Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 59 минут бұрын)
Түркістандағы мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үй тұрғындарын әбігерге салды

Түркістан қаласындағы көпқабатты үйдің тұрғындары үйлерінің жағдайына қатты ашулы. Бес жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша алған пәтерлеріндегі апатты жағдай оларды әбден шаршатыпты. Төбесінен су ағып, жертөлесі суға толып, қабырғалары зеңдеп кеткен үйлерде өмір сүру «тірідей азап» екенін айтады.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Тірідей азап»: Тұрғындардың шағымы

Түркістанның жаңа ауданында салынған бұл тұрғын үй кешенінде проблемалар үй салынғаннан кейін бірден басталған. Жаңбыр жауса, төбесінен су ағып, тіпті оған шығудың өзі қауіпті екенін айтады тұрғындар. Жертөледегі су мен подъездегі тозығы жеткен электр сымдары да алаңдаушылық тудыруда. Сырост пен суықтан пәтер қабырғалары зеңдеп, сылақтары қабыршақтанып түсуде.

«Бес жыл да болған жоқ, әлі күнге дейін су ағып тұр. Әр жаңбырдан қорқамыз, өйткені үйде отыру мүмкін емес! Біз жұмыста болғанда балалар үйге қоңырау шалып: «Мама, су тамшылап тұр! Мама, су ағып жатыр!» дейді. Бәрін тастап, суды жинауға жүгіруге мәжбүрміз», - дейді үй иелерінің бірі.

Тұрғындар мен мердігер арасындағы дау

Жоғарыдан ғана емес, төменнен де су ағып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, құбырлардың дұрыс орналастырылмауынан жертөле үнемі суға толып, жағымсыз иіс шығады. Соңғы бес жылда алты рет құбырларды ауыстыруға тура келген. Әр екі ай сайын иістен арылу үшін дезинфекция жасауға мәжбүр.

«Біз компаниямен соттастық. Екі жыл сотта жүрдік! Жеңдік. Олар бәрін жасаймыз деп уәде берді, бірақ еш нәтиже болмады. Не істесек те, қайда жүгінсек те, бәрібір! Тек уәделер, әрекет жоқ!», - дейді қала тұрғындарының бірі.

Тұрғындар құрылысшылар мен үйді қабылдаған шенеуніктерді бірнеше рет шақырғанымен, мердігер әлі келмеген. Билік өкілдері тек мәселені шешуге уәде беріп жүр.

Құрылыс басқармасының жауабы

Қалалық құрылыс бөлімінің басшысының орынбасары Дәурен Мәуленовтің айтуынша, кепілдік мерзімі аяқталғанымен, шатыр мен фасад сияқты конструкциялық элементтерді ауыстыру қажет. Заң бойынша мердігерге хабарланып, жұмыстарды орындау міндеттелген. Ол сондай-ақ, үйдің сапасы 5-10 жылда өзгермейтінін, амортизация мен дұрыс пайдаланбау салдарынан тозу болатынын атап өтті.

Егер мердігердің кінәсі анықталса, жұмыстар оның есебінен жүргізілетінін айтты ол.

Алайда, бұл уәделерді жергілікті билік тарапынан тұрғындар бұған дейін де естіген. Сондықтан олар сапасыз құрылыс мәселесін шешуге қауқары бар басқа органдардың араласуын сұрауда.

Жаңалықтар

Жарнама