
- 30 сәу. 2025 10:51
- 24
Ұлттық қорды басқарудың тиімділігі талқыланды
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары Ұлттық қор қаражатын басқару тиімділігі тақырыбында мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесу өткізді.
Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов отырысты аша отырып, Ұлттық қор қаржысын тиімді басқару — тұрақты экономикалық өсуді, әлеуметтік тұрақтылықты және болашақ ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз етудің маңызды шарты екенін атап өтті.
– Біздің экономикамыздың тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрақты өсуді қолдау және азаматтарды әлеуметтік қорғау үшін Ұлттық қорды тиімді басқарудың маңызы зор. Бұл – жинақтарды сақтап, оларды қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне пайдалану мақсатындағы ресурс. Қорды басқару ашық әрі айқын болуы, жаһандық өзгерістерді ескеріп, еліміздің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған жауапты және ойластырылған инвестициялық саясатқа сүйенуі тиіс, – деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Кездесу барысында қор қаражатын басқарудағы өзекті мәселелер мен жетілдіру жолдары талқыланды.