз жүгіртеді. Күні кешегі титімдей баланың дыңдай азамат боп қалғанына қуанатын тәрізді. Өмір дегенің мынау толқындар сияқты жүйрік-ақ қой. Қарабала дүние салғанда осы Жұмабек мектепке жаңа барып жүр еді. Өткен жылы мектеп бітіріп, колхозға келгенде Фазыл өз бригадасына алған. Әкесімен талай дәмдес болып ем, өзімнің Алтынбегімнен не бөтендігі бар, баулиын, бас-көз болайын деген ойда-тын. Қазір бір балықшыдан кем емес. Мақтау да алып жүр. Кейде мінезі тұйықтау. Әлдебір ойға батып жүретін тәрізді. Өзі әп-әсем өлең жазады дейді жұрт. Қайтсе де адам болып қалды, әйтеуір. «Ат тұяғын тай басар» деген осы да...
Балаң жігіттің бар көңілі мынау алабұртып жатқан айдын төсінде. «Қыс бойы бұйығы тыныштыққа оранып, қаннен-қаперсіз жатып алатын теңіз көктемнің шуақ-саусақтары бір сипап өткенде, ұйқысы шайдай ашылып қоя береді. Үрдіс қимылдап, баяғы өзінің бірде ертсе, бірде маңғаз тәкаббар мінезіне қайта басар еді сосын. Жыртық-жыртық жағалауды баса көктеп, мынау дүниеде өздерінен өзге күшті жоқтай, ақ көбік атып аласұрған толқындар өршелене аспанға атып, сонсоң амалсыз бірін бірі қуалай қуып теңіз ортасына қарай жөңкіле жөнеледі. Сол шақта қарсы келгеннің қандайын болмасын бір-жола жалмап жұтып жіберердей, қаһарлы».
Жігіт көз алдындағы суретті көңілінде тізбектеп, жал-жал толқындардан жанарын аудармайды. Бір мезет бригадир жаққа көз жүгіртіп еді, оның қазіргі түр-тұлғасы мынау алапат мінезді теңіздей асқақ көрініп кетті Жұмабекке. Ақбурыл толқындармен алысып айдын төсінде қасқая қарыштаған осы бір ағаны көргенде, тентек теңіздің өзі де: «Е, өз ұлым екенсің ғой!» — дегендей момақанси қалатын тәрізді...
Тегеурінді тұмсығымен айдын төсін қақ бөліп алға ұмтылған мотор тартым басына жақындаған сайын ақбас толқындарды түйдек-түйдек бұрқ еткізіп ағысқа қарсы еркін самғап барады. Ал кәрі теңіз баяғы адуын мінезінен танбай дөңбекши түседі. Тегі теңіз де, теңіз мінезді жандар да тыныштық тілемейтін тәрізді.
1966
Балықшы ауданы