Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Абылайдың тұтқында болуы (І нұсқа)

Қалмақ елі етек-жеңін жинағаннан кейін, Шарыш сынды батырды өлтіріп, елін үлкен күйзеліске ұшыратқан Абылайды іздеді. Ұзақ уақыт іздеп, ақырында Ұлытау қобылары арасында қапылыста, ұйқыда жатқан кезінде Абылайды ұстап, Ғалдан ханға тапсырды.

Қазақ елі қалмаққа бірнеше рет игі жақсыларын жіберіп, Абылайды босатып ала алмайды. Россия патшасы Екатеринаға айтып, көмектесуін өтінеді. Ол қалмаққа генерал Нефельдиев бастаған өкілдер тобын жібереді. Жолшыбай оларға қазақтың тоқсан жақсысы қосылып, Ғалданның ордасына барып түседі. Қалмақтар олардан жөн сұрамайды, құрметті қонақ ретінде күте береді. Сонымен үш ай өтеді.

Күндерде бір күн қалмақ ханы орыс, қазақ меймандарын, өзінің билері мен батырларын, басқа да игі жақсыларын хан майданға жинайды. Ғалдан Церен тұтқындағы Абылайды өз құзырына алдырып, жиналған жұртқа оны жазалағалы отырғанын жариялайды.

— Мен сені үш елдің мына жақсылары алдында жазалауға әмір еттім, — деді ол Абылайға, — жалғыз аяулы жиенім, бас уәзірімнің баласы, бүкіл қалмақ елінің ардақты батыры Шарыштың орнына өлесің. Арманың не?

Хан сөзін аяқтасымен Абылай ақырғы сөз сұрады. Рұқсат етілді.

— Үш арманым бар, тақсыр, — деп бастады ол, — бірінші арманым: мен Шарыш батырды қалмақ пен қазақтың хан майданында өлтірдім. Ал сіз мені ұйқыда жатқан жерімде ұстап алып, өлтіргелі отырсыз. Хан майданда алысып, күші басым адамның қолынан өлмегеніме өкініштімін. Екінші: қазақ елі бытыраңқы, көшіп-қонып жүрген ел еді. Жоғары атаққа ие болған күндерімде сол елді отырықшыландырып, ортасына мәдениет ұрығын өсіруді арман етіп едім. Сол арманыма жете алмадым. үшінші арманым: Абылай батырдың жұрағатымын. Сол әулеттен жалғызбын, әлі үйленгенім жоқ. «Егер қазір өліп кетсем, Абылайдан бергі төрт ата дүниеге келмегендей болады-ау!» деп уайымдаймын.

Ғалдан жанындағы уәзірлеріне:

— Мынаның айтқандары дұрыс, бәрі де орынды сөздер. Әсіресе, үшінші арманы менің жүрегімді қобалжытты. Мен де төрт атадан жалғызбын. Әмір Санам олай-бұлай болып кетсе, менің де төрт атам дүниеге келмегендей болады ғой.

Бұл сөзді естіді де, Абылай орнынан атып тұрып:

— Алдияр, тақсыр, — деді.

— Неге алдиярлайсың, мен сені жазадан құтқарғаным жоқ, — деді Ғалдан хан.

— Жалғыз балаңыз Әмір Санаға теңегеніңіз, босатқаныңыз емес пе, тақсыр! — деп басын иді Абылай.

Әңгіме осымен аяқталды. Ғалдан хан Абылайдың күнәсін кешіріп, Әмір Санамен екеуін дос қылды да, хан тұқымынан бір қыз берді, оны «күндебау» (үзілмес достық) деп атады. Осы қыздан Қасым туды. Абылайды сұрағалы келген орыс, қазақ өкілдеріне үлкен сыйлық беріп қайтарды.

* * *

Қалмақтардың қолында тұтқында болған күндерінің бірінде Абылайды Ғалдан Церен өз құзырына шақырып алып әңгімелесті, көбінесе қазақ елінің шаруашылық, тұрмыстық жайын сұрады.

— Еліңде қой көп бола ма? — деген сұраққа Абылай:

— Көп болады, тақсыр! — десе:

— Олай болса «қой — ұры, қойшы — өтірікші» дейтін еді, еліңнің ұсақ ұрлық, жанжалы жуырда тиыла қоймас, — депті Ғалдан.

— Еліңде қара мал көп бола ма? — деген сұраққа да:

— Көп болады, тақсыр! — деп жауап беріпті Абылай.

— Қара мал көп болса, еңбексіз ет жеп, сүт ішкен елдің баласы ақымақ туады десеңші! — деген екен хан.

— Қазақ елі егін шаруашылығымен айналыса ма? — деп сұрақ қояды Ғалдан. Абылай бұл сұраққа да бұрмаламай, тура жауап қайтарады:

— Еліміз көшпелі ел, соған байланысты егіншілік кәсібімен шұғылданбайды, — дейді.

— Ендеше, жер емшегін ембеген ел әлі де талай аударылып, төңкерілер, — деп қорытады Ғалдан.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама