
- 21 там. 2025 09:46
- 19
Абай облысындағы қасірет: аулада ойнап жүрген балаларды көлік қақты
Абай облысының Бестерек ауылында тұрғындардың қабырғасын қайыстырған қайғылы жағдай болды. Марқұмдардың туыстарының айтуынша, 55 жастағы жүргізуші тізгіндеген көлік жол жиегінен шығып, үйдің қақпасын соғып, аулада ойнап жүрген алты баланы басып өткен.
Алдымен қақпа жанында тұрған қызды қағып кеткен. Артынша темір қақпаны соққан көлік ауладағы балаларды қысып қалдырған. Екі бала дөңгелек пен қақпа арасына қыстырылып, ауыр жарақат алған. Жүк тиегіштің көмегімен ғана оларды көліктің астынан алып шыққан.
Өкінішке қарай, бір ұл мен қыз оқиға орнында көз жұмды, тағы бір қыз жедел жәрдем көлігінде жан тапсырды. Қалғандары түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Көршілер зардап шеккендерге жәрдемдесіп, балаларды ауруханаға және мәйітханаға жеткізуге көмектескен.
Қайғылы оқиғаға себепкер болған жүргізуші — осы ауылдың тұрғыны. Оның балалары әкесінің 20 жылдық тәжірибесі бар автобус жүргізушісі екенін, ішімдік те, есірткі де пайдаланбайтынын айтады.
Қазір жүргізуші қамауға алынды. Полиция қылмыстық іс қозғап, жол апатының себеп-салдарын анықтап жатыр.