- 19 мау. 2020 00:00
- 200
Абылай туралы (ІV нұсқа)
Абылайдың аты Әбілмансұр еді. Әкесі қызылбастың ханы еді. Әбілмансұр бес жасқа келгенде әкесі өледі. Хан өлген соң орда иесіз қалады. Әбілмансұр мұрасынан айрылып, сырт елге қаңғырып кетеді.
Үш жүздің ішіне келіп үйсін Төле бидің түйесін бағады. Сұраған жанға: «Атым Сабалақ» дейді. одан да шығып Қызылжар бойындағы атығай қарауылға келіп Дәулеткелді деген бидің жылқысын баққан екен. Дәулеткелді бидің бәйбішесі айтады:
— Мынау Сабалақты жалшыдай көрмеңіз, бойында бір қасиеті бар екен. Алты күн аш жүрсе де, өз қолымен ас құйып ішпейді және сарқытын кісіге береді. ыдыс сарқып ішпейді, киімін астына салып отырады. Не болмаса киімін бүркеніп барады. Ұйықтағанда түсі жап-жарық болып тұрады, шам-шырағы бар сияқты.
Бәйбішенің сөзінен кейін Сабалақтың басына жеке қос тігіп береді, күтеді.
Күндердің бір күнінде қазақтың жылқысын қалмақтың Қараспан деген батыры қол бастап кеп тік көтеріп әкетеді. Бұдан кейін қазақ «қылқұйрық» деп аттанады. Қолдың ішіндегі көрнекті батырлары мыналар болады: Қаракерей Қабанбай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Балтакерей Тұрсынбай, Сырым Малайсары, Көкжарлы Барақ батыр, Сыбызғышы Бердіқожа батыр.
Қалмақтар терең қып ор қазып, орға мергендерін отырғызыпты да олардың қасына жайнатып жасау жинап, оның қасына қыз-келіншектерді отырғызып ән салып, өлең айтқызып қойыпты. Сырды білмеген қазақ батырлары қыз-келіншектерді көріп келіп, ойнаймыз деп қасына топтанып келе берсе, ордағы мергендер атып жыға беріпті. Қазақтың көп батыры сүйтіп шығынға ұшырапты. Жекпе-жекке келгенде қалмақтың батырлары жан шыдатпай қирата береді. Сол кезде қазақ тұйыққа қамалып сасқалақтайды.
Сол кезде топтың ішінен Сабалақ (Әбілмансұр) қазақтың ханының алдына келіп:
— «Жарақтыда жан жасықпайды» деген найзалы топтан, желкілдеген тудан да азамат қала ма екен?» деп мен де келіп едім, мені жекпе жекке жіберіңіз, — деп ханнан рұқсат алып, белбеуін құрығының ұшына ту ғып тағып, шаба жөнеледі. Жекпе-жекке келген қалмақтың батырларының басын алып, ар жағындағы тобына кіріп кетеді. Кірген жерін тесік қып, шыққан жерін есік қып өтіп, тұйғынша түйіліп үш кіріп, үш шыққанда, қалмақ торғайдай тозып, іріген ірімшіктей бытырап қаша жөнеледі. Сол кезде қарап тұрған қазақтар қалмаққа лап қоя шабады. Бұл сапарда қалмақ жеңіледі. Қазақтар қайтып келді.
— «Қой асығын қолыңа жақса, сақа қой, жасы кіші деме, ақылы асса, аға қой» деген еді. Мынау Сабалақтың заты белгісіз болса да, бақыты артық болды. Түбінде елді жаудан қорғауға жарайды екен, ханым, — дейді. Бөгенбайдың сөзінен кейін халық бір ауыздан хан сайлап, қатын әпереді. Абылайдың хан сайлаған жері Атығай Есенаман деген байдың ауылы еді. осы Көкшетаудың төсінде еді.