Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Абылайдың қамал бұзған жері (V нұсқа)

Абылай хан 12 жасында қасында Оразалық деген сарт бар екен. Түркістан шаһарына келіп Әбілмәмбет патшаға келіп қызмет қылады. Онда орнығып тұра алмай, ұлы жүз үйсін Төле бидің түйесін бағады. Онда да байырлап тұра алмай, Сарыарқаға шығып атығай-қарауылдың ішіне келіп, Дәулеткелді байдың түйесін бағыпты.

— Атың кім? — деп сұрағанда,

— Атым — Сабалақ, — дейді екен.

Бәйбішесіне айтыпты:

— Өзге малшыдай көрмей, мұны күте гөр! Осы Сабалақ анық сарт емес, анау Оразалық сарт болса, болар, көзі алақандай, табаны түйенің табанындай жап-жалпақ, көзіне не көрінсе соны ішіп-жеп, аузынан суы ағып, ессіз-түссіз болып отыра береді. Мынау Сабалақтың еш нәрсемен ісі жоқ, ойлағаны ақыл-ой, езу тартып күлмейді. Қабағын шытып келмейді. Алты күн, алты түн аш жүрсе де, өз қолымен қойып ас ішпейді. Жарты аяқ ас ішсе, сарқытын кісіге бермей көңілі көншімейді. Жерге бір отырмайды. Дәнеме табылмаса, ен далада киімін шешіп астына салып отырады. Ұйықтап жатқанда үсті жап-жарық болып тұрады. Сыйлап ұстай гөр, қасиеті болып, бір нәрсеге ұшырап қалып жүрмейік, — дейді екен.

Сол уақытта қазақтың жылқысын түп көтере қара қалмақ ханы Сыбан деген жау алыпты. Қазақ елінің батырлары түгел аттанды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Көкжарлы көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары, керей уақтан Сары, Баян бәрі аттанып қалмаққа барса, қалмақ шеп құрып, айналасын қорған қылып, шептің айналасына жайнатып жасау төгіп, қыз-келіншек қойып, қазақтың батырлары жасауға қызығып шапса, ар жағындағы бұғып жатқан мергендер атып тастай беріпті. Қалмақ қазаққа алдырмапты. Неше күн қамалып жатса да, қалмақтан жылқысын айыра алмай, салы суға кетіп, қайтпақшы болыпты.

Сонда жылқының соңынан қалмақты бірге қуысқан Сабалақ та бар екен. Қазақтың қайтуына көзі жеткен соң, көптен оңаша шығып атынан түсіп, шүберек белбеуін құрығының басына байлап ту қылып, қалмақтың қамалына «Абылай, Абылай!» деп айғайлап жалғыз барып кіріп кетіпті дейді. Кірген жерін есік, шыққан жерін тесік қылып жападан жалғыз қалмақтың қамалын бұзып тастаған соң, қазақтың батырлары тұс -тұстан кіріп кетті. Қалмақты жесір-жебір қылып шауып, шаншып, талап, шашетегінен олжаға қарқ болып қайтысыпты.

Жауды жеңіп көңілдері тынған соң, арғын, найманның батырлары:

— Кеше бізден айтылмаған әруақ, шақырылмаған ұран қалған жоқ. Бәрі де дәнемеге жармады. Өзі жалғыз болса да, бәрімізден бақ-талайы жоғары, әруағы күшті екен. Бұрынғының сөзі бар еді «қозы асығы деме, қолайыңа жақса, сақа қой» деген, осыны хан көтерейік, — деп атығай-қарауылдың ортасына алып келіп, ақ отау көтеріп, алты қатын алып беріп, ақ кигізге салып хан көтерген екен.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама