Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ұйқы безі обырының алғашқы белгілері

Ұйқы безі қатерлі ісігінің нақты неден пайда болатындығы әзірге белгісіз. Бірақ обырға әкелетін бірнеше фактор бар.

Статистикаға сүйенсек, ұйқы безі обырымен 100 мың адамның ішінде тоғызы ауырады. Сырқаттанатындардың орта жасы — 68-69. Дерт ер адамдар арасында жиі кездеседі. Халықаралық статистикаға тоқталсақ, адам қартайған сайын ұйқы безі обыры болу қаупі арта түседі. Жаңа диагноздардың 97,5%-ы 45 жастан асқан адамдарға қойылады. Соның 89%-ы — 55 жастан, 66,5%-ы — 65 жастан асқандар.

Сондай-ақ ұзақ уақыттан бері темекі шегетіндер, спирттік ішімдік тұтынатындар, семіздікке шалдыққандар, жақын туысының ұйқы безінде проблема болғандар, екінші типті диабеті барлар, созылмалы панкреатитпен ауыратындар да обырдың осы түріне бейім келеді.

Әдетте ұйқы безі обырының алғашқы белгілері білінбейді немесе басқа аурулардыкіне ұқсас болып, шатастыруға болады. Егер іш немесе арқа ауырса, салмақ тез түссе, көз немесе тері сарғыш тартса, қышыса, тамаққа зауқың соқпаса, жүрек айнып, нәжістің түсі өзгерсе, панкреатит немесе диабет пайда болса — міндетті түрде тез арада дәрігерге көрініп, тексерілген жөн.

Нейроэндокриндік обырға сирек диагностика жасалады. Ол барлық рак ауруларының 7%-ы ғана болады. Дерт пайда болғанда ұйқы безі әдеттен тыс гормон бөледі. Қанда бұл гормондардың көбеюінен адамның салмағы азаяды, құсқысы келіп, әлсіздік сезінеді, терісі бөртеді.

Ұйқы безі обырының ең алғашқы белгілері

Іштің үрленуі — асцит. Іште артық сұйықтық жиналып, іседі, үрленеді. Іштің жоғары жағы немесе арқа ауырады. Бұл ісіктің үлкейіп сол жердегі нерв талшықтарына немесе жақын маңдағы басқа органдарға қысым түсуден пайда болады.

Тәбеттің болмауы, асқазанның қорытпауы, құсқысы келу — бұлар ұйқы безі обырына тән белгілер. Ісік асқазанды немесе аш ішектің басын қысқан кезде пайда болады. Мұндайда ішкен ас асқазанда қалып, адамды құстырады. Асқорыту ұйқы безінің фермент жүретін жолы бітелгенде де бұзылады.

Тері мен көздің сарғыш тартуы — өт компоненті билирубиннің қан құрамында артуы. Ұйқы безінің басындағы ісік өт жолын жауып, өттің аш ішекке түсуіне мүмкіндік бермеуінен болады. Салдарынан билирубин мөлшері артады. Сары ауру пайда болғанда адамның денесі де қышуы мүмкін. Зәрі қарайып, нәжісі ағарады.

Ұйқы безі обырының тағы бір белгісі — диарея немесе іш қату. Ішекте ұйқы безі ферменттерінің жеткілікті деңгейде болмауы диареяға әкеледі, яғни тамақ дұрыс қорытылмай, бірден асқорыту жолы арқылы өтеді. Ал ауруды басу үшін ауыртпайтын дәрі ішетіндердің іші қатуы мүмкін. Бұл препараттар астың ішек арқылы өтуін баяулатады. Ас қорыту жүйесі баяу жұмыс істегенде нәжіс қатайып, дәрет алу қиындайды.

Тез салмақ жоғалту немесе обыр кахексиясы. Мұндайда ағзадағы калорий әдеттегіден тез бітіп, бұлшықетті бұзады, тәбетті азайтады. Ауырған адам тәбетінің белгілі бір тағамдарға ғана тартатынын байқайды.

Обыр адам қанын өзгертеді, тромбтар пайда болуы мүмкін. Ұйыған қан байқалмай, кейде белгілері де көрінбейді. Бірақ ол ісікпен, зақымданған органның ауруымен байланысты келеді.

Ұйқы безі обырын анықтау үшін қандай тексерістерден өткен жөн?

Обырды бастапқы сатысында анықтау қиын, сондықтан бұл диагностиканы қиындатады. Әдеттегі зерттеулермен бірге ультрадыбыстық сканерлеуден өткен дұрыс. Бұл тәсіл ауыртпайды, жоғарыжиілікті дыбыстық толқындар қолданылады. Бірақ кейде ракты көрсетпеуі мүмкін.

Компьютерлік томография рентген түсірілімдері арқылы ішкі құрылыстың бейнесін береді. Дәрігер ол арқылы қандай да бір ауытқушылықты байқай алады, ісіктің өлшемін көреді.

Магнитті-резонансты томография да органның бейнесін береді, бірақ мұнда күшті магнитті және радиотолқындар қолданылады. Дәрігер бұл түсірілім арқылы метастаза бар-жоғын көреді.

Позитронды-эмиссионды томография обырдың қай жерде орналасқанын және оның денеге таралған-таралмағанын көрсетеді.

Эндоскопты-ретроградты холангиопанкреатография тері сарғыш тартқан жағдайда пластик түтікше немесе стент өт жолына жіберіледі.

Лапароскопия — хирургиялық тәсіл. Құрсақ қуысына кішкентай тілік жасалып, сол арқылы лапароскоп — жіңішке иілгіш микроскоп ішке енгізіледі. Бұл әдіс арқылы хирург обырды кесіп алып тастамас бұрын, оның жан-жағына таралмағанын көреді.

Ал биопсия жасау арқылы тін алынып, оның қатерлі ісік немес жоқтығы анықталады.

Қалай емделеді?

Басқа обырлар секілді. Үш негізгі емі бар: операция, химиотерапия және сәулелі терапия.

Оқуға кеңес береміз:

Ұйқы безінің қабынуы неден болады?

Жіті панкреатит – ұйқы безінің қауіпті сырқаты


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама