Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Бүгінгінің батырлары

Әлемдік пандемия біздің елімізді айналып өтпегені белгілі. Карантин жарияланған сәттен бастап тәртіп сақшыларына ауыр жүк артылып, келелі іс міндеттелді. Яғни, карантин кезіндегі ережелердің сақталуы, толыққанды орындалуын қадағалау жұмыстары атқарылуы тиіс болды. Осы тұрғыда, белгіленген уақыт аралығындағы құқық қорғаушылардың міндеттерін қаншалықты жоғары дәрежеде орындағанын саралап өтсек.                                        

Қажырлы еңбек пен темірдей тәртіпті талап ететін мамандықты игеріп жүрген сайыпқырандарға аталған карантин уақытында, ел тыныштығын сақтау оңай болған жоқ. Алайда мемлекетіне адал ант бергендер, өз миссияларын толықтай орындай білді. Ең алдымен жағдайға байланысты түсіндірмелер жүргізген олар, өз өмірлерін қатерге тігіп күні-түні өздеріне белгіленген посттарды күзетті. Әрбір елді мекенге кіруші мен шығушы тұлғаларды тексеру мен сақтық шараларының сақталуын қарады. Осылайша аурудың таралуына жол бермей ғана қоймай, өздерінің мамандық майталмандары екенін паш етті.

Жалпы, пандемия елге енгелі бері, полиция қызметкерлерінің 589-ы ауру жұқтырған: қазіргі уақытта олардың 419-ы жазылып, қалған 170-і ем алып жатыр. ІІМ хабарлауынша карантин уақытында блокбекеттерде 7 мың адам жұмыс жасап, адамдар көп шоғырланған жерлерде жаяу құрамдар жіберілген.

Нәтижесінде, Алматы қаласында карантин енгізілген уақыттан бері құқық бұзушылықтар едәуір азайды. Мұның тағы бір себебі – қала ішіндегі полиция бекеттерінің құрылуы болып отыр. Жоспар барысында Алматы қалалық Полиция департаменті қала әкімдігімен бірігіп, аудандардағы қылмыстық орындарды анықтаған. Белгіленген орындарға ағымдағы жылдың басында 41 бекет салынып үлгерген. Нәтижесінде, қылмыстарды тіркеу 18%-ға азайған. Карантин уақытында тек мәдени астанада ғана емес, еліміздің барлық аумағында қылмыстық оқиғалар біршама сиреген. Қостанай облысында тіпті, тәртіп бұзу фактісі 38%-ке дейін төмендеген. Қарағанды облысында зорлық-зомбылық екі есеге кеміп, қарақшылық пен тонау жеті есеге азайған. Көптеген қылмыстардың ашылу көрсеткіші жақсарған. Полицияның атқарған істері өз көрсеткіштерін жоғары деңгейде көрсетіп жатыр.

Еске сала кетсек,  Түркістан облысында оқыс оқиға орын алды. Төтенше жағдай кезіндегі  полицейлердің атқарған еңбегі тағы да ерен болды. Оларға сол аумақтағы құтқару, эвакуациялау жұмыстарын жүргізу міндеттерін орындау жүктелген болатын. Ішкі Істер Министрі – Е.Тұрғымбаев: «Полиция қызметкерлері Мақтаарал, Төле би аудандарында орын алған төтенше жағдай кезінде тәулік бойы жұмыс істеді. Су ортасында қалған көпшілікті құтқарды. Бос үйлерді күзетіп, ұрлықтың алдын алды. Қоғамдық тәртіпті қадағалады.» -деп, оларға  есеп беру жиынында алғысын білдірген болатын. Тапсырманы табандылық пен еліне деген үлкен сүйіспеншілікпен орындаған олар, елді табиғат апатынан құтқарды деуге әсте болады.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мырза айтқан ашық үкімет саясаты өз нәтижесін көрсетіп осы бағытта біраз жұмыстар жасалып жатыр. Мақсат төңірегінде қазіргі уақытта Түркістан облысының нақты 4 ауданында заманауи кеңселерде полицейлер мен арнайы мамандар тұрғындардың сауалына жауап береді. Сонымен қатар, мекемеге келіп түскен арыз-шағымдар бірден қаралып сұралған мәселе бойынша мамандарына жіберіледі. Үкңмет пен халық арасында түсініспеушілікті болдырмауға арналған бағдарлама жемісін беруде. Бір ғана Төле би ауданында 200-ден астам заң аясындағы сұрақтар қойылып, кері байланыс тез арада орнатылған. Айта кететін жайт, аталған облыста да төтенше жағдай кезінде қылмыс саны  жыл басымен салыстырғанда азайған. Мұның себебі, блок-бекеттердің жақсы жұмыс атқаруымен елдің берілген тапсырмалар мен шектеулерге деген түсіністігі болып отыр. 

Карантин режимі енгізілмей тұрып-ақ ел полицейлері халыққа өз қамқорлығын көрсетіп жүретін. Осы жолы да қалыптасқан салтты жүйесімен орындады. Құқық қызметкерлері әрдайым өз айналасына барынша мейірімділік танытады. Мысалы: 1 ай бұрын Ақтөбеде  полиция қызметкері өз қаражатымен қиналып отырған отбасының пәтерақысын төлеп берген. Бахтияр Жақыповтың адамгершілігі барлығымызға өнегелі үлгі болды. Сондай-ақ, аталмыш облыста 50-ден астам полиция қызметкері ақтөбеліктердің денсаулығын ойлап ерікті донор болған. Бұл үрдіс департаментте бұрыннан келе жатқандығы мен полицияда тұрақты донорлардың бар екеніде айтылды. Полиция бұл ісімен тәртіп сақшыларының қазіргі заманның нағыз батырлары екенін көрсетті.

Маңғыстау облысында да игі істер жалғасын тауып келеді. Облыс құқық қорғаушылары жыл сайын халықаралық отбасы күніне арнайы қайырымдылық шараларын өткізеді. Мереке қарсаңында  департаменттің жергілікті полиция  қызметі аз қамтылған отбасыларға, көп балалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар шаңырақтарға әлеуметтік көмек көрсетеді. Осындай қиын-қыстау кезде ел сақшылары отандастарға қолдау көрсетіп, қаржылық жағдайын жақсартуды көздесе керек. Бұлда полицейлердің еңбегінің бір кішігірім бөлшегі ғана. 

Жұртқа жақсылығын жасап, алғысға бөленіп жүрген осындай қаншама полиция қызметкері бар. Халықтың тыныштығын қамтамасыз ететін ел ұландары тұрғанда, уайымсыз күн кешетініміз хақ. Өтпелі кезеңде дәрігермен бірге қиындық машақатын көрген тәртіп сақшыларына алғысымыз шексіз. Өмірлерін қатерге тіккен  батырлардың отбасыларына амандық, жұмыстарына абырой берсін дейміз. Қазақстан полицейлері – бүгінгі күннің нағыз батырлары! 

Атай Шыңғыс Ақжолұлы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама