
- 09 сәу. 2025 09:15
- 92
Ақмола облысында Қалқұтан өзені арнасынан асып, алты ауылды су басты
Ақмола облысында Қалқұтан өзенінің арнасынан асуы салдарынан Астрахан ауданына қарасты алты ауылдың жолын су шайып кетті. Қазір бұл елді мекендерге тек қайықпен ғана жетуге болады.
Тасқын қаупі түнде басталған. Су деңгейінің күрт көтерілуі салдарынан өңірде төтенше жағдай жарияланып, шұғыл әрекет ету топтары жұмылдырылды. Қауіптің алдын алу мақсатында бөгеттер нығайтылып, мыңға жуық құм салынған қап төселді. Сонымен қатар 300 текше метр су сыртқа шығарылды.
Қазіргі таңда төтенше жағдай орнына 20 техника мен 70-ке жуық маман жұмылдырылған. Күштік құрылымдардың негізгі бөлігі де аймаққа жетіп, жағдайды бақылауға алуда.
Құтқарушылар 21 адамды судың құрсауынан аман-есен алып шығып, оларды қауіпсіз аймаққа көшірді. Қазіргі уақытта зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде.
Мамандар алдағы күндері су деңгейінің тағы көтерілуі мүмкін екенін ескертіп отыр. Тиісті мекемелер сақтық шараларын күшейтіп, тәулік бойы жұмыс істеуде.