Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 12 сағат бұрын)
Ұлы мәртебе

Бүгін елу сегізінші жылдың он екінші декабрьінде Москвада қазақ көркемөнер мен әдебиетінің онкүндігі басталмақ. Еліміздің жасы жас та болса егделермен жарыса өсіп келе жатқан көркемөнері мен әдебиеті сынға түскелі тұр. Ескі қорымыз шағын, Октябрьден кейін ғана қатарға қосылған жаңа түлек елміз. Совет жерінде жаңалар өсіп, ескілер өше беретіні, әр ұлттың, әр халықтың жасампаз қуаты арта беретіні белгілі. Сөз жоқ, біз де өстік, күшейдік. Бірақ қай дәрежеде? Осыны білу қажет. Қазақтың өнерпаз ұлдары мен қыздары Москваға, ол арқылы жер жүзіне халықтың игі табыстарын мақтана көрсетумен қатар, бұдан да жоғары көретін ойлар алып қайтуға тиісті.

Бүгін таңда қолымыз неге жетсе, соған жеткізген Москва. Москва дегенді алдымен орыс халқы, оның данышпан ұлы Ленин, лениндік Орталық Комитет, көп ұлттың өкілдерінен құрылған Совет үкіметі есте тұрады. Москва — басшы, қамқоршы, көмекші ғана емес, сонымен қабат әділ сыншы.

Қазір қазақ халқы, бүкіл республикамыз лүпілдеген жүрекпен Москваға құлақ тосуда. Қазір совет жерінде күллі радио, телевидение, баспасөз Москвадағы қазақ үнін бүкіл дүниеге жаюда. Қандай қуаныш! Қандай ұлы мәртебе!

Миллиондардың бұл назарына қазақ көркемөнері мен әдебиеті, оның қайраткерлері абыройлы өткей-ақ, мерейі үстем болғай-ақ.

1958


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама